9 жыл бұрынғы бастама жүзеге аспайтын болды

973

2016 жылғы наурызда ресейлік ақпарат құралдары ресми дереккөздеріне сілтеме жасап, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ортақ валютаға көшетін мерзімі анық болғаны туралы жарыса хабарлады.

9 жыл бұрынғы бастама жүзеге аспайтын болды Фото: eec.eaeunion.org

Одақ валютасы туралы әңгімеге ТМД атқарушы комитетінің Экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Андрей Кушниренконың баспасөз конференцияда жариялаған мәліметі негіз болды.

Мәскеулік шенеунік ЕАЭО елдері шамамен 2025 жылы бірыңғай валютаға көшетінін хабарлады.

"2015 жылғы наурызда Беларуссия мен Қазақстанның лидерлерімен келіссөздерден кейін Владимир Путин валюталық одақ құру мүмкіндігін талқылайтын кез жеткенін айтқан болатын. Еуразиялық одаққа қатысушылардың ортақ бағалауынша, одақтың ортақ валютасына көшу дәл қазір мүмкін емес. Бұл мәселе 2020 жылдардың ортасына қарай күн тәртібіне қойылады. Бұл 2025 жылы болады", – деді Кушниренко 2016 жылы.

Ол одақтың басты бір мақсаты капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету екеніне назар аудартты.

Соның алдында, 2014 жылғы 29 мамырда, Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық одақты құратын шартқа қол қойды. 2015 жылы оған Қырғызстан мен Армения қосылды.

Мәскеудегілер айтқан 2025 жыл да келді. Ортақ валютаның "жағдайы" қалай? Ресей шенеуніктерінің айтуынша, ол болмайды, себебі, оған сұраныс жоқ.

"Известия" газеті Ресей Экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвачтан бес елдің ұлттық валюталарының орнын қашан бірыңғай валюта басатынын сұрады.

Ресей басшылығы өкілінің айтуынша, енді Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасын да, сондай-ақ Ресей мен Беларусьтің одақтық мемлекетінің ортақ валютасын да енгізу мәселесі өзектілігін жойды.

"Соңғы 3 жыл ішінде біз өзара есеп айырысуларда қолданыстағы ұлттық валюталарымызды пайдалану технологиялары мен практикасын жетілдіріп, интенсификацияладық. Осы арқылы ортақ валютасыз-ақ, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі жыл сайын қарқынды өскен өзара тауарайналымға қолданыстағы валюталармен қызмет көрсетіп жатырмыз. Есеп айырысудың жаңа, сенімді, қорғалған, кедергілері жойылған құрылымдары мен компоненттерін құрып алдық", – деді Вольвач.

Ол өзара операцияларда шетелдік валюталардан бас тартып, ұлттық валюталарды қолдану өрісі кеңейтілгеніне назар аудартты.

Сондай-ақ, ұлттық валюталар одаққа мүше елдердің биржаларында еркін айналады.

"Сондықтан бүгінде ЕуразЭҚ аясында да, одақтық мемлекет аясында да сауда-саттыққа қатысушылар тарапынан жаңа валютаны немесе ортақ валютаны құруға деген ешқандай сұраныс жоқ. Өзара тауар айналымымызға қызмет көрсету рөлін ұлттық ақшаларымыз онсыз да тамаша атқаруда. Мысалы, өзара сауданы ұлттық валюталармен жүргізу үлесі Еуразиялық одақта – 90%-дан, РФ пен Беларусьтің одақтық мемлекетінде – 95%-дан асты", – деді Ресей Экономикалық даму вице-министрі Дмитрий Вольвач.

Ол ЕАЭО қатысушы мемлекеттерінің өзара сауда айналымы 2024 жылғы 10 айда 9,8%-ға өсіп, 78,6 миллиард долларға жеткенін айтты.

2023 жылғы сияқты, 2024 жыл қорытындысында ЕАЭО-дағы экономикалық өсім 3,8% деңгейінде болыпты.

"Осы орайда қалпына келтіруші өсім байқалады және бұл саламатты үрдіс ары қарай сақталады. Биылғы 2025 жылы Еуразиялық одақтағы экономикалық өсім 2,9% болады деп күтілуде. Біз Еуразиялық даму банкінің бағалауына сүйеніп отырмыз. Ендігі басты мақсат – ортақ валюта құру емес, кооперация арқылы одақтастарымызды барлық бағытта интеграциялау, кедергілерді жою, сырттан жаңа серіктестер іздеу. Солардың көмегімен халықаралық жаңа кооперациялық, инвестициялық жобалар мен тізбектер құрамыз", – деді Дмитрий Вольвач

Оның мәліметінше, бірыңғай валюта құрмағанымен, Еуразиялық одақ қазіргі кезде ортақ қаржы нарығын белсенді қалыптастырып жатыр.

Осы мақсатта құнды қағаздарды, жергілікті брокерлер мен дилерлерді, банктерді және сақтандыру ұйымдарын бір-бірінің нарығына, биржасына өзара еркін жіберу туралы келісім әзірленді. Құжатта таяу уақытта қол қойылатын болады.

Өткен аптада Мәскеу "БРИКС ұйымының ортақ валютасы" идеясынан да бас тартуға мәжбүр болды.

"АҚШ Президенті Трамптың қатаң ескертуінен кейін Кремльге "БРИКС валютасы" бастамасынан бас тартуға тура келді. Кремльдің өкілі Дмитрий Песков бұдан былай БРИКС ортақ валюта туралы емес, тек бірлескен инвестициялық платформалар туралы сөз қозғайтынын мәлімдеді. Осының алдында Американың жаңа президенті халықаралық төлем құралы ретінде доллардан бас тартқан жағдайда БРИКС елдерінің экспортына 100%-дық баж салығын енгізетінін ескертіп, жұдырық түйген болатын. Содан кейін РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков БРИКС мемлекеттер тобы ортақ валюта құру мәселесін талқыламайтынын жеткізді", – деп жазды германиялық жетекші "Deutsche Welle" басылымы.

"БРИКС ортақ валюта құру туралы әңгіме жүргізіп жатқан жоқ. БРИКС тек бірлескен жаңа инвестициялық платформалар құруды тілге тиек етуде. Ол тұғырнамалар өзара инвестиция салуға, үшінші елдерге инвестиция құюға және басқасына мүмкіндік береді", – деді Песков.

АҚШ лидері бұл елдерден БРИКС-тің жаңа валютасын құрмау және долларды алмастыратын басқа ешқандай жаңа валютаға қолдау көрсетпеу жөнінде өзіне міндеттеме қабылдауды талап етті.

Осыдан кейін бірінші болып, Үндістан доллардан бас тарту ойы жоқтығын жариялады.

"АҚШ валютасына келсек, Үндістан дедолларизацияны мақсат тұтпайды. Біздің Сыртқы істер министрі халықаралық есепайырысуларда доллардан бас тартуға қатысты ешқандай саясатымыз, стратегиямыз жоқтығын ашық мәлімдеді", – деген осы елдің СІМ өкілінің сөзін Reuters жариялады.

Айта кету керек, о баста Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка республикасы ғана кірген "БРИКС" бүгінде 10 елдің басын қосады. 2024 жылы оған Иран, Мысыр, Эфиопия, Біріккен Араб Әмірліктері және Индонезия қосылды.

Ресей басшысы БРИКС саммиттерінде америкалық валютаның жаһандық үстемдігін талай қатаң сынады және ақыры, 2024 жылдың маусымында БРИКС аясында тәуелсіз төлем және есептесу жүйесін құру ниетін жариялады.

Оның пікірінше, долларды өзара есеп айырысуда қолдануға мәжбүрлеуге қатысты Вашингтонның кез келген талабы кері эффектіге соқтырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу