Expat Insider: Қазақстан – ең үлкен жеңімпаз

4299

Экспаттар үшін әлемдегі ең жақсы және ең нашар елдердің 2019 жылғы рейтингі жарияланды. Соңғыларының қатарына Құрама Штаттар енді. Ал, біздің ел – үздіктер санатында. 

Expat Insider: Қазақстан – ең үлкен жеңімпаз

Америка Құрама Штаттары әлемде талайлар үшін арман. Бірақ соған қарамастан, ол дүниежүзінде өмір сүруге ең қиын елдер қатарынан орын алып отыр. Мұнда қазір күнделікті тіршілік қана емес, медициналық қызмет те, негізгі білім де қымбаттап барады.

Осыдан бірер күн бұрын Newsweek журналы ауқымды зерттеудің қорытындысын жариялады. Сауалнамаға жер шарының 182 мемлекетінен 20 мыңнан астам экспатриант (экспат, эмигрант) қатысқан. Олар "Өмір сапасы", "Орналасу жеңілдігі", "Шетелде жұмыс істеу", "Отбасылық өмір", "Жеке қаржы" деген бес жалпы критерийге кіретін 48 жеке фактор мен 17 субкатегория бойынша шет мемлекеттерге өздерінің бағасын берген.

Бұндай зерттеуді Expat Insider компаниясы осымен алтыншы рет жүргізіп отыр. Оның биылғы баяндамасына жүгінсек, АҚШ зерттеуге енген 64 мемлекеттің ішінде 47- орын алып, өмір сүру үшін ең нашар елдер санатынан табылды.

Экспаттар  Вьетнамды жұмыс істеуге ең қолайлы шет мемлекет деп атап, оны осы субкатегория рейтингінің көш басындағы елдер қатарына қосқан. Яғни, Вьетнам бұл тізімде биыл Бахрейнді кейінге ығыстырып отыр. Португалия, Испания, Тайвань болса, өмір сапасы ең жоғары елдердің үштігіне енді. Ал, Финляндия төртінші жыл қатарынан отбасылық демалыс үшін әлемдегі ең жайлы жер ретінде бірінші орыннан көрініп келеді.

Америкаға көшкен үш экспаттың біреуі табыстарының көбейгенін айта отырып, сол кірістің күнделікті шығындарға жұмсалып кетіп жатқанына шағымданған. Құрама Штаттарды қиын елдер рейтингінің төменгі сатысына оның медициналық қызметінің тым қымбаттығы түсірген.

Эмигранттардың үштен екі бөлігіне жуығы немесе 64%-ы Америкадағы білім сапасына жақсы баға берді. Бірақ, олардың жартысынан астамы немесе 55%-ы шығындарға таңданса, төрттен үш бөлігіне жуығы АҚШ-та бала бағуды тіпті қолжетімсіз деп атаған.

"Егер балаларыңыз болса, оларды асырауға бар дүниең кетеді", - дейді Құрама Штаттардың мектеп жүйесіне көңілі толмаған франциялық экспат.

АҚШ-тың рейтингін шектеп отырған тағы бір фактор – қауіпсіздік. Респонденттердің 69%-ға жуығы өздерін Америкада қауіпсіз сезінетіндерін айтқан. Алайда бұл көрсеткіш дүниежүзінің өзге елдерімен салыстырған едәуір төмен. Шетелдіктердің орта есеппен 81%-ы басқа мемлекеттерде сақтық шаралары көбірек қамтылған деп жауап беріпті. Дегенмен, Америкада әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда біршама жоғары балл алған салалар бар. Ол – байланыс. АҚШ "Сандық өмір" бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Мұнда интернет жылдам, әсіресе, оған үйде қосылу айтарлықтай жеңіл болып отыр.

Экспаттар мақтаған Қазақстан

Сауалнамада 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы үздік нәтиже көрсетіп, үлкен "жеңімпаздар" қатарына Индонезия, Катар, Қазақстан енді. Ал, экономиканың әлсіреуі, шығындардың көбеюі, шешім қабылдаудағы шабандық Кипрдің, Коста-Риканың, Оңтүстік Кореяның рейтингін бұрнағы жылдармен салыстырғанда бірнеше позицияға төмендеткен.

Экспаттар Қазақстанды ерекше мақтап отыр. Осы сауалнама 2014 жылы жүргізіле бастады. Содан бері біздің ел 27 рейтингтік орын ұтқан. Биыл экспаттардың 80%-ға жуығы Қазақстанда тұрып жатқандарына риза екендерін айтты. Олар Қазақстандағы қызметте өсу перспективасын, "жергілікті халықтың бай мәдениетін" және транспорт саласындағы дамуды еліміздің ең үлкен жетістіктері деп атаған.

Шетелде жұмысқа тұру индексі бойынша Қазақстан өз позициясын 21 көрсеткішке жақсартып, қызметтік перспектива мен өмірге қанағаттану рейтингі бойынша алғашқы бестікке енді. 2019 жылы респонденттердің 58%-ы біздің елдегі мансабына ризамын, 22%- ы өте ризамын деп жауап берген.

Орналасу жеңілдігіне келсек, Қазақстан барлық факторлар бойынша жақсарып, әсіресе, "үйдегідей сезіну" субкатегориясы бойынша 31-орын алған. Сауалнамаға қатысқан экспаттардың төртен бір бөлігінен астамы немесе 26%-ы жергілікті мәдениетке тез үйреніп кеткен. Ал, былтыр бұл көрсеткіш 13% болды. Шетелдік қоныстанушылардың 27 %-ы Қазақстандағы өмірге бейімделу өте жеңіл деген пікірмен толық келіскен. Былтыр олардың саны 16 %-ы аспап еді.

"Қазақстанды, оның орналасқан жерін, халқын, бай мәдениетін жақсы көремін", - дейді филиппиндік экспаттардың бірі.

Сонымен қатар, Қазақстан өмір сапасы ең төмен елдер ондығынан шықты. Жергілікті тұрғындармен тілдесу және демалысқа келсек, экспаттардың 23%-ы бұл факторлар бойынша Қазақстанға өте риза екен. Ал, былтыр олардың қатары 10%-ға әрең жеткен. Expat Insider зерттеуіне қарағанда, экспаттардың 74%-ы елімізде көліктік инфрақұрылым едәуір жақсарды деп есептейді. 2018 жылы мұндай ойдағы экспаттардың қатары 51%-ды құраған.

"Мұнда ештеңе алыс емес, жаяу немесе таксимен баруға болады. Кез-келген жерге 30 минуттан аз уақытта жетуге мүмкіндік бар", - дейді астанада тұратын үндістандықтардың бірі.

Жеке қаржы индексі бойынша Қазақстан 2016 жылдан бері бірінші ондықтан түспей, биыл тіпті екінші орыннан көрінген. Елімізде экспаттардың 4%-ы (2018 жылы – 10%) ғана қазір өзінің қаржылық жағдайына риза емес.

Катарға тоқталсақ, бұл әмірлік жұмысқа тұрудың түрлі варианттары ұсынғаны үшін және өмір сүру арзандығымен экспаттардың жоғары бағасына ие болды. Шетелдіктердің пікірінше, Парсы шығанағы жағалауында орналасқан бұл мемлекетте "саяхат пен болашаққа" қор жинайтын мүмкіндік бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу