Германияда алапат экономикалық дағдарыс басталды

10407

Неміс елінде мыңдаған жұмысшы қысқартылуы мүмкін.

Германияда алапат экономикалық дағдарыс басталды Фото: canva.com

Еуропаның "локомотиві" және лидері ГФР-де екінші жыл қатарынан рецессия болжанып отыр. Бұл экономиканың өркендеу орнына, кері кеткенін білдіреді. Киль әлемдік экономика институтының (IfW) мамандары 2024 жылы неміс ЖІӨ-сінің 0,1%-ға төмендейтінін жариялады.

Бір қарағанда, бұл мардымсыз көрінеді. Алайда АҚШ (20,94 трлн), Қытай (14,72 трлн), Жапония (5,064 трлн доллар) елдерінен кейінгі жаһандық төртінші ең ірі экономика Германия (3,806 трлн) саналады. Демек, әлемдік алып үшін осы шағын пайыздың өзі өте көп.

Оның үстіне, IfW сарапшылары Германияның экономикалық дамуы екінші жыл қатарынан тоқырап отырғанына назар аудартты. Өйткені 2023 жыл қорытындысында Еуропаның ең ірі экономикасы 0,3%-ға құлдыраған болатын.

Бұл енді уақытша құбылыс емес, тұрақты трендке айналып бара жатқандай. Тиісінше, ол ГФР ахуалының қиын екенін, оның экономикалық салаларында және тіршілігінде шешімін таппаған күрмеулі проблемалар кешені қалыптасқанын паш етеді.

Киль институтының күзгі болжамына сәйкес, 2024 жыл қорытындысында ЖІӨ 0,1%-ға төмендейді. Бұдан бұрын, биылғы жазда ғана IfW жалпы ішкі өнімнің керісінше, 0,2 пайызға өсетінін жорамалдаған болатын.

Бұл аз болғандай, келесі 2025 жылға арналған болжам да нашар: ЖІӨ 1,1-ден 0,5 пайызға дейін кемуі мүмкін.

"Өнеркәсіп рецессия жағдайында. Ал, жеке үй шаруашылықтары (отбасылар) нақты табыстарының өсіміне қарамастан тұтынудан, сатып алулардан тартынып отыр. Бұл да экономиканың өспеуіне ықпал етеді. Сонымен бірге, болашаққа қатысты белгісіздік деңгейінің артуы және қаржыландыру шарттарының күрделенуі салдарынан инвестициялар азаюын жалғастырды", – деп түсіндірді IfW.

Бұл тек бір ұйым сарапшыларының байламы емес. Германияның өзге институттары да елдің 2024 және 2025 жылдардағы даму перспективаларын пессимистік бағалайды. Лейбниц қауымдастығының Экономикалық зерттеулер институты (RWI) да жыл қорытындысында германиялық экономикада стагнация болатынын тұспалдады.

"ГФР-дің ЖІӨ-сі былтырғы деңгейде төмендеуі мүмкін. Биылғы маусымда ғана 0,4 пайыз өсім күтіліп еді. Германия экономикасы батпақтап жатыр. Басқа елдер өсе бастағанда, ол керісінше, бата бастады", – деді Мюнхен экономикалық зерттеулер институтының (IFО) сарапшысы Тимо Волльмерсхойзер (Timo Wollmershäuser).

IFО 2025 жылғы ГФР экономикасының өсіміне қатысты болжамын бұған дейінгі 1,5 пайыздан 0,9 пайызға дейін азайтты.

"Германия экономикасы стагнациядан шығуы үшін бірінші кезекте инвестицияларға, кәсіпорындардың өркендеуіне арналған қауіпсіз жағдайлар жасалуы қажет. Сондай-ақ жеке азаматтардың тұтынысы қалпына келгені жөн", – дейді RWI сарапшысы Торстен Шмидт (Torsten Schmidt).

Бұл елдегі жеке азаматтар болса, қазақтың "тарта жесе тай қалады" қағидасын ұстанып, басыартық затты, тіпті қажеттісінен көп тамақты сатып алудан аяқ тартуда. Үнемдеуге отбасылық бюджеттердің автокөліктер сатып алу бабы да ілікті. Бұл Volkswagen автоконцерніне соққы болды: саудасы тоқыраған компания Германиядағы бірнеше зауытын жауып, жұмысшыларын жаппай қысқартуды жоспарлады.

Автогиганттың бұл зиянды жаңалығы өзгелерге "жұғысты" болатын түрі бар. Euronews Германияда басқа ірі кәсіпорындар жұмысшыларын қысқартуға ниетті екенін жария етті. Эксперттер таяу жылдары жұмысшылардың жаппай босатылуын болжады. Көпшілігі дағдарыстың отандық автоөнеркәсіпті ғана емес, басқаларын да қамтығанына сенімді. Түрлі саладағы неміс кәсіпорындары демеуге зәру.

"Германия өнеркәсіпке, әсіресе, экспортқа қатты тәуелді. Тек Volkswagen ғана емес, басқа да кәсіпорындар жаңғыру мүмкіндіктерін қалт жіберіп алды. Салдарынан тұтынушылары теріс айналып, жаңалыққа құмар клиентін біраз жоғалтты. Мысалы, Volkswagen электромобильдерге сол бойы көше алмады. Бұл тұрғыда ол көш соңында қалды. Бұрынғы заманда оның табысы мол болды, жетістіктері де зор компания саналды. Ол заман артта қалды. Жеңістің буына мас болған ол бүгінде бас жазар ештеңе таппай, қиналуда. Бұл тек автомобиль секторына емес, сондай-ақ машинажасау, фармацевтика, химиялық өнеркәсіп сияқтыларына да қатысты. Көптеген жергілікті компания салмақты проблемаларға тап болды", – дейді Неміс экономикалық зерттеулер институтының (DIW) президенті Марсель Фратцшер.

Мәселен, химиялық өнімдердің әлемдегі аса ірі өндірушісі BASF-тың штаб-пәтері Рейнланд-Пфальц жерінде орналасқан. Ол да өз өндірісін Азияға ауыстыруды және Германиядағы барлық жұмысшысын жаппай қысқартуды ойластыруда.

Марсель Фратцшердің түсіндіруінше, Германияның ірі проблемалары қысқамерзімді емес, құрылымдық. Олар бұрыннан қордаланған. Бұған ГФР-дің бүкіл әлемге танымал оралымсыз, шұғыл шешім қабылдауға қабілетсіз бюрократиясы өз ауыртпалығын артты.

Сондықтан, DIW президенті стагнацияның тағы бір жылдай уақытқа созылатынын жорамалдады. Содан кейін егер "дұрыс реформа және қомақты инвестиция жасалса", бірте-бірте қалпына келуі ықтимал.

Бірақ ол "бірте-біртені" күтуге бизнес ортаның шыдамы жетпеуі ғажап емес. Өйткені дәл осы кезде өзге еуропалық, азиялық бақталастары табысқа кенелуде.  

Еуропалық Одақ 2035 жылға дейін іштен жану қозғалтқыштарынан, бензинмен, дизельмен жүретін автокөлік атаулыдан толық бас тартады және түбегейлі электромобильдерге көшеді.

"Еуроодақ автоөндірушілері тез бейімделу орнына бұл талапқа тойтарыс беруге тырысуда. Салдарынан, машинажасау және оған жұмыс істейтін жанама салаларда бірнеше мың жұмыс орны жабылады. Бұл ретте Германияның экономикасы елеулі дәрежеде автомобиль өнеркәсібіне тәуелді. Жаппай жұмыстан шығару халықтың биліктен түңілуіне және ультраоңшылдардың одан ары дәуірлеуіне соқтыруы мүмкін. 2025 жылғы 28 қыркүйекте өтеді деп күтілген Германиядағы парламенттік сайлаудың қорытындысына осы әсер етуі ықтимал", – деді Еuronews тілшісі Лив Страуд.

Financial Times байламынша, Еуропа алпауытының әлсіреуіне мұнай-газ бағаларының қымбаттығы, экспорттың кемуі және әлемде технологиялардың тез дамуы түрткі болды.

"Қазіргі кезде Германияның еңбек нарығында алаңдатарлық өзгерістер белең алды. ФРГ жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі федералдық агенттігінің дерегінше, елдегі жұмыссыздық биыл ұлғайып, 6%-ға жетті. Экономистер жұмыссыздықтың өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары білікті және жоғары жалақылы жұмыс күшіне қаттырақ соққы бергенін қаперге салды. Нидерландтық ING банкінің бас экономисі Карстен Бржескидің пікірінше, өткен заманда өрге өрлеген ФРГ-ның еңбек нарығы бүгінде жаралы және мыңдаған қысқартулардан қансырап, өліп барады", – деп хабарлады Financial Times.

Бензин-дизельмен қозғалатын дәстүрлі көліктерге қарағанда, электромобильдерді біріншіден, конструкциялап құрастыру күрделі әрі көп еңбекті қажет етеді. Екіншіден, ол мол инновациялар мен ұзақ мерзімді ғылыми зерттеулерді талап етеді.

Үшіншіден, аз жалақыға көп жұмыс істейтін білікті жұмысшыларды талап етеді. Германияда орташа жалақы 3 900-4 105 еуродай. Жоғары біліктілері одан екі есе және одан көп айлық ала алады. Қытайда орташа жалақы ел астанасы Бейжіңнің өзінде 1 560 доллар. Провинцияларда орта есеппен 166 доллар ғана. Содан Германияда бір ғана білікті маман жалдауға болатын ақыға ҚХР-де 20 маманнан тұратын тұтас команданы жалдай алады. Салдарынан, электрокар өндірісінде тіпті Американың өзі Қытайға жол бере бастады.

Электрмен жүретін автокөліктердің өндірісіне баса мән бермеген консервативті неміс елі бәсекелестікте оңбай ұтылып жатыр: автомобильдер өндірісінде жұмыс істейтін шамамен 780 мың жұмысшының саны былтыр 6,5% кеміді. Немістердің өздері де электрокарға белсенді көше бастағанын ескергенде, бұл көрсеткіш одан ары нашарлары даусыз.

Volkswagen концернінің бас директоры Оливер Блуме 2029 жылға дейін жұмыс орындарын қысқартпау туралы уәделерінен бас тартуға тура келетінін мәлімдеді. Бұған қоса, атақты автоөндіруші 2023 жылы қабылданған үнемдеу бағдарламасы аясында енді ГФР-дегі бірнеше зауытын жабу мүмкіндігін қарастыруда. Мұндай қадамға неміс автоконцерні бүкіл 87 жылдық тарихында ешқашан бармаған екен.

Компания басқармасының шешіміне сәйкес, Volkswagen AG тобының маркаларына кең ауқымды реструктуризация жүргізілуі керек. Сондай-ақ басшылық 1994 жылы еңбек келісімшарттарында бекітілген жұмыспен қамту кепілдігінің де күшін жоюға ұйғарды: жұмыстан босатылғандарға басқа жерден жұмыс ұсынылмайды.

Бірақ Германияға қатысты оптимист экономистер де бар. IfW сарапшылары неміс экономикасына Еуропалық орталық банктің биылғы маусымда басты пайыздық ставканы рекордтық жоғары 4,50%-дан 4,25%-ға дейін түсіруі Германияда да инвестициялардың өсуіне серпін береді деп күтуде. Бұл ГФР-де банктік заемдардың арзандауына негіз болды. ЕО орталық банкі таяу айларда ақша-кредиттік саясатын ары қарай жұмсартады деп болжануда. Бұл несиелердің пайыздық ставкаларын тағы төмендетеді.

Германия тұрғындарының нақты табыстарының өсуі жалғасты. Бұл түптің түбінде үнемшіл немістерді де әрнеге ақша жұмсап, ішкі тұтынысты арттыруға итермелеуі мүмкін. Инфляция төмендеуде. Биыл 2,2 пайызды құрады, келесі жылы 2 пайызға дейін түседі деген жорамал бар. Дегенмен, көп нәрсе канцлер Олаф Шольц билігінің экономиканы жандандыру бағытында дұрыс, тегеурінді реформалар жүргізе алуына байланысты болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу