Ел арасында, әлеуметтік желіде ғалымдардың біраздан еңбекақысыз отырғаны туралы әңгіме тарауда. Соның ішінде "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" (ҰАҒБО) коммерциялық емес акционерлік қоғамының және оның қаптаған еншілес институттарының жұмыскерлеріне 2021 жылы жалақы берілмейтіні, олардың үш айға ақысы төленбейтін демалысқа жіберілгені айтылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын "ҰАҒБО" КеАҚ-ы – бұл Қазақстанның аграрлық саласының ғылыми-білім беру мекемелерінің мемлекетпен және бизнеспен тұрақты өзара әрекеттесуінің бірыңғай операторы, ғылыми-білім беру орталығы саналады.
Сондықтан журналистер қалыптасқан жағдайдың мәнісін сұрап, АШМ-ге жүгінді. Өйткені ҰАҒБО-ға қарасты ұйымдарда жалақының төленбеуі мәселесі біраз жылдан бері жыр болып келе жатқан көрінеді.
АШМ-ның Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Сәуле Молдабаеваның айтуынша, бүгінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласы мемлекеттік бюджеттен тек базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру түрінде ақша алады. Министрлік оларға тікелей жалақы төлемейді.
"Аграрлық ғылым саласындағы стратегиялық міндеттерді шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды немесе бағдарламаларды жүзеге асырудың бүкіл кезеңіне, бірақ 3 жылдан аспайтын мерзімге келісімге отырады. Бір ескере кетер жайт, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстық негізде жүргізіледі. Немесе Президенттің және Үкімет басшысының тапсырмасымен конкурстан тыс іске асырылуы да мүмкін. Ал байқауға ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілерінің, сондай-ақ автономды білім беру ұйымдарының кез келгені қатыса алады. Бұл дегеніміз, ҰАҒБО-ның еншілес ұйымдарымен шектелмейміз деген сөз", – деді С.Молдабаева.
Орталық пен оның институттарының кейбір ірі, "майшелпек" грант пен тендерлерден қағылуының бір себебін осымен түсіндіруге болады: салада бұрынғы монополия жоқ.
Еңбекақы неге уақытылы төленбей жатыр?
АШМ шенеуніктері бұған "коронакризисті" кінәлайды.
"Пандемиямен күреске қатысты жалпыға мәлім ахуал салдарынан 2020 жылы "Агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі" бағытындағы Ұлттық ғылыми кеңестің отырыстары, сонымен қатар Үкімет жанындағы Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның жиыны, одан қалды Республикалық бюджеттік комиссияның отырыстары мерзімінен кеш өтті. Бұл өз кезегінде аталған конкурстың әлдеқайда кеш жариялануына соқтырды. Біз осы органдардың шешімдерін күтуге мәжбүрміз, себебі олар ғылыми зерттеулерді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы жария етілгенге дейін шығуға тиісті", – деді АШМ департаментінің директоры.
Оның мәліметінше, ғалымдардың жобаларына қаржы бөлгізу оңайға соқпапты. Оған қол жеткізу үшін министрлік сенаторлармен тізе қоса қимылдаған көрінеді. Айтқандай, Сенат депутаттары арасында ғылыммен айналысатын депутаттар бар.
"Қалай болғанда, қаржы тек 2021–2022 жылдарға ғана беріліп отыр. ал 2020 жылғы 2 желтоқсанда қабылданған республикалық бюджет туралы заңда 2023 жылға бұл бағытта қаражат қарастырылмаған. Нәтижесінде, АӨК саласындағы ғылыми зерттеулерді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы 28 желтоқсанда ғана жарияланды. Оның қорытындысы белгіленген мерзімде шығарылатын болады. Біздің министрлік ҰАҒБО немесе басқасының ғалымдарының еңбекақысын төлемейді. ҰАҒБО ғалымдарының жалақысын төлеу мәселесі конкурс қорытындысы бойынша ғана анықталады", – деді Сәуле Сүндетпайқызы.
Ол үшін әрине, бұл орталық байқауда сүрінбей, додада жеңімпаз шығуы керек. Әйтпесе, қаражаттан қағылады.
Департамент директоры ғалымдарға бюджетке алақан жая бермей, қаржыландырудың өзге көздерін іздеуге кеңес берді.
"Ғылыми зерттеулерді бюджеттен бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудан басқа, ҰАҒБО-ның барлық еншілес ұйымдары бюджеттен тыс қаржыларды да алып отыр. Сондай-ақ базалық, гранттық қаражаттарға да ие. Ендеше еңбек ұжымын қолдау және ғалымдарға қамқорлық көрсету – Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы және оның еншілес ұйымдары басшыларының кәсіпкерлік әбжілдігі мен іскерлігіне тәуелді", – деді С.Молдабаева.
Орталықтың таратылуы мүмкін бе?
Жалпы, бұл ұйымның басы біраздан дау-жанжалдан арылмай келеді. "Литер" басылымының жазуынша, былтырғы жазда бір топ ғалым ҰАҒБО-ның сол кездегі басшысын сыбайлас жемқорлыққа айыптады. Шағымданған 20 ғалым-профессор Мемлекет басшысының атына ашық хат жолдады. Ұжымдық хатта олар өздерін кредиттік серіктестікке кіру жарнасын төлеуге мәжбүрлейтінін баяндады.
"ҰАҒБО басшылығының қызу қызметінің шырқау шегі – кредиттік серіктестікті құру бастамасы болды. Бастапқыда дұрыс көрінген бастама артынша бұрмаланып, еншілес ұйымдардан ақша алып қоюдың қосымша құралына айналдырылды. Бұл ретте кіру және жарна төлеу еріктілігі жойылды. ҰАҒБО құрылтайшылық құжаттардың көшірмесін көрсетуден бас тартты, серіктестікті басқаруда ашықтық болмады. Оның үстіне әрбір еншілес ұйым жинайтын жарна сомасын ҰАҒБО 5 миллионнан 100 миллион теңге аралығында өз бетінше анықтады", – делінген ашық хатта.
Ашынған ғалымдар ҰАҒБО-ны таратып жіберуді де сұраған. Олардың байламынша, барлық аграрлық институттарды тікелей АШМ-ге бағындыру керек.
Әзірге министрлік мұндай реформаға бармай отыр. 10 қаңтарда Парламент сайлауы өткен соң ел Үкіметі отставкаға кетіп, жаңа Министрлер кабинеті жасақталады. Ғылымға қатысты өзгерістер мен жаңаруларға да сол Үкімет бастамашы болуы мүмкін.
Жанат Ардақ