Газдандыруға 60 жыл жылжыған Астана қашан толық газға көшеді?

2682

Бас қаланың газ құбырын Қостанай облысының газ жүйесімен тоғыстыру үшін "Тобыл–Атбасар–Астана" газ құбырын салу жобасы пысықталуда.

Газдандыруға 60 жыл жылжыған Астана қашан толық газға көшеді? Фото: inbusiness.kz

Елорданы газдандыру жобалары осыдан тура 60 жыл бұрын, 1963 жылы жоспарланған. Өйткені ол кезде бұл шаһар тың көтерудің астанасы ретінде дәріптелді. Содан қаланың 1963 жылғы тұңғыш Бас жоспарында оны газдандыру бекітілді. Бірақ Кеңес заманында олардың бірде бірі жүзеге асырылмады. Ақмола, бертінде Целиноград қазандықтарының үлкен мұржаларынан будақтаған көк түтіні бұлттарға дейін жеткен экологиялық лас қала болып қала берді. 

Тәуелсіздік жылдарында да Ақмола өңірін газбен қамтудың кем дегенде 3 жобасы әзірленді. Оның ішінде мысалы, марштруты белгісіз "Алтай+" жобасы, Тобыл–Көкшетау–Астана бағытындағы "Батыс–Орталық–Солтүстік" жобасы бар.

1997 жылғы 10 желтоқсандағы Президент Жарлығымен Ақмола еліміздің жаңа астанасы атанғаннан кейін оның тұрғындарының қатары жылдам қарқынмен өсе бастады. Қалада электр энергиясының алапат тапшылығы туындады. Сол кездегі қала басшылары бұл тұйықтан шығу үшін сұйытылған газ пайдалануға көшті. Қаптатып, газгольдерлер тұрғызды.

Ақыры 2018 жылы Президенттің "Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру" атты бесінші бастамасын іске асыру мақсатында "Сарыарқа" магистралдық газ құбыры жобасы қолға алынды.

Бүгінде "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, ал сол кезде энергетика вице-министрі ретінде осы жобаның басы-қасында жүрген Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, "Сарыарқаға" ел басшылығы тарихта қалатын ірі жоба ретінде баса мән берген. Оның қаптаған мәселесін шешу үшін мамандар күні-түні тынбай еңбек етті. Алып магистралдық газ құбыры 3 миллион қазақстандықты немесе 1,6 мыңнан астам елді мекенді газбен қамтуға тиіс болды. Ең басты мақсат – қуат тапшылығының зардабын тартқан әрі экологиясы нашарлаған Астананы осы қиындық атаулыдан арылту болды. Әйтпесе, көк түтін мен иіс-қоңыс елорданың беделіне дақ түсіретін еді.

М.Мырзағалиевтің байламынша, газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту мен газдандыру – стратегиялық мәні орасан зор міндет. Соның арқасында еліміздің және елордамыздың энергетикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар бұл халқымыздың экологиялық, экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартады.

Сөйтіп, 2018 жылғы қарашада 4 кезеңнен тұратын, "Қызылорда–Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана–Көкшетау–Петропавл" бағытын қамтитын "Сарыарқа" магистральді газ құбыры жобасы бастау алды. Оның бірінші кезеңінің ұзындығы 1061 шақырымды құрайды. Ол Қызылорда облысынан басталып, Жезқазған, Қарағанды арқылы Астанаға бағыт алды. Газ құбырының осы учаскесі Астана, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының тұрғындарын және магистралдық газ құбыры трассасы бойына жақын орналасқан елді мекендерді табиғи газбен қамтыды. 2019 жылғы желтоқсанда газ құбыры елордаға жетіп, іске қосылды.

Екінші кезеңі Астана–Көкшетау газ құбырын салуды қарастырады. Мамандардың есептеуінше, бұл үшін 170 миллиард теңге қаражат қажет болады. Егер "Сарыарқаның" осы екінші кезеңі аяқталса, онда тағы 200-ге жуық елді мекен табиғи газға қол жеткізеді. Дегенмен, солтүстік өңірлерді газдандырудың басқа жобалары пысықталуда.

Бұл алып магистралдық құбырдың Астанаға жетуінің өзі Қосшы қаласы және Ақмола облысының өзге 8 елді мекені тұрғындарының көгілдір отын игілігін көруіне жол ашты. Ақмола облысының Энергетика және ТКШ басқармасының дерегінше, облыстың елді мекендерін "Сарыарқа" газ құбырына қосу 2022 жылғы 2 қыркүйекте басталды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, "Сарыарқа" магистралдық газ құбыры құрылысының екінші және үшінші кезеңдерін 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Сонда газ құбыры Көкшетау және Петропавл қалаларына дейін жетеді. Сондай-ақ жолай Ұлытау, Қарағанды және Ақмола облыстарының қалалары, елді мекендері және Астана қаласы толық көлемде газдандырылады.

Осылайша, Астана 2025 жылға қарай толық газдандырылуға тиіс.

Қорыта айтқанда, "Сарыарқа" Астананы және Ұлытау, Қарағанды, Ақмола облыстары газдандыруды бастауға мүмкіндік берді. Ал келешекте "Сарыарқа" магистралдық газ құбыры құрылысының екінші және үшінші кезеңдері аяқталғаннан кейін Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ СҚО-мен шекарадағы Қостанай облысының шалғайдағы елді мекендері газдандырылмақ.

"Сарыарқа" көгілдір отынды Қызылорда жақтағы "Бейнеу–Бозой–Шымкент" магистралдық газ құбырынан алатыны мәлім. Кейіннен оны Қарашығанақ кен орнының газына алмастыру жобасы бар. Бұл үшін оны Тобыл кенті ауданындағы қолданыстағы "Қарталы–Рудный" газ бұру құбыры арқылы "Бұхара–Орал" магистральдық газ құбырына қосу ұсынылды.

"Нәтижесінде, Астана мен солтүстік облыстарымыз сырттан газ жеткізуден құтылады және газ тұтынудың қысқы маусымдық ауытқуы жойылып, энергетикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Астананың өсіп келе жатқан тұтынысын қанағаттандыру және Қостанай облысын газбен жабдықтауды кеңейту мақсатында "Сарыарқа" Қостанай облысының газ жүйесімен тоғыстырылады. Бұл үшін бұрын пысықталған "Тобыл–Атбасар–Астана" маршруты бойынша магистралдық газ құбырын салу, "Бұхара–Орал" магистралдық газ құбырынан "Қарталы–Рудный" газ бұру құбырын кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда", – деп түсініктеме берді Энергетика министрлігі.

Ведомство газдандыру елордада белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Астанада ЖЭО-1, ЖЭО-2 және салынып жатқан ЖЭО-3 энергия орталықтарында су жылыту қазандықтары табиғи газға ауыстырылып жатыр. Көктал 1, 2, Железнодорожный сияқты аз қабатты ескі тұрғын үйге толы, әлеуметтік және экологиялық жағынан неғұрлым осал шағын аудандарына газ беретін құбырлар салынып, пайдалануға беріліп жатыр.

Сонымен, газ құбыры елордаға келіп тұр. Одан қаланың ішіндегі әр аудан мен кварталдарға тармақтала таралатын кірме құбырлар да қарқынды төселу үстінде. Бірақ оған қосылу әр үйден қомақты қаражатты талап етеді. Оның көлемі 2,3 миллион теңгеге дейін жетеді.

Бұл шығын аз қамтылған отбасылардың бюджетіне басы артық салмақ түсірмеуі үшін елорда әкімдігі кәсіпкерлердің қайырымдылық қаржыларын тартуда. Қазіргі уақытта елорда әкімдігі әлеуметтік осал топтар санатына жататын мұқтаж адамдардың тізімін ұсынды.

Мысалы, Астана әкімдігі Halyk Bank-пен бірлесіп, 2023 жылы Алматы және Сарыарқа аудандарындағы 100 жеке үйді газға тегін қосу туралы келісімге келді. Осының арқасында зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы және басқа әлеуметтік аз қамтылған отбасылар көгілдір отынға қол жеткізеді. Осы мақсатқа банк 230 млн теңге бөліпті.

"Астана қаласындағы Алматы және Сарыарқа аудандарына газ толық жеткізілді. Онда шамамен 12 мың абонент бар. Оның ішінде 8 мыңнан астам абонент газға қосылды. Үйлерді газға қосу шығындарын азайту үшін жүйелі жұмыс жүргізудеміз: халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 450 мың теңгеге жуық сомаға газдандыру шығындарына өтемақы көзделген. Сондай-ақ құны 150 мың теңгеге дейінгі есептеу аспаптары тегін орнатылады. Осы банк тарапынан пайызсыз несиелеу бағдарламасы да іске қосылды", – деді Астана әкімі Жеңіс Қасымбек.

Бас қаланың Алматы мен Сарыарқадан басқа аудандары да газдан қағылмайды. Оларда газ құбырын жеткізу желілерін, кварталішілік желілерді салу жұмыстары келесі 2024 жылы жүргізіледі.

Астананы газдандыру процесі Мемлекет басшысының бақылауында.

Астаналықтар саны күн санап артып келеді. Ресми статистика бойынша қаламызда 1 млн 350 мың адам тұрады және 1,5 миллиондық межеге жылдам жақындап қалды. Былтыр Астанада 3 млн шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды. Осының бәрі жылумен қамту мәселесінің шешілуін талап етеді.

Осы мақсатта тиісті жұмыс жүріп жатыр. Биыл екі "газ жылу станциясы" іске қосылады. Ол екі станция 600 гигакалория жылу береді. Яғни, тұтас жылу-электр орталығының қуатына жетеқабыл энергия пайда болады. Жеңіс Қасымбектің командасы бұл жұмысты биылғы тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі биыл аяқталады. Ол 5 қазандықтан тұрады. Бұл қосымша 400 гигакалория жылу береді. Осылайша, Астана 1000 гигакалорияға қол жеткізеді. Мамандармен ақылдасқан әкімнің байламынша, осы қуат алдағы 3-4 жылға жетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу