Гаражда басталған кәсіпті қалай үлкен табысты зауытқа айналдыруға болады? Қазақстандық өнімді шетелге табысты экспорттау мүмкін бе? Мемлекеттік қолдаудың бизнеске пайдасы бар ма? Іnbusiness.kz тілшісі Алматы вентиляция зауытының директоры Марат Баққұловпен бизнес бастау, мемлекеттік көмек, экспорт, сапа, пандемия кезіндегі бизнес тақырыбында тілдесіп қайтты.
– Марат Сатыбалдыұлы, бизнесті гаражда бастадыңыз. Қазір шетелде зауыт ашып, алыс-жақын шетелге өнім экспорттап отырсыз. Мұның бәрі қалай, неден басталды?
– Біз мектеп бітірген уақыт 90-шы тоқырау жылдарымен тұспа-тұс келді. Негізі биолог болсам деп армандадым. Бірақ ол кезде ең қолайлысы, үйіме жақыны Алматы сәулет-құрылыс институты болды. Осылайша мен Жылу-газбен жабдықтау және желдету факультетіне оқуға түстім. Оқуымды бітіргеннен кейін, кәсіпкерлікпен емес, ғылыммен айналыспақшы болдым. Аспирантураны бітіріп, 1997 жылы институтта вентиляциялық аэродинамика пәнінен сабақ бердім. Кейін отбасылы болдым, бала-шағамды асырау керек, сол үшін желдету қондырғыларын шығаратын компанияға жұмысқа орналастым.
Алматы вентеляция зауыты 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Азаматтық, мұнай-газ секторына арналған жабдықтарды, атап айтқанда желдету жүйелерін шығарады. Кәсіпорын қазақстандық нарықта ғана емес, Ресейдің Қазан қаласында да жұмыс істейді. Сонымен қатар, өнімдері Өзбекстанға, Тәжікстанға, Ұлыбританияға және Ресейге экспортталады.
– Ол кезде бизнес бастау ойыңызда болмаған ғой...
– Негізі сол жылдары кәсіпкерлікке жаңадан қадам бастық десек те болады. Алайда зауыт ашқанша, қаншама рет аузым күйді. Бұның бәрі маған сабақ, тәжірибе болды. Жабдық сатып алып, құрастырумен айналыстым. Олардың бөлшектерін Ресейден алдыратынмын. Онда желдеткіш шығаратын он шақты зауыт бар. Кейін тапсырыстар көбейе бастады. Бірде қазақстандық ірі компания желдеткіштердің үлкен партиясына тапсырыс берді, тауарды алды, бірақ ақшасын төлемеді. Келісімшарт өте үстіртін жасалған еді. Сотқа жүгінбедім, осылайша "жалаң аяқ" қалдым деуге болады. Жылдар бойы тапқанымның бәрінен айырылдым, тіпті пәтер мен көлігімді саттым. Оның өзі барлық қарызымды жабуға жеткіліксіз болды. Осылайша, 2002 жылы отбасымды Алматыдағы жалдамалы пәтерде қалдырып, Мәскеуге ақша табуға аттандым. Ресейде біраз жұмыс істеп, қарыздан құтылған соң, елге оралдым. 2006 жылы шағын компания құрдым. Желдеткіштерді құрастырумен ғана айналыстық. Дәнекерлеуші, жұмысшылар жалдап, шағын гаражда жұмыс істедік. Сол кезде өте тиімді кәсіп болды. Мәселен, Ресейден желдеткіш алып келуге 1,5 ай кетсе, біз 2 аптада құрастыратынбыз. Тапсырыстар көбейді. Алайда мен өнім өндіруді емес, шетелден жабдық алдырып, құрастырып сатуды ғана ойластырған едім. Ойым жүзеге аспады. Ресейлік компания басшысымен келісе алмадық. "Бір есік жабылса, екінші есік ашылады" дейді емес пе... Сол зауытта танысым технолог болып жұмыс істеген. Ол Алматыға келіп, өндірісті жолға қоюға көмектесті. Осылайша 2008 жылы "Алматы желдеткіш зауыты" ЖШС құрылды. Сол шағын гаражда 200-ден аса адам жұмыс істеді.
– Зауыттың қазіргі тіршілігіне тоқталсаңыз. Кайдзен туралы сұхбаттарыңызда көп айтасыз, меніңше, елімізде бұл қағиданы енгізген зауыт санаулы.
– Қазір зауытта 100 адам еңбек етеді. Осы 100 адам бұрын 200 адам істеген өнімді шығарады. Мұндай тиімділікке осы сіз айтып отырған кайдзеннің арқасында қол жеткіздік. Сол 200 адам еңбек еткен кезде оларды басқарудың оңтайлы тәсілі керек болды. Бір жолы достарым Айдар есімді білімді жігітпен таныстырды. Ол жұмысты бір жүйеге келтіру керектігін айтты, бізге кайдзен бойынша кеңесшілер шақыртты. 2011 жыл болатын, біз арнайы компания өкілдерін жалдадық, олар бизнес-жоспар жасады. Сол жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша арнайы грант иегері атандық. Технологиялық даму бойынша ұлттық компания 600 мың доллар берді. Берілген қаражатқа өте қымбат, бірақ аса қажет жабдық сатып алдық. 2012 жылы Алматы маңындағы Қоянқұс деген жерде зауыт салдық. Қазір шетелдік компаниялар біздің кайдзен талаптары бойынша жұмыс істейтінімізді біледі, сондықтан сеніммен қарайды. Себебі оның түбінде жүйелілік қағидаттары қарастырылған.
Зауытта майнингтік фермаларға да желдеткіштер жасалады. Бұған сұраныс бар ма?
Иә, осы жазда майнингтік фермалар тарапынан желдеткіштерге сұраныс жоғары болды. Әдетте біз бір жылда мұндай компанияларға 2500 желдеткіш құрастырсақ, биыл бір жаздың өзінде 2000 құрылғы жасадық. Сұраныс бар. Ал біз клиенттерімізге көмектесуге дайынбыз.
– Қазір қанша елге өнім экспорттап отырсыздар? Неге Ресей, Ұлыбритания сынды елдер қазақстандық компания өнімдеріне қызығушылық танытады?
– Ресей нарығына келсек, біз неміс сапасына сай өнім шығаруға тырысамыз. Себебі олардағы технологиядан асып түспесең, алысқа бармайсың. Ұқсас баға, жоғары сапа формуласымен жұмыс істейміз. Ұлыбританиялық компаниялар деп отырғанымыз, "Теңіз" кен орны. Онда мұнай өндіру кезінде қолданылатын жабдықтар жасаймыз. Неге олар дәл бізден өнім алады? Себебі талап бойынша олар Қазақстанда жұмыс істегендіктен жергілікті компаниялар өндірген, яғни "Қазақстанда жасалған" құрылғылар алуға міндетті. Одан кейін, әрине, сапа жағынан да қалыс қалмауға тырысамыз, одан кейін логистикалық жағынан да ыңғайлы. Одан кейін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанға жабдық жеткіземіз. Жақын жерде Қытай бар, дегенмен оларда бұл сегмент әлі дамымаған. Сондықтан экспорт географиясын кеңейту шеңберінде жұмыс істеуді жалғастырамыз.
– Қазір Татарстанда зауыттарыңыз бар. Екі елді салыстырсақ, қай елде бизнес жүргізу қолайлы?
– Татарстанда бизнес климат өте жақсы. Бірақ бізге Қазақстанда кәсібімізді дамыту ыңғайлы. Өйткені салық пайызы төмен, заңнамалық жаңынан да үйреніп қалғанбыз, сұраныс бар. Алайда кейінгі жылдары біздің зауытқа Қазақстан нарығы тар бола бастады, себебі өндіріс көлемі артты, шетелден сұраныс жоғары болды. Ал ресейлік компаниялармен біз бұрыннан жұмыс істеп келеміз, тұрақты клиенттеріміз бар десек болады. Сондықтан ол жақта зауыт ашу аса қиын болған жоқ. Бірақ кадр мәселесіне келер болсақ, әрине, Ресейде мықты инженерді тезірек табасың. Ал Қазақстанда кадрдың 80-90%-ына басынан бастап өзің үйретесің.
– Пандемия жалпы ауа баптаушы жүйелердің маңыздылығын көрсетті. Яғни, ғалымдар ауадағы вирустың үлесін төмендету індеттің жұғу жылдамдығын төмендетеді деген тұжырым жасады. Алайда еліміздегі мектептердің 70-80%-ы ертеректе салынған, мұндай жүйелермен қамтылмаған ба?
– Биыл бізге бірнеше жыл бұрын салынған бірнеше мектеп өкілі хабарласты. Олар нысан салынған уақыттан бері іске қосылмай тұрған желдету жүйелерінің жұмысын реттеп беру туралы өтінішпен жүгінді. Расымен Алматыдағы мектептердің көбінде мұндай жүйелер ескірген немесе құрылыс талаптары бойынша орнатылмаған, ал кейінгі жылдары құрылыс компаниялары ақшаны барынша үнемдеп, өте арзан құрылғылармен жабдықтаған. Салдарынан мектеп кабинеттерінде ауа алмаспайды, сабақ уақытында есік пен терезені қатар ашып, желдетіп отыру мүмкін емес. Оның соңы неге алып келетінін барлығымыз білеміз.
– Кәсіп бастағандар арасында мемлекеттік бағдарламалар туралы түрлі пікір бар. Өзіңіз грант алып, зауыт салғаныңызды айттыңыз. Қолдауға көңіліңіз толды ма?
– Бізде жақсы жобалар бар, бірақ олар тұрақсыз. Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша өзгерістерге ілесе алмайды. Себебі бізде жобалар бүгін ашылып, ертең тоқтап қалуы мүмкін. Мысалы, қарашада несиені кеңейтуге өтінім бердік. Ол екі апта мақұлданды. Кейін "Дамуға" бардық, ал олар бізге "ақша жоқ" деп жауап берді. Егер шарттар үш ай сайын өзгерсе, қалай грант алуға болады? Өтініммен келген кезде, бағдарлама жабылып қалғанын білесің. Эксперименттер, әрине, жаман емес, бірақ нәтижесінде біз жаңа дағдарысқа ұшырап қалуымыз мүмкін. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалар тұрақты болса деймін. Мысалы, Татарстан астанасы Қазан қаласында зауыт салу туралы келісім ауызша ғана жасалды. Қазандағы шенеуніктер зауыт салып береміз деп уәде етті, сөздерінде тұрды. Қазір бөліп төлеу арқылы солар салып берген нысанды сатып алып жатырмыз. Үш жыл өтті, келісім өзгерген жоқ. Міне, бизнеске жағдай жасау деген осы.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !