Inbusiness.kz тілшісі көктемгі егіс науқаны кезінде бекітілген дизель отыны бағасын күзгі жиын-терін жұмыстары үшін ұсынылған бағамен салыстырып, отынның шын мәнінде қымбаттағанын анықтады.
Мамыр айының соңына қарай Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары қалай өтіп жатқаны жөнінде Орталық коммуникациялар алаңында есеп берген еді.
Онда Ербол Шырақпайұлы шаруалар егіс жүргізуге арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілгенін хабарлап, Энергетика министрлігімен келісім бойынша ақпан-маусым айларына шамамен 419 мың тонна дизель отыны бөлінгенін жеткізді.
Министр ұсынған ақпаратқа сәйкес, сол кездегі бағаларға назар аударсақ - МӨЗ-дер бекіткен баға тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге болып белгіленген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер (АШТӨ) үшін республика бойынша орташа баға литріне 204 теңгені құрады, бұл нарықтық бағадан 30-31% арзан. Сонда сол кездегі дизель отынының нарықтық бағасы шамамен 265,2 теңгені құрап отыр. Жеңілдік - 61 теңге шамасында.
Одан бері дизель отының нарықтық бағасы 10,1%-ға қымбаттап, бүгінде жанар-жағармай құю станцияларындағы дизель отынының шекті бөлшек бағасы 1 литр үшін 295 теңгеге жетті.
Енді арнайы жеңілдікпен берілетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бекітілген жаңа бағаға қарар болсақ, бүгін жарияланған Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, мұнай өңдеу зауытының (МӨЗ) қақпасындағы баға 1 литр үшін 239 теңге. Бүкіл шығындар есепке алынып, фермер үшін орташа баға 1 литр үшін шамамен 257 теңге, 1 т үшін 284 мың теңгені құрады. Қазіргі уақытта жанар-жағармай құю станцияларындағы дизель отынының шекті бөлшек бағасы 1 литр үшін 295 теңгені құрайды. АШТӨ үшін бөлшек сауда құны (295 тг./литр) мен КЖТЖ-ға арналған дизель отынының бағасы (шамамен 257 тг./ литр) арасындағы айырмашылық – 14,8 % (шамамен 38 тг. жеңілдік). Энергетика министрлігі көктемгі науқанмен салыстырмалы анализ жасап, жеңілдік құны 13,9%-ға өскенін айтады.
"Күзгі кезеңде АШТӨ үшін дизель отынының бағасында көрсетілген жеңілдік көктемгі кезеңмен салыстырғанда жоғары екенін атап өтеміз. 2023 жылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде дизель отынына жеңілдік 13,9 % (шамамен 26 тг. жеңілдік) құрады", - делінген министрлік хабарламасында.
Ал біздің, жоғарыда көрсетілген сандарды негізге ала отырып, есептеуіміз бойынша, фермерлерге арналған дизель отыны бағасы 20,6%-ға қымбаттаған, ал жеңілдік құны бойынша екі министрліктердің айтқаны бір-біріне мүлдем сәйкес келмейді. Біз жоғарыда көктемгі маусымда жеңілдік құны - 61 теңге шамасында екенін анықтадық, ал Энергетика министрлігі бүгін мүлдем басқа санды 26 теңге жайлы айтып отыр.
Сонда Энергетика министрлігінің беріп отырған ақпараты жалған ба, әлде Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі маусым кезінде асыра сілтеушілікке берілді ме деген орынды сұрақ туындайды. Нарықтық баға бар болғаны 10%-ға қымбаттаған болса, бір маусым ішінде фермерлерге ұсынылатын баға айырымы неге 20%-дан асып кеткен?!
Қазақстанда күзгі жиын-терін жұмыстары шілде айынан қараша айын қоса алғанда жүргізіледі. Шілде айына МӨЗ-ден АШТӨ-ге дизель отынын жеткізетін өңірлік операторлар 2023 жылғы КЖТЖ-ға бөлінген көлемнің тек 4,5 мың тоннасын немесе 1%-ын (426 мың тонна) тиеп-жөнелтті.