Еуроодақтың жаңа санкциялық пакеті Қазақстанды шектеуге бағытталмақ

5890

Батыс әлемі Қазақстан Ресеймен жасырын ынтымақтастығын өрістетіп жатыр деп санайды.

Еуроодақтың жаңа санкциялық пакеті Қазақстанды шектеуге бағытталмақ Фото: main

Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы санкцияларының 11-ші пакеті күшіне енді. Ұжымдық Еуропа ол топтаманы өткен жұмада мақұлдай алған еді. 

Сарапшылардың айтуынша, осылайша, ЕО санкциялар тұрғысынан АҚШ-тың шектеулер моделіне барынша жақындады. Себебі, Америка мен Еуропа енді санкциялардың салдарларын ауырлатуға күш салады және Мәскеуге оны айналып өтуге көмектесетіндерді жазалауға кіріседі.

Әйтпесе, соғыс басталғалы бергі 15 айда Батыс, соның ішінде Еуроодақ Ресейге қатысты он санкциялық пакет енгізді. Алайда одан РФ экономикасы күйреген жоқ, керісінше, биылғы жыл қорытындысында өсімге шығады деп жоспарлануда. 

Сондықтан алда үшінші елдер қатарында Қазақстанның Ресейге санкциялық тауарларды, тіпті тұрмыстық техниканы реэкспорттау қиынға айналады. 

Ақпарат құралдары әсіресе, осы 11-ші санкциялық пакетті келісімнен өткізу Еуропаға аса ауыр болғанына назар аудартады. Бұған дейін әр ай сайын дерлік бір топтамадан қабылданатын. Соңғы, оныншы пакет шамамен төрт ай бұрын, биылғы 25 ақпанда құпталған еді.  

Жаңа шектеулердің әзірленуі тым ұзаққа созылып, созбұйдаға салынды. Оған Венгрия және Грекия барынша қарсыласып бақты, вето қою құқығын пайдаланумен болды. Өйткені грек жүк тасымалдаушылары, танкерлері Ресейге және одан әлемдік нарыққа қарай түрлі тауар тасымалын жолға қойды. Грекиялық компаниялар әлі күнге ресейлік танкерлерге қызмет көрсетіп келеді.

Келіссөздер барысында Афина өз компанияларының біраз мүддесін қорғай алды. Мысалы, грекиялық танкерлердің операторлары "Еурокомиссия өкілдерінің қатысумен екіжақты консультациялар кезеңінде" қара тізімге енбейді.  

Мажарстанның қазіргі басшылығы Кремлмен байланысты екені айтылып жүр. Салдарынан Венгрия Мәскеудің Батыстағы №1 одақтасына айналды. Әрі бұл ел ресейлік энергиялық ресурстарға тәуелді. Венгриялық OTP Bank (оның филиалы Ресейдегі ірі 50 банк рейтингіне кіреді) санкцияға ілікті. Әйтсе де, Орбан Үкіметі саудаласу арқылы басқа жеңілдіктер алды. Мысалы, ресейлік "Метровагонмаш" Будапешт метрополитені үшін қажетті компоненттерді жеткізіп, қызмет көрсетуін жалғастырады. Себебі, Венгрия астанасындағы метроны кеңестік инженерлер кеңестік үлгімен салған болатын. 

Венгрия "Росатомға" санкция салынбауына ықпал етті. "Пакш" АЭС-і — Венгриядағы жалғыз атом станциясы саналады. Ол да кеңестік жобамен салынған. Барлық 4 реакторы да — ВВЭР-440 типті. Сондықтан Венгрия бұл жөнінен де Ресейге тәуелді."Пакш" АЭС-і осы елдің бүкіл электр энергиясының жартысына жуығын өндіреді. Таяуда "Росатом" мемлекеттік корпорациясы Венгрияда "Пакш-2" атом электр станциясының құрылысын 2024 жылы бастауды жоспарлап қойғанын жариялады.

Дегенмен ақырында Еуропа жаңа санкцияларды бірауыздан қабылдай алды және осы арқылы өздерінің ортақ саясатындағы түбегейлі бетбұрыстың негізін қалады. Бұл жерде әңгіме қайталама санкциялар деп аталатын құрал туралы болып отыр. Тиісінше, бұдан былай Батыс тек Ресейді ғана емес, оның серіктесі, сателлиті саналатын мемлекеттерді де пәрменді жазалай бастайды.    

"Әрине, Еуропа осы арқылы өзінің Қазақстанмен, Грузиямен, Армениямен және басқа да Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерімен қатынастарына соққы жасағалы тұрғанын түсінеді. Бірақ Кремлге шектеулерді орағытып өтуге жол ашатын көптеген соқпақ-схемаларға тосқауыл қою, ондай әрекеттермен тегеурінді күресу үшін осы тиімді қаруын ақыры іске қосты. Жаңа құжат Ресейге қолданыстағы шектеулерді айналып өтуіне көмектесетін елдерге қарсы қайталама санкциялар енгізуді алғаш рет заңдастырды. Бұған қоса, ресейлік қорғаныс және авиациялық өнеркәсіпте қажетке  жаратылуы мүмкін тауарлардың жаңа тобын Ресей арқылы транзитпен алып өтуге де тыйым салынды", – деп түсіндірді саясаттанушы, зерттеуші Денис Левен.

Қазақстанға өз қажеттілігі үшін сол тауарларды тасымалдаудың Ресейге балама жолдарын табуға тура келеді. Өйткені осы арқылы Еуропадан Ресейге әскери мақсаттағы өнімдердің жеткізілімінің жолы кесілуге тиіс. 

Бұдан былай түпкі шығу тегі ресейлік саналатын мұнайды Ship-to-Ship (STS) әдісімен, яғни ашық теңізде бір танкерден екіншісіне құю жолымен Еуропаға тасуға қатысқан барлық кемелер санкцияға ілікпек. Оларға еуропалық порттарға кіруге тыйым салынды. Бұл тәсілді Мәскеу былтырдан бері кеңінен қолданғаны мәлім. 

Сондай-ақ Ресейде тіркелген кез келген жүк көліктерімен Еуроодақ елдеріне өнім жеткізумен айналысуға рұқсат етілмейтін болады.

Атап өтетін жайт, он бірінші топтамадан зардап шеккен үшінші елдердің алғашқы компаниялары да анықталды. Санкцияның қара тізіміне Иран, Қытай, Өзбекстан, Біріккен араб әмірліктері, Сирия және Арменияның 87 компаниясы енгізілді. Бұл компаниялар тікелей ресейлік қорғаныс өнеркәсібін қолдаған, немесе Ресейге еуропалық тауарлардың көлеңкелі экспортын ұйымдастыруға қатысқан. Алда бұлардың қатарына қазақстандық компаниялар да қосылуы мүмкін. 

Енді солтүстік көршіге компьютер, ноутбук, тұрмыстық техниканы жеткізу де қауіпті болды. 11-ші пакетте "Ресейге экспорттауға тыйым салынған тауарлардың тізіміне" жартылай өткізгіштердің, баспа платаларының, компьютерлік чиптердің, энергетикалық өнімдердің, химиялық қарудың өндірісінде пайдаланылатын материалдар мен заттар, сонымен қатар оптикалық компоненттер, навигациялық аспаптар мен теңіз жабдықтары қосылды.

Жаңа санкциялық топтама Қазақстанның Ресей арқылы мұнай тасымалына қиындық келтіргелі тұр: "Дружба" мұнай құбырының солтүстік тармағы арқылы Германияға және Польшаға ресейлік мұнайды импорттауға тыйым салынды. Қазақстан осы құбыр арқылы айдалатын қара алтынының ресейлік емес, толығымен өзінікі екенін үнемі дәлелдеуге мәжбүр болады. Бұған дейін қазақ мұнайына құбырда РФ өз мұнайын қосып келді. 

"Бірақ соңғы айларда бұл магистралді құбырға ресейлік мұнай құйылмады. Ол арқылы тек Қазақстаннан ғана қара алтын жеткізіліп жатыр. Егер осы "таза қалпын" сақтай алса, қазақстандық мұнай ресейлік санкцияға ілікпейді, ары қарай ағындай береді. Бұл жерде ескеру керек, Еуропа "Дружбаның" оңтүстік тармағына тиіскен жоқ, ал ол арқылы ресейлік мұнай Словакия мен Венгрияға тасылуда", – деп түсіндірді Денис Левен.

Санкция аясында Еуроодақ тағы 5 ресейлік БАҚ-қа Еуропада тыйым салды. Оның арасында RT Balkan, орыс әлемінің бір идеологы Александр Дугиннің "Катехон" онлайн-порталы, Царьград ТВ, Oriental Review және "Новое восточное обозрение" журналдары бар. Санкциядағы жеке және заңды тұлғалардың қара тізімі 100-ден аса адаммен және компаниялармен толықтырылды.

Халықаралық сарапшылар 11-ші пакеттің Орталық Азия мен Еуропаға бағытталғанын ашық айтады. РФ дамыған елдерден тыйым салынған тауарларды тасудың ең кең таралған тәсілін – "реэкспортты" дәл осы елдер арқылы жолға қойды. Мұны Еуропадан Орталық Азия республикаларына жоғары технологиялы экспорттың еселеп артуы әшкереледі. Бұл ретте Қазақстанның экономикасы мен кәсіпорындары тосыннан жаппай жоғары технологиялы болып шыға келмеді. 

Қазақстан еуропалық компьютерлердің импортын 3 есе арттырып, 310 миллион долларға тасымалдаған. Ал отандық дүкендерде сол бұрынғыдай негізінен қытайлық компьютерлер сатылуда. Сонымен бір мезілде Қазақстан Ресейге компьютерлер экспортын күрт ұлғайтып, 296 миллион долларға жеткізіпті. 

Бұдан бөлек, Қазақстан көршіге процессорлардың, микрочиптердің, навигациялық жүйелердің және қатты дискілердің жеткізілімін өрістетті. Ресей бұл өнімдерді қару, зымыран өндірісінде пайдаланады. 

Отандық Ranking мониторинг агенттігі "Қазақстан мен Ресей арасындағы ақша аударымдары айтарлықтай көбейгенін" әшкереледі. Биылғы қаңтар–сәуір айларында халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелге жіберілген және шетелден алынған қаражаттың жалпы сомасы 368,8 млрд теңге болды. Оның 259,3 млрд теңгесі шетелге жіберілген ақша. Бұл ретте транзакциялар саны 11,8% өсіп, 749,1 мыңға жетті. Шетелден келген қаржы көлемі 109,6 млрд теңгені құрады.

Соның ішінде Түркияға, Өзбекстанға және басқасына аударылған ақша көлемі азайған. Ал Ресейге жөнелтілген қаржы бір жылда 1,5 еседен астам өсіп, 69,2 миллиард теңгеге жетті.

Шетелден елге түскен қаражат бойынша жөнелтуші елдер арасында Ресей көш бастап тұр: Қазақстанға келген қаражаттың жалпы көлемінің 40,4%-ы немесе 44,2 миллиард теңгесі соған тиесілі. Бұл 2022 жылғы қаңтар–сәуірдегіден 65,6% көп.

Осыдан-ақ Украинада соғыс басталғалы, Қазақстан мен Ресей арасындағы қаржылық "алыс-бері" бұрын-соңды болмаған деңгейде күрт артқанын байқауға болады. Әлем айыптаған агрессияға дейін осынша арттырса, қайда қалған? Демек гәп бар. Батысты мазалаған мәселе де осы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу