"Фермерлерге өнім жинау көлемін жыл сайын арттыра беруді міндеттеу керек"

1975

Ғалымдар фермерлерге еңбек өнімділігін арттыру жолын айтты.  

"Фермерлерге өнім жинау көлемін жыл сайын арттыра беруді міндеттеу керек"

"Ғылым қоры" акционерлік қоғамының "Ғалымдар алаңы" онлайн платформасында ғалымдар мен мамандар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін талқылады.

"MODERN CHEMISTRY" ЖШС директоры, химия ғылымдарының докторы, профессор, "Өсімдіктің өсу стимуляторлары – гумат фосфатын өндіру" жобасының жетекшісі Майлыби Алдабергеновтің айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек алу үшін фермерлер мен ғалымдар бірлесе жұмыс істегені жөн.

"Фермерлерге ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау көлемін кемітпей, керісінше жыл сайын арттыра беруді міндеттеу керек. Мысалы, Америка мен Канадада гектарына 49-50 центнер астық алады. Ал біз өткен жылы гектарына 12 центнер жинғанымызда төбеміз көкке жеткендей қуандық. Биыл 18 центнер өнім алсақ, келесі жылы 20 центнер алуды мақсат тұтайық. Сонда ғана алға жылжу болады. Астығы аз шыққан шаруа "биыл күн немесе су болмады" деп шағымдануы мүмкін. Дегенмен олар өз өнімінің бітік шыққанын ойлайды. Ол үшін фермерлер ғылыми ұйымдарға деген көзқарасын өзгертіп, ғалымдармен кеңесіп отырғаны жөн", – деп айтып өтті профессор.

Ғалымның пікірінше, еңбек өнімділігін арттыру үшін химиялық тыңайтқыштармен қатар, минералдарды да пайдаланған дұрыс.

"Біріншіден, топырақ құнарлығын арттыратын фосфорлы, азотты немесе басқа да тыңайтқыштар мен микроэлементтерді әр өсімдікке қажетті мөлшерде ғана пайдаланауымыз керек. Екіншіден, еліміздің климаттық жағдайына төзімді өсімдіктер селекциясымен айналысқан жөн. Үшіншіден, астық жинап болғаннан кейін топырақты міндетті түрде тыңайтып, нәрін кері қайтару керек. Ол үшін елде минералды тыңайтқыштар өндірісін жетілдіріп, органикалық тыңайтқыштарды пайдалануды қайта бастаған дұрыс. Бұдан басқа, өсу стимуляторын қолдану мәселесі бар. Ол тыңайтқыш емес. Тұқымдарды өңдеу үшін аз ғана стимулятор қажет әрі бағасы да арзан. Сондай-ақ, органикалық тыңайтқыштар өндіру үшін құс пен малдың қиын өңдейтін кәсіпорындар салу қажет. Қазір құс фабрикалары қалдықтарын далаға төгіп жатыр", – дейді Майлыби Алдабергенов.

Сонымен қатар, химия ғылымдарының докторы сыра, шарап, спирт зауыттарының қоқысқа лақтырып тастайтын органикалық қалдықтарынан да мал жемдеуге арналған өте сапалы қоспалар әзірлеуге болатынын да алға тартты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биология кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы Кәрім Боғұспаев елімізде биогумус және биологиялық препараттар өндірісінің әлеуетіні зор екенін мәлім етті. Оның айтуынша, арнайы құрттармен мал қиын өңдеген кезде "биогумус" деп аталатын тыңайтқыш зат өндіріледі.

"Біздің жобаға Біріккен Араб Әмірліктерінен қызығушылық танытқандар болды. Оларға жылына 16 мың тонна биогумус қажет. Бізге бірден мың тонна жеткізуге тапсырыс берді. Алайда қазір біздің қуатымыз бұған жетпейді. Дегенмен үш жылдан кейін осындай тапсырысты орындай алатын боламыз. Айта кетсем, биогумус гептилмен уланған топырақты 96-98%-ға дейін тазалай алады. Тіптен Семей полигонындағы топырақты да тазартуға болады", – дейді биология ғылымдарының докторы.

"Ғалымдар алаңы" жобасының модераторы басқосу барысында қозғалған мәселелерді ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеушілерге жолдайтынын айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу