Ғани Қасымов: бизнесті тұншықтырған шенеуніктердің есімдері аталсын!

Диана Слинькова Диана Слинькова
8498

Мұндай мәлімдеме Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің өңірдегі бизнестің жағдайына қатысты баяндамасынан кейін жасалды. 

Ғани Қасымов: бизнесті тұншықтырған шенеуніктердің есімдері аталсын!

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқын қорғайтын кеңестің төрағасы Ғани Қасымов Петропавл қаласында өткен Кеңестің кезекті отырысында нақты фактілерді ашық айтуға шақырды.

"Қандай да бір кемсітушіліктерге жол беріп отырған, бизнеске тосқауыл болып отырған, рұқсат құжаттарын бермей отырған кім?" – осы сауалдарды Кеңес төрағасы Ғани Қасымов төтесінен қойып, баяндамаға фактілерді келтіре отырып, салмақ салу керектігін ескертті.

"Бірде-бір шенеуніктің есімі аталған жоқ, бизнесті тұншықтырып отырған шенеуніктің құқын асыра пайдаланғаны айтылмады, жалпылама сандарға ғана тоқталасыздар. Өңірлердегі есептер үстіртін беріледі, фактіге негізделмеген. Олег Владимирович, (Савеленко, Кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесі департаментінің директоры – автордың ескертпесі) орталық аппараттағы департамент директорының басшысы ретінде сізге соңғы рет ескерту жасаймын.  Заң бұзу анықталса, шенеуніктің есімі де аталсын.  Егер бизнеске кедергі жасап, қысым көрсетіп отырған шенеуніктің есімі аталмаса, онда мына отырысымыздан қандай нәтиже күтуге болады?  Есімдерін атау керек. Олар неліктен жауапқа тартылмай отыр?" – деді Ғани Қасымов.

Өткен жылғы 9 айда өңірлік палатаға кәсіпкерлерден 2761 өтініш келіп түскен, оның ішінде 344 өтініш бизнес құқын қорғауға қатысты. Ал бүгінде 93 кәсіпкердің өтініші оң шешімін тауып, 380 млн теңге сомасында бизнес мүддесі қорғалды. Жеңіс Қазиевтің айтуынша, кәсіпкерлерден келіп түсетін арыздар салық, жер қатынасы, ауыл шаруашылық кешені саласында көмек қаржы алуға қатысты болып отыр. "Кәсіпкерлердің айтуынша, мемлекеттің араласуы мен қазыналық жүктеменің жоғары болуы  бизнеске айтарлықтай кері әсер етуде. Билік органдарына кең құзырет берілген. Бұл құзырет өз кезегінде теңестіріліп, биліктің жоғары жауапкершілік механизмдерін қоса отырып, орны толтырылуы шарт", – деді Кеңес төрағасы.  

Өңірдегі әкімшілік кедергілер деңгейінің көрсеткішіне тоқталар болсақ, жыл басынан бері кәсіпкерлерден келіп түскен 34 шағымды Ғани Қасымов "аса қатерлі" деп бағалап, "жергілікті билік органдары рұқсат беру жүйесін созбалаңға салуда. Айталық,  құрылысы 40-50 күнде аяқталатын нысанды салуға рұқсат құжаттарын алу барысында кәсіпкер оған 120 күн уақыт жіберуі керек. Бұл барып тұрған тәртіпсіздік!",– деді.

"Шағын бизнестің құқын қорғауға басты назар аударамыз.  Алдымыздағы міндет – дағдарыс, теңгенің құнсыздануының екі кезеңінде  де, несие құралдарына зәру болып отырған сәтте жұмыс жасап отырған бизнесті сақтап қалуымыз керек. Шағын және орта бизнес үлесінің қысқаруына қалайда жол бермеуіміз керек. Бұл алдымызға қойылған басты міндет. Бизнесін адал жүргізіп отырған кәсіпкерлердің қызметіне тосқауыл жасалынбауы (құқық қорғау және қазыналық органдарға қатысты айтылуда) керек. Керісінше, бизнеске қолдау көрсетіп, қызметін жалғастыруына деген сенімді арттыруымыз қажет", – деді Ғани Қасымов.

Кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің үш жылда өткізген 35 отырысында 12 мыңнан астам кәсіпкер өтініші қаралған, ал олардың 9 мыңға жуығы өңірлерде қарастырылған. Ал оң шешімін тапқан кәсіпкер мәселесін ақшаға шаққанда, олардың шамамен 4 млрд теңгеге тең құқы қорғалды. Бұл бизнесті тартып алуға, рейдерлік әрекеттерге, салық пен айыппұлдың заңсыз салынуына жол бермеген Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы мамандарының нәтижелі жұмысы. Оң шешімін тауып отырған мәселелердің көрсеткіші 45-50%,  бұл  көрсеткіш жалпы жұмыс нәтижесінде де сақталды. Өйткені, кәсіпкерлерден өтініш күнделікті келіп түседі.

"Еліміз бойынша мұндай көрсеткіш барып тұрған бассыздық, бұл өте көп, аса қауіпті көрсеткіш. Кәсіпкерлерден келіп түсетін әр өтініштің артында барар жері қалмаған, амалсыз осындай жағдайға душар болған, шырылдап шындығын айтып, әділеттік іздеген  кәсіпкер тұр. Ол өз бизнесін барынша қорғап бағады, амалы таусылған соң бізге жүгінеді. Мемлекет басшысы шағын бизнеске барынша қолдау көрсетуді,  ел экономикасында шағын және орта бизнестің үлесін  20%- дан  50%-ға жеткізуді міндеттеді. Батыс елдерде ШОБ үлесі  60%, ал Францияда бұл көрсеткіш одан да асып түседі", – деп атап өтті Ғани Қасымов.

Отандық кәсіпкерлердің құқы тек ел ішінде ғана емес, шетелдерде де қорғалуы қажет екені айтылды. Ғани Қасымовтың айтуынша, Ресейде бизнесін дөңгелетіп отырған отандық кәсіпкерлердің өзекті мәселелері шекара маңындағы барлық аудан мен облыста жетіп артылады.  Кәсіпкерлердің құқын тек ел ішінде ғана емес, көршілес елдерде де қорғау үшін, Ресейдің үш аймағымен шекаралас Солтүстік Қазақстан облысындағы бизнес ахуалға мониториг жүргізуге шақырды.      

ЕАЭО орталық органдарымен жұмыс жүргізу, аталған үрдістердің ақпараттық базасын жинақтау, көкейкесті мәселелерге сараптама жасаумен шектеліп қана қоймай, отандық кәсіпкерлердің құқын қорғау механизмдері мен құқықтық әдістерін жасау  –  осы бағыттағы бастапқы жұмыс.

"Өңір кәсіпкерлері шағынданбайды деп айтуға болмайды. Егер кәсіпкер шағымданбаса, сенімсіздік танытады,  қайда шағымданарын білмейді дегенді білдіреді. Шекаралас аймақтардағы қарым-қатынас тәжірибесін жинақтаған, аталған мәселелерді назарда ұстайтын өңірдің бірі болуларыңыз керек. Осы жұмысты атқаруға облыстың мүмкіндігі зор. Инфрақұрылымды дамыту қолға алынған, Астана – Петропавл тас жолын көрдім, бұл өңір экономикасына жаңа серпін беретін мүмкіндіктің бірі. Бүгінде жағдайда зияткерлікке аса назар аударып отырған, ақылға салып, дұрыс жолын таба білген бизнестің ұпайы ұтымды болмақ. Сондықтан да бизнестің  азын-аулық қадаммен жақсы экономикалық нәтижелерге жетуіне жәрдемдесетін, жоғары дәрежедегі және деңгейдегі құрылымдық әдіс-тәсілдер, әдіснамалар әзірлеуіміз керек. Ұлттық палата бұл бағытта қажетті жолды ашуы керек", – деп есептейді Кеңес басшысы.

Ғани Қасымов Кәсіпкерлер құқын қорғау кеңесінің төрағасы қызметінде шешімін табуды қажет етіп отырған,  қазіргі уақытта маңызын жоғалтқан кейбір қағиданың қабылдануына өзі де атсалысқанын жасырмады.

"90-жылдары Мәжіліс депутаты және сенатор қызметінде қандай қағидаларға дауыс беріп отырғанымды сараламадым. Осылайша барлық атқарушы жүйеге және құқық қорғау органдарына шектеусіз құзыр берілді. Қазір кедергілердің бір бөлігін алып тастадық, ал осы құқық қорғау органдарының құзыры сол қалпында қалды, ешкім оның алдын алмады, ешкім тосқауыл жасамады. Бүгінгі күні осы құзыретті алып тастау төңірегінде мәселе көтеру керек.  90-жылдары оған аса мән бердік.  Қаржы полициясы мүлікке тыйым салу, тартып алу, бизнесті жабуды сұрап келсе, оған рұқсат берілді. Салық инспекторының әрекетіне сотқа дейін қайта шағымдану үшін оның басшысына жүгіну қажет – бұл не сорақылық? Инспектор саған қысым жасайды екен, ал оның әрекетіне қайта шағымдану үшін – оның басшысына бару керек.  Ал егер инспектор басшысымен бірге осы істе сыбайлас болса ше?  Мұндай маңызын жоғалтқан сарқыншақтар әлі де бар".  

Ғани Қасымовтың айтуынша, нәтижесінде бүгінгі күні кәсіпкердің басына түскен ауыртпалық жеткілікті.  Бизнесін дөңгелетуге айналым қаражаты жеткіліксіз, ал Халық банкінің мөлшерлемені 25 пайыздан 18 пайызға дейін төмендетуі бұл жағдайды қалыпқа түсірмейді. Мұндай несие мөлшерлемелерін пайдалана отырып, бизнес жүргізу мүмкін емес. Оның үстіне бизнеске жасалып отырған қысым деңгейі әлі де жоғары, әсіресе басқару-рұқсат беру жүйесінде өзекті мәселелер жеткілікті.

Бұл мәселелердің барлығын қайта қарап, кәсібін адал жүргізіп отырған бизнеске қолайлы әрі бизнестің өз елінде, әр облыста, ауданда, ауылда кәсіпкерлікті тұрақты жүргізе алатынандай етіп  шешуді қолға аламыз. Қазыналық және құқық қорғау органдарының емес, кәсіпкердің мүддесі, оның құқы заң аясында қаралуы керек. Өз тарапымыздан  жергілікті элитаның мүддесіне емес, Ата заңға негізделе отырып жұмыс жасаймыз", – деп сөзін түйіндеді Ғани Қасымов.

Диана Слинькова, Петропавл

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу