Футболшылар жалақысы 1 миллион доллардан 2 миллион теңгеге құлдырады

2421

Жолдаудың шапағаты спортқа да тиді.

Футболшылар жалақысы 1 миллион доллардан 2 миллион теңгеге құлдырады

Президенттің жолдауы экономиканың түрлі саласын, қоғам өмірінің әралуан қырын қамтиды. Мысалы, былтырғы жолдауында Мемлекет басшысы "кәсіпқой спортты басқару жүйесін қайта қарау жөнінде ұсыныстар түзуді" жүктеген. Бұл "еститін мемлекет" қағидатынан туындаған бастама еді. Себебі терең дотациялы өңірлердің өзі кәсіби клубтарды ұстап тұруға бюджеттік миллиардтарды шығындайды, "үздік" ойыншыларына миллион долларға дейін жалақы төлейді.

Алайда олар жаһандық жарыстарда жетістікке жетіп жатқан жоқ. Мысалы, ойыншыларының жалақысы бірнеше жүз мың долларды құрайтын, үлкен бөлігін легионерлер құрайтын отандық хоккей ресейлік КХЛ-мен ғана шектеліп жүр.

Қазақстандық хоккейшілердің Олимпиадаға қатыспағанына 20 жылдан асып кетті. Қоржынға жүлде салмақ түгіл, іріктеу сындарынан өте алмай келеді.

Ұқсас жағдай футболға, баскетболға, волейболға және басқасына тән. Бірқатар сарапшы жергілікті әкімқаралардың кәсіпқой спортқа миллиардтаған бюджетті көз қылып бөлетінін, шынында, оның үлкен бөлігін откат ретінде қалтасына басатынын, яғни саланы жемқорлық жайлағанын айтып жүрді. Бұған кәсіби клубтар ойыншыларының уақытылы жалақының берілмейтініне шағымдануы, легионерлердің жаппай кетіп, шетелде қазақстандық спортты жамандауы дәлел.

Жағдайды Президент тапсырмалары мен жолдауы түбегейлі өзгертті. Бұл бағыттағы шаралар жалғасады. Тапсырма "орындалды" мәртебесіне ие, бірақ оны әрі қарай пысықтау, жаңа шараларды қабылдау ісі бақылауда ұсталады. Сондықтан Президент Әкімшілігі басшысының 2022 жылғы 2 сәуірдегі қарарымен Мемлекет басшысының бұл ауқымды міндетін жүзеге асыру үшін жаңа "соңғы меже" белгіленді: 2023 жылғы 25 қараша. Сол кезеңге дейін Үкіметке салада қордаланған проблемаларды шешу үшін жеткілікті шаралар қабылдау және оларды лайықты дәрежеде пысықтау жүктелді. Ал Мәдениет және спорт министрлігі келесі жылғы 25 ақпанда аралық есеп беруге міндетті.

Белгілі спортшы, президенттік көпсайыстан көп дүркін Қазақстан чемпионы, профессор Владимир Мельников дамыған елдердің қатарына ұмтылып отырған Қазақстан сол озық елдер үлгісінде кәсіпқой спортты бюджеттен қаржыландыруды тоқтатуы керек деген пікір білдірді.

"Кәсіби клубтар коммерциялық ұйым болып табылады. Сол себепті ондай құрылымдарды тікелей бюджеттен қаржыландыруды доғару керек. Өйткені Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер спортының, бұқаралық спорттың ахуалы мүшкіл, жыларман күйде. Ал еліміздің жақсы атын шығаратын жаһандық жеңімпаздар да солардан шығады.

Көптеген бала спорт секцияларында ақылы негізде шұғылдануға мәжбүр. Себебі тегін секцияларда бапкерлер спорт түрінің қыр-сырын үйретпейді.

Билік болса, төл жеңімпаздарымызды даярлау орнына, Қазақстан азаматтығын алған ресейліктерді, кениялықтарды және басқасын пайдалануға бейім тұрады. Соның кесірінен халқымыз өз спортшыларымыздың емес, келімсек спортшылардың жетістіктеріне қуануға бой үйретіп барады. Бұған тосқауыл қою үшін кәсіпқой спортты бюджеттен қаржыландыруды тоқтатып, ақшаны балалар-жасөспірімдер, бұқара спортына бағыттау қажет", – деді В.Мельников.

Мұндай ұсыныстарды Үкімет те қарапты. Алайда оларды қаржыландырудан толық бас тартуға батылы жетпегенге ұқсайды.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кәсіпқой спортты басқарудың қолданыстағы жүйесін қайта қарау барысында көптеген жүйелі проблемалар әшкереленгенін мәлім етті. Оларды жою үшін министрлік салада реформаны қолға алды. Оның аясында:

Біріншіден, спорт инфрақұрылымын әрі қарай дамыту және оның қолжетімділігін арттыру үшін министрлік қолданыстағы объектілерді реконструкциялау, модернизациялау және жете жабдықтаудың, жаңа спорт инфрақұрылымын салудың жаңа кесте-жоспары қалыптастырылды. Соның негізінде алда жаңа спорт сарайларының құрылысы басталады.

"Жаңа объектілер салуды, жұмыс істеп тұрған (оның ішінде білім беру орындарының базасындағы) объектілерді реконструкциялауды, жаңғыртуды және жете жарақтандыруды қамтитын спорттық инфрақұрылымды дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған график-жоспары" Үкіметтің биылғы 24 маусымдағы №426 қаулысымен бекітілді.

Екіншіден, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мектептерде бұқаралық спортты жаңа форматта дамыту бойынша бірлескен жұмыс басталды. Мысалы, спорттағы жас таланттарды білім ұйымдары қабырғасынан іріктеп, дарынын ерте жастан ұштайтын АҚШ-тың тәжірибесі қызықты.

Үшіншіден, мемлекет еңбек ұжымдарындағы спорттық командаларды қолдауға мән береді. Олардың клубтар мен секцияларда спортпен айналысуының ақысын бюджеттен өтеу мәселесі пысықталуда. Осы бағытта ірі ұйымдарда осы тақырыпта кеңестер өткізілген.

Төртіншіден, бүгінде "Дене шынықтыру және спорт туралы" заңына өзгеріс енгізу жұмысы жүргізілуде. Бюджет қаражаттарын кәсіпқойдан бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортына қайта бағдарлау үшін жаңа заң жобасында Үкімет деңгейінде кәсіби спорт клубтарын ұстап тұру лимиттерін белгілеу көзделіп отыр.

30 маусымда министрлік аталған заң жобасын Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарына енгізу туралы ұсынысты Әділет министрлігіне бағыттады. Демек құжат келесі жылы қабылдануы мүмкін.

Бесіншіден, жасөскіндер арасында спортпен шұғылдануды насихаттау мақсатында Білім және ғылым министрлігі 2021 жылы Ұлттық мектеп лигасын және Студенттік спорт лигасын құрды. Жыл басынан барлық өңірдегі мектептерде 400 мыңнан астам оқушыны қамтыған түрлі спорттар жарыстар өткізіліпті.   

Дегенмен құрылғанымен, қос лиганың жұмысы жүйелендірілмегені анықталды. Лигаларды ұлттық деңгейде әрі бірыңғай форматта ұйымдастыру, олардың арнайы тетіктері мен тұжырымдамасын бекіту ұсынылып отыр.  

Президент жолдауындағы айтылған және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енген. "Кәсіпқой спорт клубтарын ұстап тұруға жұмсалатын қаражатты халықты, бірінші кезекте балаларды дене шынықтыру мен бұқаралық спортқа тартуға қайта бағдарлау" міндетін орындау үшін ВАК маңызды шешім қабылдады. Ведомстоаралық комиссияның 2021 жылғы 17 ақпандағы отырысының хаттамасымен мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан кәсіпқой спорт клубтарын ұстап тұруға бөлінетін қаржыға лимиттер бекітілді. 

"Оған сәйкес, футбол мен шайбалы хоккейге лимит 1,2 миллиард, ал қалған кәсіпқой спорт түрлеріне 450 миллион теңгеден аспауға тиіс. Сондай-ақ кәсіби клубтар спортшыларының жалақысына айына 2 миллион теңгеден аспайтын көлемде ең жоғарғы шектеу белгіленді. Бұдан бөлек, кәсіби клубтарды жекешелендіру бойынша министрлік жоспарлы жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының "Шахтер" футбол клубы сенімді басқаруға берілді. Қостанай облысының "Тобыл" футбол клубы жекешелендірілді. Сондай-ақ Ақмола облысының кәсіби футбол клубын 2023 жылы жекешелендіру жоспарланған. Бұған қоса, Шымкент қаласының және Маңғыстау облысының әкімдіктері жергілікті футбол клубтарын жекешелендіруді қолдайтынын мәлімдеді", – деп хабарлады министр Д.Абаев.

Президент жолдауында міндет қойғанға дейін, бұрынғы тапсырмалар аясында бюджетке масыл болған футбол клубтарының бюджеті біршама оңтайландырылды.

Соған қарамастан, қостанайлық "Тобылдың" 2020 жылғы бюджеті – 4,5 миллиард, қарағандылық "Шахтердің" жылдық бюджеті – 4 миллиард, шымкенттік "Ордабасыныкі" – 7 млрд, ақтаулық "Каспий" бюджеті 2 млрд теңге болған. 2021 жылы барлығының бюджеттен алатын қаражаты 1,2 млрд теңгеге дейін түсірілді. Бастапқыда ол сома 800 млн теңгеден аспауға тиіс еді. Бірақ Қазақстанның футбол федерациясының басшылары бар беделін салып жүріп, клубтардың бюджетін тағы 400 миллионға ұлғайта алды.

Салық төлеушілердің кәсіпқой футбол клубтарына шығынының жалпы сомасы 6,8 млрд теңгеден аспауы қажет. Бұл ретте кәсіби клубтарға демеушілер тартуға, қосымша қаржы көздерін іздеуге тыйым салынбаған.

Осылайша, жылдар бойы жемқорларға жемсау болып келген кәсіпқой спорт саласын Үкімет ретке келтіріп, спорт саласындағы мемлекеттік саясатты қайта құруда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу