Ғарышқа билет 200 мың доллар

5328

Әлемнің ғарыштық экономикасында космостық туризм бәсекесі қызып жатыр.

Ғарышқа билет 200 мың доллар

Британдық миллиардер Ричард Брэнсоннның "Вирджин Галактик" компаниясы мен "Амазонның" іргетасын қалаған Джефф Безостың "Блю Ориджин" фирмасы ғарышқа турист жіберу мақсатында сынақ жүргізуде. Екеуі де бірнеше айдан кейін алғашқы саяхатшыларын көкке самғатудан үмітті.

Безостың компаниясы келесі жылы ғарышқа барамын деген әр жолаушыға билетті кемінде 200 мың долларға сатуды жоспарлап отыр. Алғашқы алты саяхатшыны космосқа "Нью Шепард" деген ракета апарады.

Туристер жерден 100 шақырым биіктікке көтеріліп, суборбиталық кеңістікке енеді. Содан кейін олар ғарышта қалықтап жүріп, салмақсыздық жағдайында планетамызды үстінен бірнеше минут тамашалап, жерге үш парашютке байланған арнайы капсуламен оралады.  Капсуланың алты терезесі "Боинг-747" ұшағының әйнектерінен әлдеқайда үлкен. Астрономдардың айтуынша, бұл қашықтықта аспан қара, ал жердің дөңес беті өте анық көрінеді. Дегенмен туристер 400 шақырым биіктікте орналасқан халықаралық ғарыш станциясына жете алмайды. Айта кетсек, өткен онжылдықта бұл станцияға барып-қайту үшін туристер ондаған млн доллар төлеген болатын.

Ғарыштық вояжға 650 билет сатылды
"Блю Ориджин" Техас штатында "Нью-Шепард" ракетасын көкке тікесінен ұшырып, қондырудан сегіз мәрте сынақ өткізген. Алайда олардың бортында тірі адам болмаған: тек екеуінде ғана аспанда жүруге арналған манекен отырыпты. Алдағы бірнеше аптаның ішінде атомосферада "Нью Шепард" зымыранынан туристер отыратын капсуланы бөлу тәжірибесі жүргізіледі.

"Блю Ориджин" компаниясының түпкі мақсаты – ғарыштық туризм саласын жерсеріктер қызметі мен бүгінде бюжеті 300 млрд долларға жеткен ғарышты зерттеу жобалары тәрізді ғаламдық ғарыш экономикасының маңызды бөлігіне айналдыру.

Дәулетімен тіпті Билл Гейтсті басып озған Безос әлемдегі ең бай адамдардың бірі. Оның байлығы 112 млрд долларға жуықтап қалды. Бүгінде ғарыштық туризм үшін онымен Брэнсон ғана емес, "Тесла" компаниясының президенті Илон Маск те бәсекеге түсіп отыр.

Брэнсонның "Вирджин Галактигі" ғарыштық вояжға 650 билет сатып үлгерген. Олардың құны шамамен – 250 мың доллар. Алайда туристердің суборбиталық кеңістікке қай күні аттанатыны әзірге белгісіз. Ал Илон Маск 2002 жылы құрған "Спэйс Икс" компаниясының арманы тіпті биік. Ол адамдардың өзге планеталарда өмір сүруіне мүмкіндік жасауды мақсат тұтып отыр. 

Бүгінде "Боинг" та НАСА астронавтарын ғарышқа апаратын өз капсулаларын жетілдіріп жатыр. Бұл жұмыс 2020 жылға дейін аяқталып қалады. Сонымен қатар Ресейде "Союз" кемесін жасайтын кәсіпорын халықаралық ғарыш станциясына туристерді қайтару мүмкіндігін зерттеуге кірісті. Ал  Американың "Орион Спан" стартап-жобасы орбитада люкстік отель ашудан үмітті.

Безостың арманы
Биыл "Бизнес Инсайдер" журналына берген сұхбатында "Амазонның" негізін қалаушы Безос оқырмандарға өзінің өркениет жайындағы ойларын айтты. Ол өмір бойы адамдар жерде ғана емес, ғарышта да өмір сүрсе екен деп армандап келген. Миллиардер келешекте космос пен планетамызда триллиондаған адам тіршілік ететініне күмән келтірмейді.

"Олардың арасынан мыңдаған Эйнштейн мен Моцарт шығады. Бәріміз өзге планеталарды дамытамыз", – деді Джефф Безос.

Оның пікірінше, адамзат көппланеталы болмаса, өркениет тоқырап, тәртібінен айрылады. Сондықтан  жер тұрғындары  өсім мен өзгеріске ұмтылған динамикалық өркениетте көңілді ғұмыр кешуі керек.

Илон Маск те осыған ұқсас пікірде.

"Фундаменталдық тұрғыдан алғанда, біз ғарыштық және көппланеталық түрге айналсақ, болашағымыз қызық болар еді", – деді Илон Маск.

Ғарыш қымбат сала
Сондықтан  жоғарыдағы компаниялар қайта-қайта қолданылатын ғарыш кемелерін дамытып, қаражат үнемдеу жолында жұмыс істеп жатыр. Егер бұл мақсат орындалып, туристерді жиі ұшыруға жағдай жасалатын болса, ғарышқа билет арзандайды.

"Блю Ориджин" бір старт үшін қанша шығындалатынын ашық жарияламай отыр. Бірақ аэроғарыш сарапшысы Марко Касерестің болжамынша, бұл фирма 6 турист ұшыру үшін кемінде 10 млн доллар жұмсайды. Сондықтан оның алғашқы ғарыштық жолаушыларының арасында өз қызметкерлері де болуы мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу