Фуат Мансуров: "Күнде қазақ тілінде тілдеспесем, өзімді жұтап қалғандай сезінем"

1324

Ұстаз, Қазақ КСР халық әртісі, Татарстанның халық әртісі, РФ "Үлкен театрының" дирижеры Фуат Мансуров (1928–2010) тірі болғанда, биылғы қаңтарда 95-ке толатын еді. Ол ғұмырының соңғы күніне дейін өз Отаны санаған Қазақстанға қызмет етті, шәкірт даярлады.  Фуат Шәкірұлымен көзі тірісінде сұхбат құрдық. Сонда айтылған сырларды жинақтап, назарларыңызға ұсынып отырмын.

Фуат Мансуров: "Күнде қазақ тілінде тілдеспесем, өзімді жұтап қалғандай сезінем" Фото: tatarstan-symphony.com

– Фуат аға, Сіз 10-нан аса тіл білесіз, мұның құпиясы неде?

– Мұның толық жауабы да, қысқа жауабы да бар. Толығырақ айтсақ, тілдерді үйренудің қыр-сырын тану, жүйесін біліп, жүлгесін табу тәсілдерін ұзақ әңгімелеуге болар еді. Бірақ қысқаша айтсам, мен жалқау адам емеспін. Тырбанып, тынымсыз еңбек етемін. Татар отбасында тусам да, ана тілім – қазақ тілі деп санаймын, бала кезден білемін. Татар тілін бертінде, Қазан қаласына жұмыс істегенде үйреніп алдым. Түрік, өзбек, қырғыз, башқұрт және басқа түркі тілдес елдердің тілдерін меңгердім. Әрине, орыс тілі де бар. Бірақ оны біртүрлі жатсынып тұрамын. Тіпті француз тілінде орысшадан жүйрік сөйлеген кезім болды, тұтықпай сайрай жөнелетінмін, французшаны да балалық шағымда меңгердім.

Мектепте немісше үйрендім. 7-сыныпта бізге шыққан тегі неміс Инга Врублевская сабақ берді. Біз, балалар оның пәнін жек көрдік, себебі ол бізден сабақ үстінде тек қана неміс тілінде сөйлеуімізді талап етті. Орысшаны суқаны сүймейтін, өз сабағында орыс тіліндегі бір сөз үшін жазалайтын. Енді неміс тілін кемел деңгейде үйреніп шыққаным үшін ол кісіге алғысым шексіз. Өйткені музыка ғылымының бүкіл іргелі әдебиеті неміс тілінде ғой. Ал музыкалық мектеп пен консерваторияда итальян тілін үйрендім. Аргентинада испан тілін біліп алдым. Бұрындары Польшада жиі болғанмын, поляк тілінде еркін сөйлеймін. Қиқу естілсе, кәрі тұлпар делебесі қозып, дүбірге елігіп тұрады дейді ғой, қартайған шағымда жаңа үрдіске еріп, ағылшын тілін үйрендім.

Сырыммен бөлісе отырсам, тіл білу және оны ұмытып қалмау үшін күніне ең құрыса бір бет мәтінді сөздікпен болса да аударып шығуға тырысу керек. Шетелге гастрольмен шыққанда оркестр үшін бір орынды үнемдеп қалу маңызды, сол үшін аудармашы функциясын өзіме аламын. Жат елге шыққанда соның тілін үйренуге күш саламын. Ең бастысы, мейлінше көп сөз жаттау керек. Маған аудару ұнайды, әлдебір тілде өзгесінде жоқ ұғымдар, идиомалар кездесуі мүмкін. Бұл  – өте қызықты процесс.

– Сіз "Татар дөньясы" басылымына сұхбатыңызда "Менің жаныма ең жақын тіл – қазақ тілі. Күніне осы тілде бір сөйлем оқымасам, осы тілде тілдеспесем, өзімді жұтап қалғандай сезінем" деп ағынан жарылғаныңызды оқып, сүйсіндім. Ал ресейлік журналиске "Лучший город в мире для меня – Алматы. Это необыкновенный город, в нем особая атмосфера. ...И вода там необыкновенно вкусная. В Москве, например, я всегда покупаю воду, а в Алматы напиваюсь вкуснейщей водой прямо из-под крана" дедіңіз. Татар бауырларымызды былай қойғанда, орыстар көңілге ауыр алып қалады деп ойламайсыз ба?

– Көлгірсуді суқаным сүймейді, солайы солай! Алматы... О, ол менің туған шаңырағым! Оның әр көшесі бал балалық шағымнан сыр шертеді. Алматыға барған сайын ғажайып бір эйфорияны бастан кешемін. Білесіз бе, "Алматы – әлемдегі үздік қала" дегенде, бұл жерде тіпті де жалғыз емеспін. "Я не понимаю людей, которые из Алма-Аты уезжают на курорты" деп кезінде Хрущев тамсанып кеткен!

– Жаңылмасам, балалық шағыңыздағы ең қайғылы естеліктер де Алматымен байланысты емес пе?

– Рас, менің әкемді қолын бұрап, кісен салып, жазықсыздан-жазықсыз тұтқындағаны есімде. Үстін қан жауып кеткен оны машинаға бір-ақ атып, алып кетті. 4 жасар інім екеуміз осындай әділетсіз, қатыгез, аса жауыз актіге куә болдық. Бұл оқиға жүрегіме мәңгілікке жарасын салды, шер болып қатты. Жақында қуғын-сүргін туралы фильм көріп, сол ауыр сезімді қайтадан бастан кештім. Өзімді-өзім ұстай алмай, түні бойы бордай езіліп, егіліп шықтым...

– Ата-анасы бала кезінде Бетховенді роялда ойнауға аштықпен жазалап үйреткен, жас Паганиниді ұрып-соғып, шоланға қамап мәжбүрлеген. Сізді өнер әлеміне жетектеп әкелген кім?

– Шынында, ата-анам мүлде сауатсыз болғанымен, өнерден құралақан жандар емес еді, әйткенмен менің өнер әлеміне сапар шегуіме олар ықпал еткен жоқ. Әкем Шәкір – отбасымыздың асыраушысы, арқа сүйер асқаралы тауы болатын, ол саудагердің қолында жұмыс істеді, Қытайға барып-келіп жүрді. Әкем қалаға шыға қалса, бағыт көрсеткіштер мен дүкен атауларындағы әріптерді әспеттеп ақ қағазға түсіріп, кейін олардың мағынасын хат танитындардан сұрастырып, сауат ашқан. Анам алдымен фабрикада тігінші, соңынан драмалық театрда костюм цехының меңгерушісі болып істеген, есті, керемет ақылды әйел еді.

Мен 4 жасқа толғанда, Алматыда, көрші болып, бұрынғы патша офицері Расторгуевтардың отбасы көшіп келді. Оның әйелі Татьяна Николаевна роялда ойнап, әсем әуезді даусымен ән айтатын. Ол демалыс күндері терезені айқара ашып, граммофонды қосқанда, мені ғажайып бір күш елтіп, сол үйге тартушы еді. Басқа балалар көшенің шаңын шығарып жатқанда, мен сол үйдің терезесінің түбіндегі бытысып өскен ақжұпардың (жасмин) арасына тығылып, әуен тыңдайтынмын. Бірде тіпті сол жерде ұйықтап қалыппын, бәрі сабылып іздеп, тек ертесіне кездейсоқ тауып алған. Содан бері Татьяна апай өздеріне шақыратын болды. Ақыр соңында ол бес жасар мені әкемнің қарсылығына қарамастан музыка мектебіне жазғызды. Чио-Чио-Санның баласы рөлін ойнағанымда, 4–5 жасар шағым болатын.

Әкем әнді тек ойын-сауық үшін деп есептеді. "Нағыз мамандық туралы ойлау керек" дейтін. Мені білім-сауаты терең ғалым болады деп армандады. Мектепте математикаға алғыр болып, жарыстарға қатысып жүргендіктен, әкемнің аманатын арқалап, Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математикалық факультетіне түстім. Соңынан 7 жыл сабақ бердім. Кез келген математик түнде тұрғызса, жатқа соғатын атақты теореманың авторы, профессор Персидскийдің ассистенті болдым. Бұған еш өкінбеймін, өйткені аналитикалық ойлау қабілетімнің, бойымдағы жинақылық, өзіндік тез ұйымдастыра білу қасиеттерінің негізі осының арқасында қаланды деп білемін. Мәселен, менің әр күнім сағатына дейін бөлінген. Осылай сіңген сараптаушылық сана, обьектіні ақырына дейін зерттеп-білуге деген құлшыныс болмағанда музыканы да мұнша жақсы ұғынбаған болар ма едім...

– Фуат аға, сіз 29 жасыңызда Мәскеуде Жастар мен студенттердің Бүкіләлемдік VI фестивалінің бас жүлдесін бөктеріп әкетіп, сол 1957 жылы-ақ "ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртісі" атағын иелендіңіз. Ал 30 жаста Қазақ КСР Мемлекеттік симфониялық оркестрін құрушы және тұңғыш жетекшісі болдыңыз. 35-ке толғанда Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижеры болып, тізгінін қолға алдыңыз, 38-іңізде дирижерлардың Бүкілодақтық ІІ байқауының лауреаты атанып, келесі жылы "Қазақ КСР-нің халық әртісі" атанған екенсіз. Ал "Үлкен театрға" қалай келдіңіз? Ресейлік бір әріптесіңіз: "ешкімге айтпа, сол үшін ол дуа жасаған" деп әзілдеп еді...

– Ие, білмейтінің жоқ екен! 66-шы жылы Бүкілодақтық дирижерлар байқауында лауреат болдым, әлі есімде: банкеттен кейін қуанышым қойныма симай, аяғым жерге тимей, Свердлов алаңын шаңдатып келе жаттым да, "Үлкен театрға" тақағанда кенет кілт тоқтадым. Содан дереу көтеріліп, төртінші және бесінші колоннаның ортасына тұра қалып, "Міндетті түрде Үлкен театрды мойындатып, дирижеры боламын" деп серт бердім. Орындадым ғой! Міне, қырық жылдай сонда дирижерлық етіп келемін.

– "Принцесса Ди" өзі келіп, қолыңызды алыпты дегенді естіп едім. Өз аузыңыздан білуге асық болып отырмын...

– Өз өмірімде бастан кешкен үш жүздесуді "тағдырдың сыйы" деп білемін. Әлі есімнен кетпейді. Лондонда өткен концерттердің бірінен кейін Диана ханшайымның өзі қасыма келіп, шексіз алғысын білдірді де, нәзік қолдарымен қолымды қысты. Мен деген эмоцияның адамымын ғой, қатты толқып кеттім. Содан біраз күн бойы... оң қолымды жумай, ханшайымның қолының табын "сақтап жүрдім"!

Герберт фон Караянмен де жүздестім: 1970 жылы "Большойдың" жас дирижеры болатынмын, маған Мәскеу консерваториясының студенттік оркестрін Караян атындағы Халықаралық оркестрлер байқауына әзірлеу тапсырылды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған жеті айдан астам уақыттан кейін Берлинге аттандық. Түсе салысымен атақты Hochschule залында репетицияны бастап кеттік. Бірде дайындығымызды тамашалауға Караянның өзі келіпті! Рампаның шетіне елеусіз жайғасқан ол біздің қалай ойнағанымызға мұқият құлағын тосып отырған. Теңіздің алып толқынындай өршеленген оркестріміз ойынын аяқтағанда, күтпеген жерден ол маған жақындап келіп, қолын берді. Сосын қатты құшақтады да, "Wun-derbar!" (Ғажайып!) деді. Сол жолы біз бірауыздан үздік танылып, фестивальдің алтын жүлдесін олжаладық. Ал мен ұлы музыканттың саусағы тиген қолымды үш күн бойы су тигізуден қорғадым. Атақты дирижер Леонард Бернстайнға қатысты да дәл солай істегенім бар.

Бірақ керісінше жасауға жаным шыға асыққан кездер де болды. Бірде Рудольф Нуриевпен таныстырды, ал ол сол тұста...ЖИТС салдарынан шөгіп бара жатқан. Шаштары тегіс жидіп түскендіктен, басынан тақиясын тастамайтын. Қоштасарда Рудольф қолын ұсынды, оны қыспауға арым жібермеді. Ал артынан қолымды сабындап жууға құйындай ұштым...

– "Егер музыкант жаман ойнаса, оның аспабын алып қойып, қолына қос таяқ ұстатады. Егер барабанда да түк шығара алмаса, бір таяқшасын тартып алып, дирижер етеді – дирижерлар, міне, осылай дүниеге келеді". Фуат аға, ұлы дирижер Рикардо Мути айтты делінетін осы әзілге қалай қарайсыз?

– Иә, көп адамға біз жай теріс қарап, таяқ сілтеп тұрған сияқтымыз, қарапайым жанға көп жай – түсініксіз. Ал ақиқатында, бұл – ғажап мамандық! Дирижер музыкадағы "нөмір бірінші фигура"! Зал мен оркестрді және керісінше, оркестр мен залды бір арын-арнаға салатын барлық саз-сезім толқындары дәл осы дирижердан бастау алып, тасқындай төгіліп, айналасына дариядай жайылып жатады. Осынау өнер шыңына жету үшін біз қоржынымыздағы қимыл мәнерлерін, мимика мен пластиканы – бәрін-бәрін мейлінше толыққанды пайдалануымыз керек, олардың барлығы орындалар әуеннің ағынымен үндес болуы қажет.

Бұл мамандықтың ерекшелік-нюанстері бастан асады: тіпті қарабайырландырсам, бірнеше сағат тіктен-тік тұрып, оркестрді басқара алатындай төзімділік пен жанкештілікті талап етеді емес пе?!

– Сіз қойылым қойғанда алдыңызда партитура мен пюпитрдің жоқтығын байқап жүрміз. Жаңылып қаламын-ау деп қауіптенбейсіз бе?

– Дирижерларды екі топқа жатқызамын: бірінің партитурасы – басында, екіншілерінің басы – партитурада! Соңғылар әрине оркестрдің қимылына ере алмай, соңынан салпақтап жүреді. Ал мұнда керісінше дирижер одан бір адым алда жүріп, музыканттарды соңынан ертуі керек. Екі адым алға кетіп, алыстауға да болмайды, бір адым кейіндеп, арттап қалуға да жол жоқ. Тек бір адым! Мен осыдан қорқам. Сондықтан күн-түн демей, дайындалып, көбіне жатқа ойнаймын. Егер мен операны жатқа білмесем, көзімді түсіріп, партитураға сығалап тұрсам, жасыратын түгі жоқ, бойымды үрей билер еді. Ал қорыққан жақсы емес...

– Қарапайым жандар үшін әр дирижердың өзіндік басқару стилінің болатыны да көңілден тыс, көзден таса жайттардың бірі емес пе?

– Ол сөзсіз. Дирижердың музыканттардың тез ішін пыстыратын "қасиеті" болады, олар сәлден кейін есіней бастайды. Онда бітті дей беріңіз, олармен араңызда балталасаң мызғымас бетондай бей-жай, селсоқ қарым-қатынас орнайды. Одан аман қалу үшін репетицияны мейлінше қанық, мәнді етіп өткізуге жан саламын, нақты міндет-талаптар қоямын. Әлденені еш қажетсіз қайталата беруді ұнатпаймын, нақты бір қателіктерді жоюға жұмыс жасаймын. Оркестрдің әр мүшесі сенің қадалып қарап тұрған көзіңді сезінуі керек, бірде бір фальшты нота естілмеуін жіті қадағалаймын. Шетел басылымдары менің бұл жағынан "жан-жақты жабдықталғанымды" жазады, Құдайға шүкір дейміз. Қазақстанда бес жасымнан виолончельді үйрендім, домбыра тартып, үрмелі аспаптарда, сондай-ақ симфониялық оркестрдің барлық дерлік аспаптарында ойнай аламын. Сондықтан технологияға қатысты проблемам жоқ. Стилім де осы "құзырлы білімге" құрылған. Дирижерлық етіп тұрғанда оркестрдің бір аспабы "фальшке" ұрынса, нотадан ауытқыса, оны жан-жүрегіммен сезінемін. Ондайда музыкантқа қиындықтан қалай байқаусыз шығып кету керектігінің жөнін көрсетіп жіберуге құзырет, машығым жетеді. Музыкант пен дирижер арасындағы өзара жылы қарым-қатынас осыдан қалыптасады. Қай аспаптың мүмкіндік-шамасының қандай екендігін білу деген дирижер үшін қол жете бермес асыл қазына!

– Неміс дирижеры Вильгельм Фуртвенглер: "дирижер тақап қалғанда-ақ оркестр оның қандай екенін: өзін жетектейтін, әлде өзі жетекке еретін дирижер келе жатқанын біліп отырады" дейді. Консерватория бітірген, лауреат атақтары дардай, өзін асқан дарын иесі санайтын музыканттармен тіл табысу қиынға айналатын кездер болды ма?

– Болады. Ал ондай жайт жиі кездесе бермеуі үшін басқарушылық қасиет қажет. Дирижер шығармашылық авторитетімен олардың мысын басып отыруға тиіс. Егер дирижердың ішкі жан-дүниесі бай болса, өз саласындағы барлық технологияны жетік меңгерсе және оның ең білікті, тәжірибелі музыкантпен бөлісер білімі мол болса, ұтқаны! Сол Фуртвенглер "дирижер өзінің дирижер екенін күн сайын дәлелдеп отыруға міндетті" дейді. Мен бір сырдың бетін ашайын. Қандай жақсы болсын, кез келген оркестр үшін дирижер – қарсылас! Мәселен, сен ақ тер-көк тер болып, маңызды дайындықты өткізіп жатасың. Репетиция үстінде олардың бірі дирижердың адресіне сыни реплика тастайды да, бүкіл оркестр сенің қалай жауап беретініңді, масқара болуыңды, қызарақтауыңды тағатсыздана күтіп, бетіңе тесіле қарайды. Ұстазымның бірі, атақты Хайкин: "Дирижер оны ыстық қалпында қайтаруы қажет" деп үйретті.

Басымнан мынадай оқиға өткені бар: онда жас дирижер болатынмын, оркестрді Бородиннің пьесасын қоюға әзірлеп жаттым. Ал партитураның соңында 4 рет "perdendosi" деп жазылып қойыпты. Сюжет бойынша керуен көкжиектен асып, жоқ болатындықтан бұл жерде ол "тынышталу, жоғалу" деген ұғымды білдіреді. Оркестр ақырындап барып, тыншыды, сілтідей тыныштық орнады. Кенет музыканттардың бірі "Маэстро, ПЕРДУНДОСИ дегеніңізді түсінбедім ғой!" демесі бар ма? Сауалдың астарына мазақ жасырынғанын ішім сезеді. Содан сәтті жібермей, дереу жауап бердім: "Сөзбе-сөз "perdendosi" "босату" дегенді білдіреді. Бірақ сенің аузыңнан шыққаны да соған тікелей қатысы бар!" дедім. Оркестр күлкіден жарылып кетті. Осыдан соң көпке дейін "Большойда" менімен мүйіз қағыстыруға ешкімнің батылы бармады. Дирижер бір мезгілде диктатор және епті психолог бола білгені жөн. Онсыз үлкен оркестрде әркім бас басына би болып, басынып кетеді. Сұранысқа ие дирижерлардың қатары селдір тартып тұратыны содан...

– Сіз ертеректегі бір сұхбатыңызда америкалық Бостон және Кливленд оркестрлерін эталон ретінде қарастыратыныңызды айтып едіңіз. Пікіріңіз өзгерген жоқ па?

– Қазір де солай. Америкада оркестрлер өте жақсы қаржыландырылады, музыканттардың мыңнан озғандары соларға ағылады. Батыста егер музыкант беделді оркестрде он жылдай ойнаса болды, ол өмірінің соңғы күніне дейін жететін дәулет жияды. Өте жоғарғы жалақы өте жоғарғы талапты туындатады, ұжымға дем-стимул беріп, оның жауапкершілігін, ойнау сапасын биіктетеді.

Американдық оркестрлердің деңгейі әзірше Ресей үшін асу бермес асқар шың! Ең үздік, озық деген ресейлік оркестр батысеуропалық ортанқолдармен терезе теңестіре алмайды, мұнда мәдениет төмен. Оны айтасыз, "Большойдың" өзі қаржы жетпегендіктен, халтураларға жиі жүгінуге мәжбүр. Оркестрлер қаптап келеді, бұрын Мәскеуде алтауы ғана болған, бүгінде – 26. Олар дарын-деңгейі биік музыканттар қатарының көбеймеген жағдайында осынша өніп жатыр. Ресейде ешқашан өз талап деңгейіңізді толық қанағаттандыратын бірде бір репетиция жинай алмайсыз! Сол себепті концерттерден жиі бас тартуыма тура келеді. Ресейде мектеп те жоқ, жағдай да жасалмаған. Тіпті демеушілік туралы заң жоқ. Көптеген ауқатты оркестрлерге көмектесуге құлшынады, бірақ олардың арасында "ақымақтар" аз, қайтарымы болса деп дәметеді. Мен Қазақстанның да, Татарстанның да басшылығына әлемдік деңгейдегі бір оркестр жасау қажет дегенді жиі қайталаймын. Мәдени құндылықтар ешқашан ескірмейді, құны түспейді. Ол елдің бетке ұстар мақтанышына айналар еді.

– Бірақ бұл тек қаржыға ғана тіреліп тұрған жоқ қой...

–Әрине. Міне, жарқын мысал: "Большойдың" ең үздік музыканттары 450 рубль алған тұста Михаил Плетнев "Ресей ұлттық оркестрін" құрып, үш есе жоғары жалақы белгіледі. Сөйтіп, музыканттар арасынан әп-сәтте "бетке шығар қаймақтарын" қалқып, өзіне тартып алды. Ол өзі телеарналарға шығып, әлемдегі мойны озық оркестр құруға бір жыл мұрсат сұрағаны бар. Ақыр соңында олар дирижерлыққа Спиваковты алдыртты. Сол оркестр Қазанда болғанда, оның құрамындағы шәкірттерім маған келіп: "Біз Спиваковтан көп нәрсе күтіп едік, сөйтсек, ол бар болғаны "понтярамен" айналысады екен" деп шағымданды. Айтпақшы, сол Спиваков оркестрді басқарып тұрып, залға өзінің қандай әсер беріп жатқанын көру үшін бұрылып қарай беруді естен шығармайды. Мұнысы енді ұят нәрсе. Дирижер ретінде ол түкке тұрмайды. Камералық оркестрдің құлағын ұстау – басқа, ал үлкен оркестрді үйлестіріп, үндестіре басқару, қатаң бақылауға алу талап етіледі емес пе?! Нәтижесінде, музыканттар оның басқаруынан бас тартты. Адамның бойындағы әдептілікті қатты қадір тұтамын. Онсыз байсалды музыкант болу беймүмкін дүние. Вольтер айтқан: "Үнемі маңыздану – ортанқолдылықтың бетпердесі" деп. Менмендік, тәкаппарлық көргенсіздіктің алғашқы белгісі. Даңққұмарлық – шектеуліліктің көрінісі.

– Шетте жүргенде менмендік көріністеріне жиі кезіктіңіз бе?

– Жат жерде бастан кешкен бір оқиға жадымда айрықша қалып қойыпты. Мен ол кезде "Үлкен театрдың" дирижеры едім, 1973 жылы атақты әншілер Вишневская, Архипова, Атлантовтармен бірге "Царская невеста" операсын жаздым, келесі жылы ол Америкада алтын жүлдеге ие болып, "жыл пластинкасы" атанды. Ал бір жыл өткен соң АҚШ-қа барғанда, онда мені ұлттық қаһарманды қарсы алғандай күтіп алды. Леонард Бернстайн Чикагоның, Бостонның ең үздік солистері ойнайтын концерттерде 8 спектакльге дирижерлық етуге мені шақырды. Бұл миллионның бірінің басына ғана қонатын бақыт болатын. Тиісті операны үтір-нүктесіне дейін жаттап, ұғып, ұйқы-күлкіден айырылып жүрдім. Араға біраз уақыт салып, АҚШ-тан шақырту жетті. Мәскеуге құстай ұштым. Ол жақ рұқсат етпесе, бірде бір кеңес азаматы шетелге шыға алмайды. Барсам, Мәдениет министрлігіндегілер көздерін ала қашып, ашылып сөйлеспейді. Тек бір танысым аң-таң болып, абдыраған мені: "Сен мықты едің ғой, өзіңді-өзің қолға ал" деп жұбатты. Артынан анық болды: телеграмма одақтың Мәдениет министрінің музыкаға басшылық жасайтын орынбасары Кухарский дегеннің қолына түсіпті. Ол: "Жоқ! Орыс елінің атынан Америкаға орыс қана шыға алады!" деп шорт кескен. Шеттетіп тастады. Бұл қайғыны сол тұста жол апатынан қаза тапқан жан жарымның артында қалған балаларымның арқасында ғана жеңіп шықтым...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу