Еуроодақтың "карбон салығы" Қазақстанның экспортына қалай әсер етеді

4948

"Батыстың үдесінен шығу үшін 500 млрд доллар керек". 

Еуроодақтың "карбон салығы" Қазақстанның экспортына қалай әсер етеді

 2026 жылы Еуроодаққа кіретін импортқа "карбон салығы" салынады. Бұл шикізат экспортына арқа сүйейтін Қазақстан үшін аса бір жағымды жаңалық емес, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Әне-міне дегенше 2026 жыл да келеді. Бірақ "карбон салығының" кілтипандарды туралы Қазақстанда көп айтыла бермейді. Жылы жауып қойғаннан мәселе шешілер болса, елімізде осы күнде түйіні тарқамаған келеңсіздік қалмас еді. Сауда және интеграция министрлігінен аталмыш өзгеріске біздің экспорттаушылардың дайындығы туралы сұраған болатынбыз. Ведомстводағылар тізімде әзірге мұнай мен газ болмағандықтан, аса бір алаңдамайтын сияқты. Өйткені Еуроодақ кен күйіндегі шикізатқа "карбон салығын" салмайтындарын айтқан.

Сонымен карбон салығы кімдерге салынуы мүмкін?

Еуропалық Одақ "Жасыл мәмле" деген ұранмен (European Green Deal) 2050 жылға қарай экономикасын көміртегіне тәуелсіз етіп құрып шығуды көздеп отыр. Соның аясында Еуропалық комиссия "Fit for 55" заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеген. Ол бойынша 2023 жылдан бастап импорт тауарларын өндірісіне көміртегі отыны қаншалықты қолданылғанын қарап, жіктеп енгізбекші.  2023 жылы "карбон салығы" салынуға тиіс тауар өткізгендерге ескертулер беріліп, өндірісті неғұрлым көміртегінің қатысынсыз игеруге кеңес беріледі. Ал 2026 жылдан бастап "карбон салығы" күшіне еніп, 3 жыл бойы ескертуді елемегендер экспорттан түсуге тиіс табыстың көлемді бөлігін салық ретінде төлеуге мәжбүр болады.

Әзірге "карбон салығы" салынатын тауарлардың тізімін цемент, темір, болат, алюминий мен тыңайтқыштар бастап тұр. Аталған тауарлардың өнідірісіне климатқа зиянды энергия қолданылған болса, салық төлейді.  Сарапшылардың бәрі Еуроодақтың бұл санаулы тауармен шектелмейтінін айтып отыр. Кейінірек тізім кеңейетін көрінеді.

Әзірге бұл тұжырымдамадан Исландия, Лихтенштейн, Норвегия және Швейцария тыс қалып отыр. Бірақ Қазақстанның Еуропадағы басты сауда серіктестері "карбон салығын" мақұлдап отыр.

Бір қызығы, Еуропалық одақ жоғарыда аталған өнімдерді шығаруға пайдаланылатын  боксит, сары топырақ және темір кенін өткізгендерге карбон салығын салмайды. Осы логикаға сүйеніп, шикі мұнай мен газға да "карбон салығы" салынбауы керек деген болжам айтып жүргендер бар. Сауда және интеграция министрлігінің бізге берген жауабында да осындай пайым айтылған.

"Айтылып отырған шара мұнай, газ және мұнай өнімдерін қамтымайды. Айта кету керек, 2019 жылы ЕО-ға Қазақстаннан барған экспорттың шамамен 93%-ын мұнай мен мұнай өнімдері құрады. Бұл ел экономикасының алдында "карбон салғымен" байланысты туындауы мүмкін тәуекелдерді айтарлықтай азайтады. Статистика бойынша, 2018-2020 жылдары ЕО-ға алюминий экспорты тұрақты жүзеге асырылды. Егер салық күшіне енсе, Қазақстаннан алюминий экспорттаушылардың қосымша шығындары 59%-ға артады", – деп жазады министрлік мамандары.

Тізімдегі цемент, темір, болат және тыңайтқыштар соңғы үш жылда Қазақстаннан  Еуроодаққа экспортталмаған екен. Дегенмен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанды көміртегінің көмегінсіз дамытуға арналған 2050 жылға дейінгі тұжырымдама әзірлеп жатқан көрінеді.

Мұнайлы моноқалалар "мәселе" болуы мүмкін

Бұл проблемаға Еңбек нарығын дамыту орталығының сарапшылары қатты алаңдап отыр. Қазақстандағы еңбек нарығының пандемиядан кейінгі жағдайына талдау жасай келіп, "карбон салығы" елде жұмыссыздықты өршітіп, бүкіл тіршілігі мұнай өндірісіне ғана тәуелді моноқалаларды тұралатуы мүмкін деген қауіп айтып отыр.

"Еуропалық Одақ 2023 жылдан бастап мұнай, болат, цемент, алюминий, тыңайтқыштар өндірісін қоса алғанда, тауарлар импорты үшін көміртегі шығарындыларына салық енгізуді жоспарлап отыр. Еуропарламент оны қолдап дауыс берді. Мұндай салық (Carbon Border Adjustment Mechanism – CBAM) Еуроодақты 2050 жылға қарай көміртегінен бейтарап етуге бағытталған "жасыл мəміле" аясында іске асады. Қазір шығарындыларды реттеудің үш нұсқасы талқылануда: 1) импортталатын тауарларға салынатын салық; 2) көміртекті көп қажет ететін тауарларға арналған акциз; 3) СО2 шығарындыларын сатудың жаңа жүйесі", - деп жазады Еңбек нарығын дамыту орталығының сарапшылары.

Осылайша экономиканы әртараптандыруға түрлі тосқауыл қойып, мұнайға ғана арқа сүйеген даму жолы елімізді біз ойлағаннан да ерте тығырыққа тірейтін түрі бар.

"Қазіргі уақытта Еуропа елдері Қазақстанның шикізат өнімдерін экспорттайтын ең ірі нарықтардың бірі. Бұл шешімнің экспортында көміртекті шикізат секторы басым біз үшін тəуекелі үлкен. Мұндай салық Қазақстаннан ЕО-ға экспортталатын топ-10 тауар өндірісінің төмендеуіне əкелуі мүмкін, Өйткені дəстүрлі энергетикалық ресурстарды пайдалана отырып өндірілетін қазақстандық өнім сұранысқа ие болмай қалады. Салдарынан бюджет экспорттық түсімнің төмендеуінен, шетелдік инвестициялар көлемінің қысқаруынан шығынға ұшырайды. Сол арқылы Қазақстанның бəсекеге қабілеттілігі мен халықаралық сауда есебінен, атап айтқанда шикізат тауарлары мен бастапқы өңдеу тауарларының экспорты есебінен қамтамасыз етілетін ЖІӨ өсу қарқыны төмендейді",– деп жазылған орталық жасаған талдауда.

Осы талдауға сарапшы ретінде атсалысқан BTS Education компаниясының бас директоры Саясат Нұрбек бұл проблеманы Қазақстан өз күшімен шеше алмайтынын айтады. Өйткені қазіргі экспорттық әлеуетімізді сақтап қалу үшін қолданыстағы өндірістердің бәрін "жасыл энергетикаға" көшіру керек. Ал оның шығыны миға сыймайтын қаражатты қажет ететін көрінеді. Демек, Қазақстанға экспорттық бағдарын өзгертіп, жерінің астындағы байлығын емес, үстіндегі адамдарының білімі мен дарынын экспорттауға күш салуы керек сияқты.

"Егер олар біз экспорттайтын шикізат пен  өнімдердің өндірісіне қойылатын талаптарды күшейтсе, салық салып, "таза" технологияларға инвестиция салса, біздің барлық өндірістік процестерімізге аудит жүргізсе, жаңа талаптарға сай болу үшін шамамен 500 млрд доллар қажет. Біріншіден, мұндай ақша жоқ. Сонымен қатар Ресейде бұл проблема болады. Келешектегі 10-15 жылда біздің өндіруші саламыздың өнімі өндіріс əдістерінің салдарынан əлемдік нарықтарда бəсекеге қабілетсіз болуы мүмкін", – дейді сарапшы.

Қорыта айтсақ, мұнай дәуірін жаңа бір арзан әрі тиімді энергия көзі емес, климаттың нашарлауы дейтін проблема тоқтататын сияқты. Кезінде әскери феодалдық дәуірден капиталистік өркениетке дер кезінде көшіп үлгермей қалған қазақ халқы оның зардабын жанымен, де, қанымен өтегенін тарих біледі. Бұл жолғы көшке ілесе алмасақ, оның зардабы бұрынғы өкініштерімізден де орасан болуы мүмкін.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу