Геосаяси текетіресте Қытайдың ұстанымы мен мүддесі қандай болмақ?

3402

Украина мен Ресей арасындағы соғыста соңына дейін Қытай бүгінгідей бейтарап саясат ұстанып отыра ма? Жалпы бұл соғыс Қытай мен АҚШ арасындағы текетіреске қалай әсер етті? Ондағы ресми билік өкілдері мен сарапшылар не деп жатыр?

Геосаяси текетіресте Қытайдың ұстанымы мен мүддесі қандай болмақ?

Осы және өзге де сұрақтарды inbusiness.kz порталының тілшісі қытайтанушы Олжас Бейсенбайға қойып көрді.

– Олжас мырза, Украина мен Ресей арасындағы соғыста Қытайдың бейтарап ұстанымда отырғаны айтылып жатыр. Расында солай ма? Қытай күндердің күнінде бір тарапты таңдап, екінші жақпен конфрантациялық жағдайға түсуі мүмкін бе?

 

– Қазақстан мен Қытай 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатқалы бері сарапшылар да, қытайлық дипломаттар да Қытайдың сыртқы саясатта бес принципті қатаң ұстанатынын айтып келеді. Ол қағидаттар: егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, агрессия жасамау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, теңдік және өзара пайда, бейбіт қатар өмір сүру. Осы принциптерді Қытайдың сыртқы істер министрі, ресми өкілдері ылғи мәлімдеп отырады. Сондықтан бірден айтар болсам, Қытай Украина немесе Ресей тарапын таңдап, біржақты позиция көрсетуі екіталай.

ҚХР ресми өкілдерінің мәлімдемелеріне назар аударатын болсақ, Қытай төрағасы Си Цзиньпин  Франция Президенті Э. Макронмен, Германия канцлері О.Шольцпен видеосаммит өткізген кезде де елдердің аумақтық тұтастығының, БҰҰ Жарғысының сақталуын, Украинадағы дағдарыстың эскалациясын тоқтату керектігін айтып, алты пункттен тұратын бастама ұсынды. Кейін ҚХР СІМ Ван И Қытайдың Ресей мен Украина дағдарысын реттеуде бітімгер бола алатынын айтты. Сонымен қатар Қытайдың Қызыл крест ұйымы Украинаға гуманитарлық көмек жіберетінін, ал Қытай мен Ресейдің байланысына "үшінші тараптар" ешқандай ықпал ете алмайтынын мәлімдеді.  

Си Цзиньпин төраға болған 2013 жылдан бері Қытайдың "Адамзат тағдырының ортақ қауымдастығы" деген жаһандық концепциясы бар. Яғни әлем елдерімен ықпалдасу, өңірлік және ауқымды дағдарысты бірлесіп еңсеру, басқа да экологиялық, экономикалық, саяси-қаржы мәселелерінде жүйелі ынтамақтасу идеясы ретінде ұсынылған. Сол контексте Қытай Украинаны ашық қолдап немесе Ресейді айыптай алмайды. Украина мен Қытайдың байланысы әскери және жалпы технология, ауыл шаруашылығы, "Бір белдеу, бір жол" бағытында кеңейіп келеді. Қытай-Украинаның гуманитарлық-мәдени байланысы да қарқынды. Ал Ресейді айтар болсақ, Ресей мен Қытайдың екіжақты сауда айналымы 2022 жылдың қаңтар-ақпанында 26,43 млрд АҚШ долларына жеткен екен. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 38,5 пайызға жоғары. Халықаралық ұйым аясында, мемлекетаралық қатынаста Қытай Ресеймен де, Украинамен де тұрақты байланыс сақтауға мүдделі болып отыр. Стратегиялық тұрғыда осы екі мемлекетті де Қытай ұсынып отырған "халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі" және жаһандық басқару(global governance) идеясының бөлігі ретінде қарастырады. Дәл қазір Қытай бірінші кезекте өзінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын негізге алып, АҚШ-пен конфронтация жағдайында Оңтүстік Қытай теңізіндегі аралдар және Тайвань мәселесін жоғары қояды. Сондықтан Украина-Ресей текетіресінде нейтралитетті сақтайды.

– Жалпы Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылары осы соғыс туралы не деп жатыр?

– Бір шолып өттім. Ресми өкілдерінен бір-екі адамды мысалға келтіретін болсақ, Сыртқы істер министрі Ван И Украинаға гуманитарлық көмек көрсеткен кезде нейтралитет сақталуы керек, одан кейін гуманитарлық операцияны саясиландырмау керек, осы іс-шараларда БҰҰ-ға көмектесу керек деп мәлімдепті. ҚХР сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстанда елші болған Лэ Юйчэн "НАТО-ның Шығысқа қарай кеңеюіне біз жол бермеуіміз керек. Ядролық державаны бұлайша тығырыққа тіреуге болмайды. Кезінде НАТО-ның Югославия, Ирак, Сирия, Ауғанстандағы операцияларының қалай өткенін білеміз. Адам шығыны көп боды. Екеуара қақтығыстар кіші мемлекеттерді (Украинаны) ойыншыққа айналдырмауы керек" деді. Қытайдың сыртқы саяси ведомствосының өкілі Чжао Лицзянь "Ресей энергоресурсына АҚШ-тың санкциялары біржақты салынды" деп айыптап отыр. Содан кейін "Ресей-Украина дағдарысында АҚШ Қытай тарапының құқығы мен қызығушылықтарын ескерсін" деп қатаң мәлімдеме жасады. Яғни бұл дағдарыс Қытай мен АҚШ арасындағы өткір айыптаулардың тағы бір ошағына айналып отыр. Ал Қытайдың Премьер-Министрі Ли Кэцян "Қытай мен АҚШ осы Украина дағдарысының өзінде бір-бірімен консенсусқа келуі керек" деді. Бір жағынан қатаң мәлімдеме жасалса, екінші жағынан премьер-министрі консенсусқа шақырады.

Ақпарат құралдары мен эксперттердің ортасындағы нарратив әртүрлі. Қытайдың мемлекеттік кеңесінің жанындағы қоғамдық саясат институты директорының орынбасары Ху Вэй "Қытай Ресеймен байланысты үзбейтін болса, үлкен изоляцияға ұшырайды" деген екен. Яғни Ресейдегі үлкен компания, корпорацияларға Батыс санкция салған жағдайда олармен жұмыс істейтін қытайлық бизнеске, инвесторларға ықпал етеді. Сондықтан Ресеймен бірге Қытайдың да қосымша санкцияға ұшырауы ықтимал екенін меңзеп отыр. Чжу Чжицюнь деген сарапшы "Украина дағдарысы екіжақты қарым-қатынасқа әсер ете алмайды. Қытай-Ресей қарым-қатынасы стратегиялық деңгейде сақталып қалады" деп жазған. Цинь Ган деген эксперт "Халықаралық ақпарат құралдарында "Қытай бұл дағдарыс туралы алдын ала білді, Бейжіңдегі олимпиаданы өткізіп алғаннан кейін соғысты бастау туралы келісім болған" деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Қытайдың Ресейге әскери көмек бермейді, ішкі істеріне араласпайды" деп жазады. Бейжің университетінің профессоры Ши Иньхун "Қытайдың Украина туралы ресми дискурсы бастапқыда Ресей тарапын қолдаса, қазіргі кезде нейтралитет сақтап, Украинаға да көңіл бөле бастады" деген ойлар айтқан.

Жалпы Қытайдың дипломатиялық риторикасында АҚШ пен Батыстың шешімдері мен мәлімдемелеріне қарсы өткір пікір басым, ал ақпарат құралдары мен эксперттер әртүрлі позицияны ұстанады.

– АҚШ пен Қытайдың арасында сауда текетіресі барын, Қытайдың бірнеше компаниясы Батыс елдері тарапынан санкцияларға ілінгені белгілі. Украинадағы соғыс осы текетіреске қалай әсер етті?

– 2021 жылы қыркүйек айында Джо Байден мен Си Цзиньпиннің бейнебайланыс режимінде кездесуі өткен. Сол кезде көптеген эксперттер "АҚШ пен Қытайдың қарым-қатынасында өзара түсіністік пайда болды. Енді әрі қарай саудадан, технологиядан басталған, содан кейін идеологияға жеткен текетірес жұмсақ фазаға өтеді" деген пікір жиі айтылған. Бірақ ол көзқарас ақталған жоқ. Жақында Джо Байден мен Си Цзиньпин арасында тағы да кездесу өтті, бірақ қос державаның басшылары бір-бірімен келісімге келе алмағанын көріп отырмыз. АҚШ "егер Қытай санкциялардан айналып өтіп, Ресейге материалдық көмек көрсететін болса, оның аяғы жақсылыққа апармайды" деп мәлімдеді. Ал Си Цзиньпин "Қытай өз азаматтары мен компанияларының құқығын қатаң қорғайды, соған қарай тиісті шешім қабылдай алады" деп өткір жауап қайтарды. Екі тарап өз принциптерінен тайынған жоқ. 1970 жылдары АҚШ-ҚХР байланысын жандандыруға Р. Никсон мен Г. Киссинджер сияқты шебер дипломаттар күш салды. Бүгін сол міндетті АҚШ-тан Э. Блинкен, Дж.Салливан, Қытай тарапынан Ван И мен Ян Цзечи сияқты дипломаттар атқара ала ма, алдағы уақыттың еншісіне қалады.    

Жалпы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда айналымы былтыр 755 млрд АҚШ долларына жеткен. Екі ел – бір-бірімен нөмір бірінші серіктес, сауда айналымы ауқымды. Ал ҚХР-РФ арасындағы сауда айналымы 2021 жылы 148,8 млрд АҚШ долларына жетіп, рекорд көрсеткен. Кезінде АҚШ тарапынан Иранға санкция салынғанда, Ресей-Жапония дипломатиясында "салқындық" болғанда да, өзара интеграция терең болғандықтан Қытай барлық тараппен сауда-экономикалық байланысын кеңейте берді. Тіпті "Белдеу мен жол" инициативасы арқылы теңіз бен құрлықта сауда-экономикалық дәліз құрып, дамушы мемлекеттерді "игеруге" кірісіп кетті. Қазіргі кезде де Қытай саяси-идеологиялық тұрғыда қайшылықтары болса да, сауда-экономикалық және ұзақмерзімді мүддесін бірінші кезекке қояды. Мәселен, Қытайдың Сириямен сауда-экономикалық мүддесі тереңдеп келе жатқанымен, Сирия дағдарысында жетекші державалармен "жаға жыртысқан" жоқ. Қытай тіліндегі "вэйцзи" 危机, яғни "дағдарыс" деген сөз қауіппен қатар мүмкіндіктің де ашылатынын білдіреді. Қытай АҚШ-пен, Ресеймен де сауда байланысын нығайта береді. Санкциялар Ресей, Қытаймен жан-жақты стратегиялық байланыс орнатқан Орталық Азия елдеріне де жанама түрде әсер етері даусыз.

– Ресейдегі сарапшылардың кейбірі "Ресейдің ендігі жерде саудадағы серіктесі Қытай болмақ" деген пікір айтады. Қытай бұған қаншалықты мүдделі?

– Былтыр В. Путин мен Си Цзиньпин кездескен кезде Ресей президенті "Қытаймен бірлесіп 65 жобаны іске асырамыз. Ол 120 млрд АҚШ долларын құрайды" деген. Ғарыш, өзара ұлттық валютада есеп айырысу, одан кейін "Бір белдеу, бір жол" транзиттік мүмкіндіктер жағынан да байланысты нығайту көзделген. Бірақ қазір Қытайға Ресейге қарағанда АҚШ, Үндістан, Еуропа елдерімен байланысы әлдеқайда өзекті. Сондықтан Ресейге қосылып біржақты шешім қабылдауы екіталай, ал Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынас қалыпты дами береді. Жоғарыда айтқанымдай, Қытай ең алдымен территориялық тұтастығын, "Бір мемлекет – екі жүйе" саясатын, Сянган, Аомэн, Макаоның құрлықтағы Қытай халқымен интеграциясын, ерте ме, кеш пе Тайванның "үйге оралуын" қатаң қағидат деп ұстанады. Осы саясатпен келіспейтін тараптарға дипломатиялық риторикасы өткір сипатқа ауысты. Дэн Сяопин кезеңіндегі "өз мүмкіндіктерін жасыратын" Қытай бүгінде өз амбициясын батыл көрсетіп, батыс әлемін көшбасшылықтан ысыратын халықаралық қатынастардың жаңа жүйесін құрамыз деп отыр.

2021 жылы Қытай мен Еуроодақ арасындағы сауда айналымы 828 млрд АҚШ долларына жеткен екен. Бұл – үлкен көрсеткіш. Еуропалық одақ үшін де Қытай ауқымы кең нарық болып есептеледі. Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" жобасының,  құрлық пен теңіз арқылы баратын дәліздің соңғы нүктесі – Еуропа. Сондықтан Қытай Еуропамен қарым-қатынасын бұзбауға тырысады. Осы аралықтағы Орталық Азия елдеріне Қытай тауарын өткізуші "транзиттік аймақ" ретінде қарайды. Орталық Азия елдері трансшекаралық сауданы транспарентті қылып, ондағы сыбайлас жемқорлықты жүгендеп, инфрақұрылым, шағын бизнес пен ауылшаруашылығын дамытса, тек транзиттік емес, сауда-экономикалық потенциалын кеңейте алады.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу