Газадағы соғысты тоқтатудың кілті бітіспес екі жауда: Олар неге мәмілеге келмей отыр?

1278

Таяу Шығыста 11-ші айға ұласқан қанды шайқас құрбандарының саны 40 мыңнан асып кетті. Ал бейбітшілікке апарар жол әлі көрінер емес.

Газадағы соғысты тоқтатудың кілті бітіспес екі жауда: Олар неге мәмілеге келмей отыр? Фото: AP

Кез-келген келісім екі адамның қол қоюын талап етеді. Газадағы соғыста – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен ХАМАС жетекшісі Яхья Синвардың.

Бұлар - бітіспес жаулар, қатыгез келіссөз жүргізушілер. Екеуінің де соғысты тоқтатуға ынталары күшті. Бірақ Нетаньяху мен Синвар біраз соғыса тұрсақ, ұтамыз деп ойлауы мүмкін. Яғни, олар талаптарына сай келмейтін мәміледен шайқасуды артық көруі ғажап емес.

Екі лидерге және олар тап болған шектеулерге деген көзқарастың қысқаша сипаты төмендегідей:

Нетаньяху нені қалайды?

Нетаньяху ХАМАС-ты "толық жеңіп", Газада кепілдікте отырғандардың барлығын қайтаруға уәде берді. Бірақ кейбіреулер бұл мақсаттар бір-бірімен үйлеспейді деп есептейді.

Нетаньяху қазір кепілдегілердің отбасылары мен қоғамның айтарлық бөлігі тарапынан үлкен қысымға ұшырап отыр. Яғни, Хамас күйремесе де, тұтқындарды қайтару жөнінде келісім жасау туралы талап күшейіп келеді. Израильге негізгі әскери және қаржылай қолдау көрсетіп отырған АҚШ-тың да сұрап отырғаны осы.

Бірақ Нетаньяхудың билеуші коалициясы әсіре оңшыл министрлерден жасақталған. Сол министрлер Нетаньяху Газа секторын қайтадан біржолата оккупациялаудан бас тартып, келіссөздерде жеңілдікке жол беретін болса, оның үкіметін құлататынын ескертіп отыр. Дәлірек айтсақ, мұндай сценарий мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, коррупция үшін айыпталған премьер-министрді биліктен аластатуға әкеледі. 

Сонымен қатар, үкімет күйресе, Нетаньяху жетекшілік еткен қауіпсіздік саласындағы сәтсіздіктерді кеңірек тергеуге жол ашылар еді. Айта кетсек, былтыр қазанның 7-де хамастықтар Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасап, 1200-ге жуық адамды мерт қылып, 250-дейін кепілдікке алды. Нетаньяху бұл олқылықты соғыстан кейін тергеуді қолдап отыр.

Соғыс неғұрлым ұзаққа созылған сайын, Израиль көбірек жетістікке жетіп, сол жетістіктерді жеңіс ретінде көрсетуге мүмкіндік бар. Мысалы - Синварды өлтіру, кепілдіктегілердің көбін босату тағы басқа әрекеттер арқылы. Бұл жоспарлар жүзеге асса, Нетаньяхудың саяси беделі де жақсарып қалар еді. Дегенмен риск те зор. Себебі соғыста қаза тапқан израильдік жауынгерлердің саны күн өткен сайын көбейіп келеді, ал Израильдің өзі, палестиналықтарға әкелген сұмдық зардаптар үшін, әлемнен оқшауланып барады.

Синвар нені қалайды?

Синвар соғысты өз шартымен тоқтатқысы келеді.

Жергілікті денсаулық сақтау шенеуніктерінің мәліметінше, Газа секторында Израильдің шабуылдарынан 40 мыңнан астам адам қаза тауып, халықтың 90 пайызы үйлерін тастап кетті және негізгі қалалар күйреді. Ал Хамас мыңдаған жауынгері мен инфрақұрылымының үлкен бөлігінен айрылды.

Синвардың қолында жалғыз ғана көзір қалды. Ол – кепілдіктегі 110 шақты адам. Болжамдарға қарағанда, сол тұтқындардың үштен бірі қаза тапқан тәрізді. 7 қазандағы шабуылды ұйымдастыруға көмектескен Синварға жеңіске ұқсас қандайда бір жағдайға қол жеткізу үшін атысты тоқтату туралы келісім аздау көрінуі мүмкін.

Синвардың талабына сәйкес, кепілдіктегілер түгел немесе ішінара босатылған жағдайда, Израиль соғысты қайта бастамауы керек. Сонымен қатар, қазанның 7-дегі шабуыл Газаны қайта әрі біржолата оккупациялауға алып келді деген сынға ұшырамау үшін, Израильдің бұл сектордан толық кеткені абзал. Және де жоғары лауазымды палестиналықтарды түрмеден босату – бір кездері өзі де ұзақ жылдар бойы абақтыда отырған Синвар үшін қасиетті іс. Бұған қоса, Синвар палестиналықтарға үйлеріне оралып, баспаналарын қалпына келтіре алатынына кепілдік берілгенін қалайды.

Дегенмен, келіссөздердің тым ұзаққа созылып кеткені Синвар үшін қауіптілеу: соғыс тоқтамаса, құтқарылған немесе қаза тапқан кепілдіктегілер саны көбейеді. Ал Газада өлім-жітімнің көбеюі палестиналықтардың Хамасқа наразылығын өршітіп, мұндай жағдай саяси зардап әкелуі ықтимал. 

Тағы бір айта кететін жайт, Израиль іздеу салған адамдардың тізімнің басында тұрған Синвардың өзі кез-келген уақытта өлтіруі мүмкін.

Бірақ Хамастың идеологиясы мен тарихында шәйіт болу негізгі орын алады. Сондықтан Синвар өзін бәрібір өлтірілетін адам санап, қастандықтан жан тәсілім етуді жеңіліске ұқсайтын келісімнен артық көруі мүмкін. 

Сыртқы күштердің қысымы көмектесе ала ма?

Мысыр мен Қатар Хамаспен келіссөздерде негізгі делдалдар ретінде қызмет етті. Бірақ олардың ықпалы шектеулі.

Қуғындағы Хамас үкіметіне жасалатын кез-келген қысым Хамастың басшылығына бұрынғы лидер Исмаил Хания Тегеранда өлтірілгеннен кейін тағайындалған Синварға үлкен ықпал етуі екіталай. Синвар соңғы он айда уақытының көбін Газаның астындағы туннельдерде өткізді. Және де оның сыртқы әлеммен қаншалықты байланыста екені белгісіз.

Құрама Штаттар Израильге соғыс барысында маңызды әскери көмек көрсетіп, оны атысты тоқтату туралы халықаралық үндеулерден қорғап бақты. Сөйте тұра, президент Джо Байден жыл басында Израильді оңтүстіктегі Рафах қаласына әскер кіргізу райынан қайтару үшін оған бомба беруді тоқтатты. Соған қарамастан, Израиль бәрібір Рафахта операция жүргізді.

Қазір АҚШ сайлау науқанымен әлек. Мұндай шақта Вашингтонның Израильге қысымды күшейтуі екіталай. Оның үстіне Байден Нетаньяхуға ықпал етуге аса құлықты еместігін байқатып отырса, вице-президент Камала Харрис Таяу Шығыс саясатына қатысты нақты өзгерістер ұсынған жоқ. Дональд Трамп болса, Израильді шабуылдарды тоқтатуға шақырғанымен, сайлауда жеңген жағдайда, бұрынғыдай Нетаньяхуға қайта бүйрегі бұруы мүмкін. 

Сонымен қатар, АҚШ Израильге эмбарго жарияламайды деген болжам бар. Себебі Хания өлтірілгеннен кейін еврей мемлекетіне Иран соққы береді деген қауіп сейілмей тұр. Осыған байланысты Америка Израильге қысымды төмендетіп, жақында осы аймаққа әскери активтерін жөнелткені белгілі.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу