Еуропа қазақ мұнайына жаңа шектеу енгізді

17310

Батыс әлемі Қазақстанның өнеркәсібіне соққы жасамақ.

Еуропа қазақ мұнайына жаңа шектеу енгізді

Еліміз жаһандық алпауыттардың "сауда соғысына" тартылып отыр. Атап айтқанда, Еуропалық одақ жаңа "климат салығын" енгізуге кірісті, одан мұнай, газ және болат прокатын жеткізушілер зардап шекпек. Ал бұл үшеуі – Қазақстанның басты экспорттық тауарлары.

Экологтардың байламынша, осы қадам шикізат өндірушілерді озық технологияларды ендіріп, қоршаған ортаны ластауды азайтуға итермелеуге тиіс.

Әйткенмен, экономистер бұл шараны "Америка үлгісіндегі жасырын протекционизм" деп бағалады. Өйткені АҚШ Президент Дональд Трамп Қытаймен экономикалық шайқасы аясында осындай қатаң шараларды қабылдағаны мәлім.

Мұндай шара адал бәсекелестікке нүкте қойып, қазақстандық өндіріс пен бизнесті кемсітеді. Бұл шикізатымен күн көріп отырған елдерге қарсы біржақты түрде "сауда соғысы" жарияланғанын білдіреді.   

Жаһандық беделді KPMG аудиторлық компаниясының сарапшылары ЕО-ның осы "көмірсутек салығынан" Ресей бес жыл ішінде 33 миллиард еуро жоғалтатынын есептеп шықты.

Әзірге бұл салықтың қалай салынатыны, егжей-тегжейі белгісіз. Бірақ оның мәнісі мен мағынасы анық: егер өнім өндіру кезінде кәсіпорын тым көп отын жақса және сол арқылы қоршаған ортаны көмірқышқыл газымен ластаса, онда ол өзі өндірген тауарын еуропалық нарыққа шығаруы үшін қосымша салық төлеуі керек.  

KPMG сарапшыларының мәліметінше, егер бұл салық 2025 жылдан бастап енгізілсе, онда 2025–2030 жылдар аралығында Ресей шамамен 33 миллиард еуроға зардап шегеді. Алайда теріс сценарий жүзеге асуы мүмкін: яғни 2022 жылдан бастап күшіне мінсе, бесжылдықтағы ресейлік шығын 50 миллиард еуроға дейін жетпек.

Жаңа салық бойынша өндірісі тым көп отын тұтынатын тауарды Еуропа нарығына жеткізушілер әр тоннасы үшін 30 еуро қосымша ақы төлеуге мәжбүр болады.

Boston Consulting Group компаниясы кеңесшілерінің байламынша, жаңа салық "қара алтын", "көгілдір отын" және металлургия жеткізетін Ресей мен Қазақстан экономикаларына барынша көп залал әкеледі. Басқаша айтқанда, бұл екі елдің өндірушілері алдынан тұтас құрлық жабылғалы тұр.

Қосымша алым отандық кәсіпорындардың өнімін қымбаттатып, тұтынушылық сұраныстан айырады. Бұл түптеп келгенде, инвесторлардың еуразиялық екі елден теріс айналуына соқтыруы ықтимал.

Мысалы, Қазақстан Еуропаға "ҚазТрансОйл" арқылы 44 мың 463 тонна, "Каспий құбыр консорциумы" арқылы 13,1 мың тонна, сондай-ақ "Қазтеңізкөлікфлот" арқылы "Ақтау" теңіз айлағынан 10 мың 729 тонна мұнай жеткізген.

Жалпы осы бастамаға дейін Еуропа нарығы – еліміз үшін ең перспективті саналатын. Теңіз арқылы мұнай тасымалының жалпы көлемі 2019 жыл қорытындысында айтарлықтай артып, 2018 жылмен салыстырғанда 52%-ға (10,7 мың тоннаға дейін) өсті. КМТФ, КМГ және KMG International арасында жеткізу және тасымал туралы келісім бекітілуі арқасында қазақтың "қара алтынын" Жерорта теңізі және Қара теңіз арқылы тасымалдау да бір жыл ішінде бірден 1,5 есеге күрт ұлғайған болатын.

Енді бұл келісімдердің тағдыры не болатыны беймәлім.

Климатты қорғауға және ауаны ластауды азайтуға бағытталған жаңа еуропалық салыққа қатысты журналистердің сауалына жауап берген энергетика министрі Нұрлан Ноғаев бұл алымның соңы неге соқтыратынынан хабарсыз екенін аңғартты.

"Қазіргі уақытта көмірсутекті салықтың көлемі де, сонымен қатар оны салудың егжей-тегжейі де түпкілікті айқын болмай тұр. Мысалы, оның тарифі де, бұл салықты енгізудің нақты мерзімі де белгіленген жоқ. Сондықтан әзірше Қазақстан мұнай мен газ конденсатын бұрын жоспарланған көлемде экспорттай алады деп күтілуде", – деп қысқа қайырды еліміздің бас энергетигі Н.Ноғаев.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу