Білім және ғылым министрлігін бір жылда үш министр басқарды

6558

Білім беру саласындағы өзгерістерге шолу. 

Білім және ғылым министрлігін бір жылда үш министр басқарды

Биыл еліміздің саяси, экономикалық, қоғамдық және әлеуметтік өмірі маңызды оқиғаларға толы болды. Әсіресе, білім беру мен ғылымға жауапты тұлғалар жыл бойы жаңалықтарымен жұртшылықты елеңдетіп отырды.   

Еліміздің білімі мен ғылым саласын үш жыл басқарып, жаңашылдығымен танылған Ерлан Сағадиевтің орнына  2019 жылдың 25 ақпанында Күләш Шәмшидинова келді.  Алайда Күләш Ноғатайқызы жаңа оқу жылын бастап үлгермей –ақ қызметінен кетті. Маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі министр Асхат Аймағамбетовты тағайындады. Осылайша, Білім және ғылым министрлігі басшысы қызметін бір жылда үш министр атқарды. 

Сонымен қатар білім саласындағы елең еткізер жаңалықтардың бірі – жоғары оқу орындарында 1 қаңтардан бастап сырттай білім алу тоқтатылып, орнына қашықтан оқытатын технологиялар арқылы "ішінара оқу" жүйесі енгізілді. Шетелдік оқу орындарында part time атауымен танымал жүйе бойынша оқитын білім алушылар оқу бағдарламасының 100 пайызын толық игереді. Бұрын сырттай оқыған студенттер мамандығының 65 пайызын ғана алып шығатын.

Үкіметтің биылғы жылғы 31 тамыздағы қаулысымен "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы әзірленіп, Парламентте қабылданды. Жаңа заңда педагогтерді ынталандыру үшін үстемеақы, көтерме жәрдемақы төлеу, ұстаздарға қолдау көрсету, бейіні мен біліктілігін арттыру қарастырылған. Сондай-ақ мұғалімнің баспана алуы, олардың демалысын ұйымдастыру, балаларын балабақшаға орналастыру тәрізді әлеуметтік кепілдіктер мен т.б. мемлекет тарапынан қолдау көрсету көзделген. Яғни педагогтердің міндеті мен жауапкершілігі артады.

"Бұл орайда мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынатын болады. Құқық бұзу субъектісіне байланысты мұғалімдерге өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл заң жобасында қарастырылған",– деген еді министр.

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысын екі есе өсіру жөнінде тапсырма берді. "Ең бастысы, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалақыны төрт жыл ішінде екі есе өсіру бойынша мәселелер де қарастырылды",- деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Алдағы үш жылда ұстаздар жалақысы үшін мемлекет тарапынан 2 трлн 671 млрд теңге бөлінбек. Ведомство дерегінше, білім беру ұйымдары педагогтерінің лауазымдық ақысына (тарифтік ставкасы) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 1,25 ставка мөлшерінде, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 1,5, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75 мөлшерінде түзету коэффициенті қолданыла бастайды. Ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2-ге жетеді. Сонымен қатар, мұғалімдерге бұдан басқа да қосымша ақы төлеу қарастырылды.

Келер жылы тек оқытушылардың ғана емес, білім алушылардың да материалдық жағдайы жақсармақ. Биылғы жастар жылының жабылуы мен волонтер жылының ресми ашылуы салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап студенттердің шәкіртақысын 25%-ға көтеруді тапсырды. Докторантура, магистратура бакалавриатта оқитын студенттердің ғана емес, колледжде білім алушылардың да стипендиясы 25%-ға артады.

Диссертация, ғылыми жұмыс жазылған жерде плагиаттың қатар жүруі әдетке айналғаны – шындық. Тіпті Білім және ғылым министрлігінің білдей бір вице-министрі де осындай дау-дамайдың астында қалды. Осыдан кейін білім министрі ғылыми жұмысты плагиатқа тексеруде жаңа жүйе енгізілгенін  мәлім етті.

"Алдағы уақытта диплом, магистрлік, ғылыми жұмыстар "Turnitin" жүйесі арқылы тексеруден өтеді. Плагиатқа қатысты тиісті нормативті құжаттарға өзгерістер енгіздік. Яғни бұрынғыдай магистрлер мен ғалымдар қорғап кеткен жоба, жұмыстарын қайта қорғау, тексеру, дәлелдеу деген болмайды. Айтар болсақ, 2009 жылы қорғалған диссертация плагиат деген күдікпен қоғамда үлкен резонанс тудырды. Плагиатпен күдікке іліккен тұлғаның кім екенін сіздер білесіздер, ол кейін өтініш жазып, қазір министрлікте жұмыс істемейді", – деді Асхат Аймағамбетов ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында

Жылдың тағы бір жаңалығы ретінде еліміздің жоғары оқу орындарындағы магистратураға оқуға түсу шарттары өзгергенін айтуға болады. Биыл жазда талапкерлер GMAT форматында кешенді бір ғана емтихан тапсырды. Емтихан кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері, арнайы мониторингтік топтар, БАҚ және қоғамның белсенді өкілдері бақылаушылар ретінде қатысып, жіті қадағалап отырды. Нәтижесінде мыңнан астам ереже бұзу фактісі тіркелген. Сынаққа кіргізу және тестілеу кезінде жиырма мыңнан астам смартфон мен басқа да электронды құрылғылар, бес жүздей "шпаргалка", төрт жүздей калькулятор және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленген. Салыстыру үшін айтар болсақ, былтыр емтихан тапсыру аудиторияларынан екі жүздей ғана талапкер шығарылған болатын.

Биыл PhD докторлары мен магистрлерді даярлау айтарлықтай артқан. 2016 жылы докторанттарға 7 429 тапсырыс болса, 2019 жылы тапсырыс саны 13 159-ға дейін жеткен. Ғылым саласында 384 ұйым бар екен. Оларда 22 378 адам зерттеулермен, ғылыми жұмыстармен айналысады. Ал 7 748 ғалымның жасы әлі 35-ке де толмаған.

Сондай-ақ, магистратураға түсушілер үшін жаңашылдық пайда болып, яғни грант бұрынғыдай университетке емес, магистрантқа беріледі. Ал докторантураға түсемдеушілерден шет тілін білу дәрежесін анықтайтын IELTS, TOEFL тәрізді халықаралық сертификат  талап етіледі. 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу