67 жоба қаржыландырылмай қалды

4649

"Ғылым қорына" 200 млрд теңге бөлу қажет. 

67 жоба қаржыландырылмай қалды

Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорларына сын садағын тартты. 

"Технологияларды коммерцияландыру – ғылым мен бизнес интеграциясының құралы" атты V халықаралық форумда сенатор дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын форумға бесінші рет қатысып отырғанын, бес жиында да жоғары оқу орындарының ректорларын кездестірмегенін айтты.

"Мұның басты себебі елімізде білім саласына ғылым саласымен салыстырғанда 20 есе көп қаражат бөлінеді. Сондықтан жоғары оқу орындарының басшыларын ғылым саласы қызықтырмайды", – деді Бақытжан Жұмағұлов.

Спикердің пікірінше, "Ғылым туралы", "Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру" туралы заңдар "Ғылым қоры" акционерлік қоғамының тамырына қан жүгірткен.  
"Мен білім және ғылым министрі қызметін атқарған кезде, аталмыш қор "Парасат" ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің құрамында болды. Кейін жеке-дара бөлініп шықты. Уақыт өте келе "Ғылым қоры" нақты нәтижелерге қол жеткізе бастады. Дегенмен ғылым саласындағы барлық мәселе түбегейлі шешілген жоқ", – деді ол.

Сенатордың сөзінше, биыл үкімет жанындағы жоғары ғылыми комиссияның отырысында мақсатты қаржыландыруды - 65%-ға,  гранттық қаржыландыруды - 115%-ға арттыру туралы шешім қабылданған. 
"Өкінішке қарай, технологияны коммерцияландыруға 5,4 млрд теңге ғана бөлінді. Қазір 153 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған 38 млрд теңге бөлінген. Барлық жобаның 14,5%-ын бизнес өкілдері қаржыландырған. Бұл шамамен 5 млрд теңге. Бұдан шығатын қорытынды, бизнес отандық ғылымға бет бұрып, ғалымдарға сенім артып отыр. Елімізде ғылымды коммерцияландыру үдерісі жүріп жатыр. Десек те отандық бизнесмендердің әлеуеті шектеулі. Олар енді еңсе тіктеп жатыр. Осыны назарға алсақ, алдағы 5 жылда ғылым әлі де мемлекеттің қолдауына тәуелді болады", – деді Бақытжан Жұмағұлов.

Оның ойынша, "Ғылым қорына" кем дегенде 200 млрд теңге бөлу қажет. 

"Осылай болғанда "Ғылым қоры" толық қуатымен жұмыс істейді. Бұл акционерлік қоғам. Оның жарғылық капиталын толтыруға тыйым салынбаған. Кез келген елде, кез келген уақытта осылай жасалған", – деді Бақытжан Жұмағұлов.

Сөз арасында сенатор 2018 жылы жарияланған байқауда 67 жоба жеңіске жеткенін, оларды қаржыландыруға 1 млрд теңге бөлінгенін, кейін бюджетте ақша жоқ деген сылтау айтылып, үшжақты келісім орындалмай қалғанын айтты. 

"Бұл дұрыс емес. Отандық, шетелдік мамандардың сараптамасынан өтіп, ғылыми ұйым, "Ғылым қоры" және бизнесмендер арасында рәсімделген үшжақты келісімнің шарттары орындалуға тиіс. Қазір 67 жобаның сыртында мыңдаған ғалым, 60-қа жуық бизнес компания тұр. Оларға уәде етілген ақшаны беру қажет. "Ғылым қоры" бизнес ғылымнан теріс айналмасын десе, мәселені шешіп, қатесін дұрыстау керек. Келесі жылдың басында 67 жобаны қалайда қаржыландырылуы тиіс. "Ғылым қорына" байқау жариялау үшін жылдың басын, не соңын күтудің қажеті жоқ. Жоба түсті ме, әрекет ету керек", – деді Бақытжан Жұмағұлов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу