Еуропа "Еуровидение" арқылы Украинамен бірге екенін жаһанға паш етті

1855

Батыс жұрты саясаттан сырт қалатын ештеңе жоғын енді түсінді.

Еуропа "Еуровидение" арқылы Украинамен бірге екенін жаһанға паш етті Фото: elmadesem.com

Бүгін Қазақстанда таң атып қалған шақта Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында Еуровидениенің гранд-финалы аяқталды. Оған 26 ел қатысты. Тұңғыш рет Еуровидениеде тек қатысушы мемлекеттерге ғана емес, бүкіл әлемдегі көрермендерге дауыс беруге мүмкіндік ұсынылды.

Бірден айталық, онда жалпы саны 583 балл жиған швециялық 39 жасар әнші Loreen өзінің Tattoo әнімен жеңді. Ол бұдан бұрын, 2012 жылы да Еуровидениеде жеңіске жеткен еді. Осылайша, Лорин бүркеншік атымен танымал, шығу тегі марокколық-берберлік Лорин Зинеб Нора Талхауи Еуровидениеде екі рет жеңген бірінші әйелге айналды.

Финляндияның жеңімпаз атануына 180 балдай жетпей қалды.

Украинаның Tvorchi тобы үздік алтылыққа ілікті: оның вокалисі, қара нәсілді Джеффри Кенни Нигериядан Тернополь медициналық университетіне оқуға түсіп, сонда қалған. Бастапқыда украин тілін білмеген. Қазіргі кезде бұл тілде базбір украиналықтардан жақсы сөйлейтін көрінеді.

Ол серігі, саунд-продюсер Андрей Гуцулякпен бірге Heart of Steel (Болат жүрек) әнін орындады.

"Сайыс оңайға түспеді, бірақ біз мұнда не мақсатпен келгенімізді жақсы білеміз. Бұл конкурсты бүкіл әлем тамашалайды, сондықтан оларға украиналықтардың жүрегі болаттан жасалғанын, азаттық үшін табанды болатынын көрсеткіміз келді. Ал украиналық балалардың, өмір есігін жаңа ашқан сәбилердің құйтақандай жүректерін құтқарып қалу үшін бізге, Украинаға дәл қазір көмек қажет", – деді Джеффри журналистерге сұхбатында.

Жалпы, бүкілеуропалық ғаламат ән байқауы биыл Украинада өтуге тиіс еді. Себебі Eurovision Song Contest аталатын осы конкурстың бұлжымас дәстүріне сәйкес, онда қай мемлекетті ұсынған әнші жеңсе, келесі ән думаны да соның елінде өтетін. 2022 жылғы Еуровидениенің жеңіс тұғырына украиналық Kalush Orchestra көтерілді.

Содан Украина Президенті Владимир Зеленский бұл еуропалық конкурсты оккупациядан азат етілетін Мариупольда өткізуге уәде еткен. Алайда былтыр соғыс жалғасып қана қоймай, Ресей үлкен күш жинап, жаңа шабуылдарын бастады. Сондықтан оны ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) қауіпсіздік мақсатында Еуровидениені Ұлыбританияға көшірді: бұл елдің өкілі 2022 жылы екінші орын алған болатын. Оның үстіне соғыстан ұлан-ғайыр шығын шегіп жатқан Украинаны кең ауқымды ән байқауына шығындалуға мәжбүрлеу оған қосымша ауыртпалық болар еді. 

Бұдан Украина еш ұтылған жоқ. Ұлыбритания патшалығы кеңпейілділік пен парасаттылық танытып, барлық жағынан Еуровидениенің қожайыны Украина екенін паш етуге тырысты. Алып софиттер мен түрлі шамдар алып сахнаны Украина туының түстеріне бояды. Сахнаның өзі – алтын сары, ал төбесі қанық көк түсімен жарқ-жұрт етіп, көз қарықтырды. Алып зал Украина туларына толып тұрды. Тіпті сахна сыртындағы қатысушылар мен оларға қызмет көрсететін персонал зыр жүгірген дәліздерге де Украина жалаушаларының тізбегін самсатып іліпті.  

Байқауда бақ сынаған бүкіл қатысушының презентациялық видеоларында міндетті түрде украиналық көрнекті жерлер көрсетіліп отырды. Музыкалық халықаралық ісшараны Kalush Orchestra өзін жеңіске жеткізген Stefania әнімен және Changes жаңа синглымен ашты. Тулар парадын әр жылдары Еуровидениеде Украинаның намысын қорғаған орындаушылар – Shum әнімен Go_A тобы, "1944" әнімен Джамала, Show Me Your Love әнімен Тина Кароль және Dancing Lasha Tumbai әнімен Верка Сердючка сүйемелдеді.

Экранда әр қатысушы елдің дауыс беруге арналған реттік нөмірі де сары-көк түсті ту түрінде бейнеленді. Еуровидение логотипіндегі жүрек символы да Украинаның туын көрерменнің көз алдына келтіріп тұрды. Байқауда дауыс берген елдердің жюрилерінің шешімін жариялаған әр елдің жүргізушілері бомбалаудан көз ашпаған сол елге қолдау сөзін арнап жатты. Еуропалық конкурс жеңімпаздың қайталап өнер көрсетуі қарсаңында жүргізушінің Украина тіліндегі үндеуімен тәмамдалды.

Мұның бәрін еуропалық көрермен жылы қабылдады, "асыра сілтеп жіберді" деп сынаған жоқ.

Айтқандай, агрессор елдер ретінде Еуровидениеден Ресей және Беларусь аласталды. Олардың өкілдері былтырдан бері қатыса алмайды. Кездейсоқтық па, кім білсін, Қазақстан да 2022 жылдан бері мемлекеттік арнадан Еуровидениені трансляциялаудан бас тартты. 

Еуропалық ән думанына араласып, куә болған украиналық тележүргізуші және шоумен Анатолий Анатолич саясаттан тыс ештеңе болмайтыны Еуропадағы әрбір адамның санасына жеткенін айтады. Әйтпесе, бұрын "спорт сияқты, музыкалық доданы да саясиландырмау керек" деген тұжырымдар жиі айтылатын. Батыс қауымдастығы осы жолы ән конкурсында Украинадағы соғыс тақырыбының қозғалғанына, тіпті сахнада әскери қуаты көпіршік болып шыққан Ресейді әжуалаған декорациялардың пайда болуына сабырлы қараған. Биыл соғыс тақырыбы Чехия, Хорватия, Швейцария және басқа да елдердің конкурстық әндерінде көрініс тапты.

Анатолий Анатолич британдық ұйымдастырушылардың еуропалық музыкалық шоуда сахнадан өнер көрсетуге Украинадан аса көп – бірден 15 әртісті шақырғанына таңғалыпты.

"Осы арқылы Ұлыбритания украиналықтарға ең танымал қойылымның сахнасынан әлем жұртшылығына қайрылып, өзін көрсетуге және өзін толғантқан мәселені көтеруіне мүмкіндік берді. Украина тақырыбы Батыс жұртшылығының жанын ары қарай жаулауда. Күні кеше супертанымал топ Imagine Dragons біздің Николаев облысында тұратын ұл баламен бірге видеоролик түсірді. Украина жұлдыздарға тартымды тренд болып қалды. Біз дамыған елдер Украинаны ұмытпауы, оның тағдырына алаңдауы, сөйтіп көмегін аямауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Бұл – шабыт беретін керемет жұмыс. Еуровидениені ұйымдастыру барысында біз британдықтардың украиналықтарға іш тартып, мейірім танытатынын, қолұшын созуға дайын тұратынын байқадық. Мұның бәрі бізді жеңіске жетуімізге қолғабыс етеді", – деді украиналық шоумен Анатолий Анатолич.

Жалпы жасампаздық тұрғысынан Қазақстанның Украинадан үйренері, ұлағат тұтары көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу