Геосаяси жағдай базалық мөлшерлемені өсіруге түрткі болды

4581

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 10,25%-дан бірден 13,5%-ға көтерді.  

Геосаяси жағдай базалық мөлшерлемені өсіруге түрткі болды

Мұның себебі мен салдарын анықтау үшін inbusiness.kz тілшісі экономист-сарапшыларға хабарласты.

Арман Бейсембаев, экономист:

– Қаржы реттеушісінің дәл осындай шешім қабылдауына қазіргі геосаяси жағдайдың түрткі болғаны сөзсіз. Ресейдің Украинаға басып кіруі – де-факто.

Соғыс басталды. Украина қарсылық көрсетуге кіріседі. Осы оқиға теңгеге қысым жасайды. Жоғары базалық мөлшерлеме мәселені шешпейді, инфляцияны тежемейді. Мұндай жағдайда интервенция жүргізудің де пайдасы жоқ. Осы арқылы біз резервті шығындаймыз. Алдағы уақытта 1 доллар 500 теңгеден сатылуы мүмкін. Бұл шекті көрсеткіш емес. Қазір рубль мен теңгенің қатынасы 5,5-5,7 болып тұр. Егер бір доллар 100 рубльден сатылса, онда теңге 550-570 болады.

Базалық мөлшерлеменің өсуі инфляциялық тәуекелдің алдын алу үшін жасалған қадам. Бірақ бұл қысқа мерзімді шара. Өйткені алдағы уақытта Ресейге қарсы санкция күшейеді. Ресейдің жағдайы нашарласа, бізге де жақсы болмайды. Базалық мөлшерлеменің көтерілуі несиенің пайызын арттырады. Бұл түрлі экономикалық мәселелерді туындатады.

Қайырбек Арыстанбеков, экономист:

– Базалық мөлшерлемені көтеру 100% нәтиже береді деп үміттенбеу керек.

Бізде көлеңкелі экономиканың үлесі 30%-ды құрайды. Үкіметтің шығыс деңгейі тым жоғары Инфляция қарқынын тек қайта қаржыландыру арқылы бәсеңсіту мүмкін емес.

Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу режимін қолданады. Мұндай жағдайда экономикалық өсу қарқыны тежеледі. Міндет – инфляцияны ұстап тұру.

Рубль бағамының өзгеруіне байланысты біз таргет жасауға мәжбүрміз. Осының ізінше депозит иен несиенің пайызы өседі. Халықтың қарыз алу мүмкіндігі шектеледі.

Мақсат Халық, экономист:

– Бүгін Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені кезектен тыс көтеріп, 13,5%-ға жеткізді. Бұл қадам бізге не береді, қарастырып көрейік.

Депозитте теңгемен сақталып тұрған жинақтың пайызы өседі. Бұл ел азаматтары ақшаны теңгемен жинақтауға көшеді деген сенім туғызады. Базалық пайыздық мөлшерлеменің өсуі теңгеге қуат, күш береді. Дәл қазіргі жағдайда, теңгенің қатты құлдырап жатқан кезінде мұндай шешімнің қабылданғаны дұрыс деп айтуға негіз бар.

Өкінішке қарай банктер беретін несиенің де пайызы артады. Біз осыған дейін несиенің пайызын түсіре алмай келдік. Қабылданған шешім пайыздың одан әрі өсуіне ықпал етеді.

Президент жақында ғана екінші деңгейлі банктер бизнесті қаржыландырсын деген тапсырма берді. Өздеріңіз білесіздер, екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнесті қаржыландыруға құлықсыз. Себебі олар базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты ақша қаражатын репо сияқты операцияларға салып, сол жерден табыс табады. Алдағы уақытта осы сценарий қайталанады және үдей түседі. Бизнесті, іскерлік ортаны қаржыландыру жайына қалады. Іскерлік орта жалпы экономиканың қозғаушы күші. Ол қаржы тапшылығын сезінсе, жағдай қиындайды.

Осыдан 2 жыл бұрын пандемия басталған тұста Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 9%-дан 12%-ға көтерді. Сол кезде әлем елдері керісінше, базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетіп жатты. Салдарынан қатты сынға ұшырадық. Қазіргі сценарийде қарайтын болсақ, базалық пайыздық мөлшерлеменінің өсуі геосаяси жағдайға байланысты болып тұр. Рубльдің рекордттық деңгейде құнсыздануына байланысты бізге шұғыл шешім қабылдау қажет болды. Кеше 33 млн долларға интервенция жасап көрді. Бірақ оның ешқандай әсері болмады. Енді, Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы әрекет етіп жатыр. Бірақ бұл шешім түбегейлі өзгеріс орнатады дегенге сену қиын.  

Айта кетейік, Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті биыл 24 қаңтарда базалық пайыздық мөлшерлемені 9,75%-дан 10,25%-ға жоғарылатты. Бұл шешім инфляцияны төмендету үшін қабылданды.

"Шешім инфляциялық болжамдарды төмендету және 2022 жылдың соңына қарай инфляция деңгейін  4-6% нысаналы дәлізіне кіргізу қажеттілігі ескере отырып қабылданды", – деп хабарлады Қаржы реттеушісі.

Бір жыл бұрын Ұлттық банк 9,5% болып тұрған базалық пайыздық мөлшерлемені 9,75-ға көтерді.

Біле жүріңіз, Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені екінші деңгейлі банктерге несие берерде және олардан депозитке қаражат қабылдаған кезде қолданады. Қаржы реттеушісі екінші деңгейлі банктерге несиені өзі бекіткен базалық пайыздық мөлшерлемемен ұсынады. Депозитке де осы тәсіл қолданылады.

Екінші деңгейлі банктер тұтынушыларға қарызды Ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөлшерлемені негізге ала отырып береді. Яғни олар маржаны базалық пайыздық мөлшерлеменің үстіне қосады. Осыған байланысты базалық пайыздық мөлшерлеме өзгерген сайын несие мен депозит қымбаттап отырады.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу