Еуропадағы ең ірі ядролық станцияға қауіп төніп тұр

2528

Алайда Чернобыль апатының қайталануы екіталай.

Еуропадағы ең ірі ядролық станцияға қауіп төніп тұр

Запорожье АЭС-нің төңірегінде шайқас жүріп жатыр. Сондықтан бұл станция жарылуы мүмкін деген үрей күшейіп келеді. Алайда сол атомдық дағдарыстың зардабы 1986 жылғы катаклизмге емес, Фукусима трагедиясына көбірек ұқсауы ықтимал.

Наурыз айынан бері Ресейдің бақылауындағы Запорожье атом электр станциясының (ЗАЭС) төңірегінде атыс өткен аптадан жиілегеннен бері аймақта қорқыныш күшейіп келеді.

Еуропаның ең ірі АЭС-не жасалған шабуылдар ядролық апат жайлы алаңдаушылық тудырды. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен әлем лидерлері  МАГАТЭ инспекторларының станцияға кіріп, залал деңгейін бағалауына рұқсат беруді талап етіп отыр.

Сонымен қарулы қақтығыстан төнген қауіп қаншалықты шынайы? Ал кейбір ядролық сарапшылардың пікірінше, ЗАЭС-те Чернобыль апатының қайталануы екіталай.

"Бұл станцияның зақымдануы екіталай. Радиоактивтік проблема Чернобыльдағыдай бүкіл Шығыс Еуропаға таралмай, негізінен жақын жерде тұратын украиндарға әсер етеді", – дейді Еуропа ядролық қоғамының президенті Леон Чизелж CNN-ге берген сұқбатында.

Чизелждің ойынша, Жапонияның Фукусима АЭС-сі 2011 жылы осыған ұқсас жағдайға ұшырағанымен, сол дағдарыс өз аймағымен ғана шектелді. Сондықтан Запорожье қаласының оңтүстігінде, Днепр өзенінің жағасында орналасқан украиналық АЭС-те оқыс оқиға бола қалса, негізінен маңайдағы тұрғындар мен сол станцияда жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге ғана зиян тигізуі мүмкін.

Запорожье атом станциясындағы қақтығыстар мен олардың салдары қандай болуы мүмкін? Бұл сауалға жауаптардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Запорожье станциясында не болып жатыр?

Украинаның мемлекеттік атомдық энергия компаниясы – "Энергоатомның" хабарлауынша, соңғы апталарда Запорожье станциясында снаряд өрті ядролық отынның бөшкелері сақталған құрғақ қойманы, сондай-ақ радиацияны бақылау детекторларын зақымдаған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) басшысының мәлімдеуінше, тамыздың 5-де электр қалқанының жанында бірнеше жарылыс болып, электр қуаты өшіп, бір реактор электр желісінен ажыратылды. Және де Рафаэль Мариано Гросси БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жағдайдың "өте алаңдатарлық дәрежеге дейін нашарлағанын" атап өтті.

Украина станцияның алты реакторына соққы беріп алмаудан қауіптенеді. Сондықтан ол ресейліктерге қарумен жауап қайтара алмайды. Ресми Киевтің сөзінше, осы жағдайды пайдаланып, Ресей күштері кешен ішінде ауыр қару-жарақ сақтап, онымен Украина армиясына шабуыл жасап жатыр. Қысқасы, қазір ядролық жарылыс қатері үшін екі жақ бір-бірін айыптап отыр.

МАГАТЭ миссиясының кешенге кіруіне рұқсат беру туралы талап күшейіп келеді. Осындай үлкен алаңдаушылыққа қарамастан, АЭС төңірегінде ұрыс жалғасып жатыр.

Сейсенбі күні Украина үкіметі осы станция жақтан Днепр өзенінің арғы жағындағы Никополь қаласына тағы да зымыран жіберілгенін хабарлады.

"Оқ ату учаскеде жұмыс істейтін операторларға қауіп төндірді. Бір жұмысшы снарядтар жаудырылғанда жараланып, ауруханаға жеткізілген", – дейді Лондонда орналасқан Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың байланыс жөніндегі менеджері Генри Престон америкалық БАҚ-қа берген сұхбатында.

Зауыттың ядролық реакторлары қаншалықты қауіпсіз?

Заманауи атом электр станциялары жер сілкінісі сияқты оқиғалар мен шабуылдардың барлық түрлерінен зақымданбауы үшін өте жақсы күшейтілген, Запорожье АЭС-і де сондай.

"Барлық атом электр станциялары сияқты, Запорожье АЭС-і де бейбіт заманда, қалыпты жағдайда тиімділігі жоғары қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бірақ мәселе мынада, атом электр станциялары соғыс жүріп жатқан аймақтарға арналмаған және оқыс жағдайларда аталған жүйелердің барлығы істен шығуы мүмкін", – дейді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының ядролық саясат бағдарламасының тең директоры Джеймс Эктон.

ЗАЭС-тегі алты реакторының екеуі ғана жұмыс істеп тұр. Олар болатпен және қалыңдығы бірнеше метрлік бетон қаптамамен қапталған. Сондықтан кездейсоқ атқылаудан реакторларлың жойылуы екіталай.

"Егер реакторлар қасақана, мақсатты түрде атқыланса, қауіп артады. Бірақ бұндай шабуылдар өте-мөте білікті операцияны қажет етеді", – дейді Чизелж.

Айта кетсек, ЗАЭС соғыстың алғашқы күндерінен бастап Ресейдің бақылауына өткені белгілі.

Ең нашар сценарий қандай болуы мүмкін?

Атомдық станциялар реакторларды салқындату үшін дизельдік генераторлар мен желіге сырттан қосылу тәрізді бірқатар қауіпсіздік жүйелерін пайдаланады. Сонымен қатар Запорожье АЭС-де су бүркетін тоған немесе зауыттың ішінде ыстық суды салқындататын резервуар қолданылады. Егер бұл жүйелер істен шықса, ядролық реактор тез қызып, ядролық балқуға жол ашылуы мүмкін.

Сарапшылардың ойынша, бұл – ең нашар сценарий. Бірақ ол жергілікті деңгейдегі апатпен шектеліп, Еуропаға кеңірек әсер етпейді екен.

"Бұл жердегі басты қауіп – реактордағы отынды салқын ұстау үшін қажетті жүйелердің зақымдануы. Ондай  жүйелерге сыртқы электр желілері, апаттық жағдай іске қосылатын дизельдік генераторлар және реактордың өзегінен жылу тарататын жабдықтар жатады. Соғыс кезінде бұл жабдықты жөндеу мүмкін емес. Ең нашар жағдайда ядролық отын еріп, қоршаған ортаға көп мөлшерде радиоактивтік заттар тарауы мүмкін", – дейді Актон.

Пайдаланылған ядролық отынды сақтауға арналған құрылымдарға шабуыл жасалса да, қоршаған ортаға радиоактивтік материалдар жайылуы мүмкін. Бірақ сарапшылардың айтуынша, олар алысқа жете қоймайды.

"Тамызда өңделген отын қоймасынан 10-20 метр жерге зымырандар түсті. Егер сол кезде ракеталар бір контейнерге тисе, жақын маңдағы елдімекендерде, ал 2-3 контейнерге соққы берілсе, үлкенірек аумақта радиациялық апат болар еді", – дейді "Энергоатом" басшысы Петро Котин Украина телеарнасына берген сұхбатында.

Запорожьенің Чернобыльден айырмашылығы неде?

Запорожье төңірегіндегі шайқас әлемді тағы бір "Чернобыль" апатына ұрындыруы мүмкін деген ескертулерге айтылып жүр.

Бірақ екі украиндық электр станциясының арасында көптеген айырмашылықтар бар және де сарапшылар 1986 жылғы катаклизмнің қайталануы мүмкін емес деп санайды.

Чернобыль стансасында кеңестік дәуірдегі реакторлар қолданылып, сол рекаторларда заманауи оқшаулау құрылымы -- радиацияның тарауына жол бермейтін бетон және болат күмбез болған жоқ.

 "Қазіргі реакторлардың тежегіштері әлдеқайда жақсы. Егер зақым келсе, оларды тоқтату оңайырақ", – дейді Чизелж.

Кейбір бақылаушылардың пікірінше, ЗАЭС-те ядролық апат болса, оның ауқымы Чернобыльдікінен әлдеқайда тар болмақ. МАГАТЭ-нің мәліметтері бойынша, 1986 жылғы апаттан кейін радиоактивтік жауын-шашын солтүстік жарты шардың көп бөлігіне жетіп, Беларусь, Ресей және Украинада шамамен 150 000 шаршы километр аумақты ластаған және де сол лас заттар оқиға орнынан солтүстікке қарай 500 шақырымға дейін тарапты.

Өзге бір сарапшылар ЗАЭС жарылса, оның зардабы Фукусимаға ұқсауы мүмкін деген болжам айтады.

 "Фукусима Чернобыльға қарағанда жақсырақ аналогия. Апат болған жағдайда ЗАЭС-тің айналасынан ондаған километр жердегі халықты эвакуациялау қажет болуы мүмкін. Соғыс кезінде бұл өте қауіпті шаруа", – дейді Актон.

Мамандардың есебінше, кез-келген радиоактивтік жауын-шашын Запорожьеден 10-20 шақырымдай жерге таралып, денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндірмейді.

"Егер біреу реакторлардың еруіне себепші болса, (газдар) атмосфераға шығып, ауамен араласып, жуылып, көп кешікпей қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына тигізер ауыр әсерінен айрылады. Украинаның оңтүстігіндегі соғыс өрті шарпыған жерлерде тұрып жатқан адамдарға төнген өзге қауіптермен салыстырғанда бұл қауіп зор емес", – дейді Чизелж.

Арыс Әділбекұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу