Азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарттар бойынша табыс тауып отырған жеке тұлғалар биылғы жылдың шілдесінен бастап "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасын (МЗЖ) енгізіп отыруға міндетті. Бұл туралы Uchet.kz сайты хабарлайды. Бұған дейін аталған санатқа жататын азаматтар жарнаны өз қалауы бойынша ерікті түрде енгізіп тұруға құқылы болатын.
Дереккөзде айтылғандай, бұл туралы "Әлеуметтік қамту мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 2 шілдедегі №165-VI Заңында қарастырылып, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" Заңына өзгерістер енгізілген.
АҚС шарттар бойынша жеке тұлғаларға МЗЖ төлеу жауапкершілігі фрилансерлердің өз мойнына жүктеліп отырғанын Uchet.kz. сайтында жарияланған салық қызметінің ІІ дәрежелі кеңесшісі Г.Митюгиннің түсіндірмесінен ұғуға болады. Міндеттеме орындалмаған жағдайда ескерту жасалып, жыл ішінде міндеттеме қайталап бұзылатын болса, 10 АЕК (1АЕК =2405 теңге), немесе 24050 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Осынау қосымшадан БЖЗҚ жылсайын 1%-ға дейін түсім түрінде өз қоржынын молайтуы мүмкін. Мұндай болжам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі жарналарды есептеп жасалып отыр.
АҚС бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың нақты саны туралы мәлімет жоқ, есесіне 2017 жылдың екінші жартыжылдығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар бойынша мәліметтер бар. Аталмыш қорға осы мерзім ішінде 32,1 млрд теңге көлемінде аударымдар түскен, оның ішінде ЖК және АҚС бойынша жұмыс істейтін тұлғалардың жарнасы 17,8%-ды немесе 5,7 млрд теңгені құрады. Осы тұста фрилансерлер үшін мөлшерлеме 5% көлемінде болғанын айта кеткен артық болмас.
2018 жылдың басынан бері бұл міндеттеме жойылып, топтастырылған осы санаттағылардың жарналары салыстырмалы және абсолютті мәнде 10,5%-ға немесе 2,8 млрд теңгеге дейін төмендегенін қордың 2018 жылдың бірінші жартыжылдығына жасаған есебінен аңғаруға болады. Жарты жылда 2,25 млрд теңге көлемінде, немесе жылдық өрнекте 4,5 млрд жарна түскенін есептеу қиындық тудырмасы анық. Телефон арқылы болған әңгімеде қор өкілі 2017 жылдың екінші жартыжылдығында шартпен жұмыс істейтіндердің аударымдарының нақты мөлшері және салық төлеушілердің нақты санын айта алмады.
МЗЖ жүктелген мөлшерлеме 10%-ды құрайтынын, алайда ең төменгі айлық еңбекақының оннан бірінен кем болмауға тиістігін, яғни 2,82 мың теңге екенін ескерсек, БЖЗҚ-ға жылына 9 млрд теңгеге дейін түсім түсуі ықтимал.
2017 жылы БЖЗҚ-ға 723,8 млрд аударылып және 722,2 млрд теңге түскенін, ҚР қаржы министрлігінің статистикасынан білуге болады. Ал шарт бойынша жұмыс істеушілер үшін МЗЖ енгізу зейнетақы қорына түсетін түсімдерді бар болғаны 1,25%-ға ғана арттыруы мүмкін.
Айта кетейік, зейнетақы аударымдары еңбек өтілін айқындаудағы критерийлердің бірі болып табылады. Ол іске асырылғалы жатқан зейнетақы реформасы аясында ескерілетін болады. Аталған реформа зейнетақының базалық құраушысын өтіліне байланысты арттыруды көздейді. Еліміздегі әрбір 18-ші азамат зейнетақыдағы жаңашылдықтан тыс қалмақ, алайда мемлекет тарапынан қаржыландыру жылына шамамен 750 млн долларға өспек. Былтыр БЖЗҚ клиенттерінің шамамен 30%-ы зейнетақы жарнасын жасамаған.
Сұлтан Биманов, Гүлназ Ермағанбетова