Педагогке тән емес жұмыс жүктегендер айыппұл төлейді

7212

Үкімет отырысында "Педагог мәртебесі" талқыланды.

Педагогке тән емес жұмыс жүктегендер айыппұл төлейді

Бүгінгі Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов "Педогог мәртебесі" және "Педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімдерге жүктемені азайту мәселелері бойынша кейбір заңшығару актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бойынша баяндама жасады.

Министр баяндамасында заң жобаларын дайындау кезінде арнайы жұмыс тобы құрылып, ол топ еліміздің барлық аймақтарында педогогикалық қауыммен кездескенін айтты.

"Осы аралықта 18 мыңнан астам ұсыныс талданды. Барлық ұсыныстар мұғалімдермен, сарапшы қоғамдастықпен кеңінен талқыланып өтті. Әлеуметтік желілерде бес тікелей трансляция өткіздік, заң жобаларын дайындаудың халықаралық тәжірибесін ескердік. Атап айтқанда шетелдердің заңдары, ЮНЕСКО-ның мұғалімдер жағдайы туралы ұсыныстарын қарастырдық",– деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, "Педагог мәртебесі туралы заң жобасы" 19 баптан тұрады, ал қосымша заң жобасы 192 бапты қамтиды.

"Жалпы, заң жобасы ауқымды бес бағыттан тұрады: материалдық және материалдық емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаздардың кәсіби құқықтарын кеңейту, мұғалімдердің жүктемесін азайту. Материалдық емес стимулдар – мұғалімдердің жүктемесін төмендету, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі, мұғалімдердің балаларына балабақшадан бірінші кезекте орын беру, "Қазақстанның еңбегі сіңген ұстазы" мемлекеттік наградасын бару және т.б. Сондай-ақ, мұғалімдердің кәсіби құқықтары кеңейтілді. Мәселен, оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру курстарын өздері таңдау тәрізді құқықтар беріледі. Сайлану мен сайланбалы лауазымдарға орналасудың жаңа құқықтары да енгізілді. Бұл шаралардың барлығы мұалімдердің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруіне мүмкіндік береді деп сенеміз",- деді ҚР Білім және ғылым министрі.

Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетов педагогтің жүктемесін қысқарту бойынша жеке нормалар көзделгенін айтты.

"Бұл орайда мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынатын болады. Құқық бұзу субъектісіне байланысты мұғалімдерге өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл заң жобасында қарастырылған",– деді министр.

Педагог мәртебесін арттыру арқылы мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар да күшеймек әрі 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап университет түлектері педагог біліктілігіне сәйкестігін растайтын болады. Психикалық, мінез-құлқында ауытқулары бар, әрекетке жарамсыздығына байланысты дәрігердің бақылауында тұрған адамдарға педогогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынатындығын және т.б. өзгерістер болатындығын да министр айтты.

Баяндамада негізгі материалдық ынталандырулар  туралы да сөз болды. Мысалы, дәптер тексеру мен сынып жетекшілігі үшін ақыны екі есе өсіру, педагогтік шеберлігі үшін, магистр, тәлімгер болғаны үшін де қосымша ақы төлеу сияқты шаралар қарастырылған. Педагогтарға демалыс уақытын 56 күнге дейін ұзарту да айтылды.

"Ең бастысы, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалақыны төрт жыл ішінде екі есе өсіру бойынша мәселелер де қарастырылды",- деді ҚР Білім және ғылым министрі.

Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша заң жобасы әзірленіп, 3 кодекс пен 15 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

"Жалпы алғанда, жоғарыда аталған заң жобаларының нормаларын қабылдау, педагог мәртебесі мен беделін арттыруға, олардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасап, білім беру қызметінің сапасын арттырады деп санаймын. Осы заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын", -деді Асхат Аймағамбетов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу