Гитлер заманынан бері алғаш рет Германияда ультраоңшылдар жеңіске жетті

10478

ГФР – Украинаның жауға қарсы тайталасының АҚШ-тан кейінгі ең ірі демеушісі еді, енді не болады?

Гитлер заманынан бері алғаш рет Германияда ультраоңшылдар жеңіске жетті Фото: Getty Images

Неміс еліндегі ультраоңшылдар Ресейді жақтайтынын, Украинаны жақтырмайтынын еш жасырмайды. Мысалы, "Германияға арналған балама" (ГаБ) партиясының Тюрингия өлкесіндегі басшысы Бьёрн Хёкке жергілікті сайлауда дауыс беру учаскесіне Ресейде жасалған "Нива" көлігімен келіп, ақпарат құралдарына соның жанында сұхбат берді. Deutsche Welle оның гитлершіл саясаткер екеніне, нацистік ұрандары үшін сот оған айыппұл салғанына назар аудартады.

Онда неге бұл партия ірі жеңіске жетті? Ғажабы сол, бұл жеңістің іргетасын Путиннің досы, Германия федеративтік республикасын (ГФР) ұзақ жыл – 2005–2021 жылдары басқарған канцлер Ангела Меркель қалаған екен. Ол ел тізгінін ұстап тұрғанда неміс елінің шекараларын ашып, Сириядан, Ауғанстаннан және басқасынан қашқан жүздеген мың мұсылман босқынды кіргізді.

Ультраоңшылдар өз жеңісін "тұрғылықты халықтың иммигранттар легінің қаптауына наразылығының күшеюімен" түсіндіреді.

"Ашық шекаралар саясатына қарсылық барлық сауалнамаларда №1-ші проблема ретінде аталды. Дәл осы мәселе ГаБ-тың жетістігінің басты драйверіне айналды. Бұл жолғы сайлауда халық Ангела Меркель бастаған эксперимент елді жарға жыққанын, азаматтар иммиграцияны жақтамайтынын паш етті", – деді "Германияға арналған балама" ультраоңшыл саяси партиясының лидерлерінің бірі Беатрикс фон Шторх.

Сарапшылар бұл жерде кереғарлыққа, елемеуге болмайтын үлкен қайшылыққа назар аудартады: Федералдық статистикалық ведомствоның дерегінше, 90-шы жылдардан бері Германияға ресейліктер де ауа көшті, олардың көші-қоны 2022 жылдан соң күрт ұлғайды. Соның салдарынан, бүгінде Германияда 1 млн 303 мың экс-ресейлік тұрады. РФ-тің бұрынғы азаматтары саны жөнінен түріктерден (2 млн 747 мың) және поляктардан (2 млн 176 мың) кейінгі үшінші ірі диаспораға айналды. Соған қарамастан, неонацистер тек мұсылман босқындарға шүйлігеді, ресейліктерді керісінше, қолдайды. Неміс сарапшылары бұдан нәсілдік шовинизм нышандарын байқады.

Би-Би-Си: "Еуропаның көшбасшы еліндегі жергілікті сайлауларда Путин достарының зор жетістігі Еуропа мен Украина үшін қандай салдарларға соқтырады?" деген сауалға жауап іздеді.

ВВС сарапшысы Алексей Калмыковтың түсіндіруінше, Еуропаның аса ірі елінде популистердің тарихи жеңісіне олардың жалаң ұрандары ықпал етті. Ультраоңшылдар жұртшылықты ешқандай босқындарға, ешқандай соғысқа, ешқандай ЛГБТ+ қозғалыстарына орын жоқ, тек "дәстүрлі құндылықтар" үстемдік құрған, ресейлік арзан газ мол болған "жарқын өткен шаққа" оралуды ұсынып, ұран салды.

"Неміс ультраоңшылдары және әсіресолшылдар бұған қол жеткізу үшін Германия Украинаға әскери, басқадай көмектерін дереу доғаруы, сөйтіп, оны Мәскеу шарттарымен келіссөз үстеліне отырғызуы керектігін айтты. Ресей арзан газының құбырын қайта ашу үшін одан санкцияларды алып тастауды ұсынды. Күйзелістен қажыған, өткенді аңсаған немістерді соңынан ерткен ультраоңшылдар және әсіресолшылдар шығыс жерлерде өткен осы жергілікті сайлауларда канцлер Шольцтің іс басындағы билеуші коалициясына күйретуші соққы берді. Германияның шығысында Мәскеуді қолдаушы күштер сақталған. ГДР заманында ол өлкеде, Дрезденде КГБ резиденті ретінде Владимир Путин еңбек жолын бастаған", – деді Алексей Калмыков.

1 қыркүйекте басталған жергілікті сайлаулардың қорытындысын халықаралық сарапшылар тек Германияның ғана емес, бүкіл Еуропаның қалыптасқан тәртіп жүйесіндегі "тектоникалық қозғалыс" деп бағалауда.

Дегенмен, Би-Би-Сиге пікір білдірген кейбір сарапшы сабырға шақырады: бұл сайлауларда тек Германияның 2 шығыс жерінің – Саксония мен Тюрингияның парламенттері сайланды. Бұл екі өңір ГФР-дің федералдық үкіметінің сыртқы саясатына ешқандай ықпал ете алмайды. Сондықтан мысалы, неміс елінің Украинаға әскери және қаржылай көмегіне тосқауыл қоюға олардың мүмкіндігі болмайды.

Жергілікті сайлауларда ультраоңшыл "ГаБ" Тюрингияда – бірінші, Саксонияда – екінші орынға шықты. Ал, посткоммунистік Солшылдар партиясынан ірге ажыратып, жеке отау құрғанына бір жыл да толмаған әсіресолшыл "Сара Вагенкнехт одағы" (СВО) үшінші орынды иеленді. Бұл өңірлерден демократиялық күштер жаппай кері шегінді.

Бұл жерде халықаралық қоғамдастықты неміс еліндегі қауіпті тенденция алаңдатып отыр: Гитлер заманы келмеске кетті деп есептеліп келген, енді міне, соның ізбасарлары, ашықтан ашық жақтаушылар державаның бір пұшпағының тізгінін өз қолына алмақ. Бұл кесел ГФР-ге жаппай жайылмай ма? Сарапшыларды, саясаткерлерді толғандырған түйткілді бір мәселе де осы.

Көзқарастары қатыгез, ультимативті күштердің осы жерлерде сайлаушылардың жаппай қолдауына ие болуы канцлер Олаф Шольцті және билеуші коалицияны саясатын өзгертуге мәжбүр етті. Себебі, 2025 жылдың қыркүйегінде өтетін федералдық сайлау таяп қалды. Егер саясатын түзетпесе, онда ұлы дода қарсаңында барлық мейнстримдік саяси күштер популистердің сыртқы саясаттағы ұрандарын қабылдап, қолдай бастауы мүмкін.

Содан мысалы, Берлин босқын ауғандықтарды ұшақтарға толтырып, тәліптер талауындағы Ауғанстанға кері қайтара бастады. Оларға өз елінде өлім жазасы күтіп тұрғанын да елемеді.

"ГаБ пен СВО партиялары путиндік Ресейді жақтайды, Украинаға кез келген көмекті доғаруды және оны Кремльмен бітімге мәжбүрлеуді талап етеді. Сыртқы саясатқа өңірлік парламенттердің тікелей қатысы жоқ, алайда популистер сайлаудан кейін де басылмай, уағызын үдетуде: олар Германияда сайлаушылардың тұрмысының нашарлауына Украина және босқындар себепкер деп жала жабуын жалғастырды. Германия Украинаға көмектескені үшін Кремль газ құбырын жауып тастады. Газдың қымбаттауы салдарынан Еуропаның басты экономикасы және өнеркәсіптік моторы үшінші жыл қатарынан стагнациядан зардап шегуде", – дейді Калмыков.

Ол ГФР-дің Украинаға көмегі 30 миллиард еуроға жуықтағанын айтады. Бұдан көп көмекті тек АҚШ бөлді.

"ГаБ" партиясы сайлауалды науқанында миграцияны шектеуге және қылмыспен күреске екпін түсірді, Украинадағы соғысты тек сөз арасында еске алған. СВО жетекшісі Сара Вагенкнехт болса, жергілікті сайлауға тек қана сыртқы саяси уәделермен түсті және онысын "Бейбітшілік туралы референдум" деп атады. Ол Украинаға қару жеткізуді түпкілікті тоқтатуды және Мәскеумен келіссөздерді бастауды талап етумен шектелмейді. Сондай-ақ Батысты Ресейден барлық санкцияларын алып тастауға үндеді. Бұған қоса, федералдық үкіметтен Германия территориясында орналастырылған орташа қашықтықтағы америкалық зымырандардың бәрін жоюды табанды талап етуде.

"Вагенкнехт ханым Мәскеудің нарративтерін еш өзгеріссіз жариялаудан арланбайды және осы істе Кремльдің құралы екенін ашық айтады. Мұндайға тосқауыл қоя алмауы, әлсіздік танытуы демократияның бір кемшілігі болса керек. Канцлер Шольц оның талаптарын орындай алмайтынын мәлім етті: ГФР басшысының айтуынша, америкалық "Томагавктар" барған сайын артқан ресейлік қауіп-қатерді тежейді және Еуропа ұқсас қаруын әзірлегенше Германияда тұрғаны жөн. Қысым үдей берсе, бір жыл ішінде Германияның Украинаға көмегі де, Ресеймен текетіресі де әлсіреуі мүмкін", – деген пікір білдірді Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңес сарапшысы Даниэла Шварцер.

Неге әлсірейді? Германияның басты оппозициялық партиясы – консервативтік Христиан-демократиялық одағы (ХДО) да Саксония мен Тюрингиядағы өңірлік сайлауларда популистік ұран тастады. Ендеше 2025 жылғы басты "шайқаста", федералдық сайлауда билікке қайта оралу үшін ол осы қарқынына қарқын қоспақ. ХДО-ға төл коалициясын құру үшін Кремльдің ұстанымдарын ілгерілететін ұсақ партиялардың қолдауын алуға тура келеді. Тиісінше, Мәскеудің идеялары алып консервативтік партияның өзегіне енеді.

Оның үстіне бұл партияның Бундестагқа шығыс жерлерден сайлауға түсетін кандидаттары популистерге жеңіліп қалудан қорқып, украиналық мәселеде қатаң позиция ұстануға мәжбүрленеді. Өйткені бұрынғы ГДР тұрғындарының көбі Ресейге іші жылып тұрады.

Шварцердің пікірінше, популистердің сайлау стратегиясы бұған дейін Украинаны сөзсіз жақтап келген ХДО ішіне іріткі салды. Осы қысыммен оппозициялық басты партияның шығыс Германиядағы қанаты Ресейге қатысты ұстанымын жұмсартты.

Масқара болғанда, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет нацистік ультраоңшылдар Германияның өңірлік сайлауында жеңіске жетті. Ұлттық сауалнамалар федералдық сайлауға бір жыл қалғанда, олардың ХДО-дан кейінгі екінші орынға көтерілгенін көрсетті.

Өзге партиялар мен саяси күштер, соның ішінде канцлер Олаф Шольцтің Әлеуметтік-демократиялық партиясы "Германияға арналған балама" партиясын неміс демократиясына төнген тікелей қатер деп атап, нацизмнің қайта жандана бастағанына алаңдаушылық білдірді. Олар билікке ультраоңшылдарды жібермеу үшін кез келген күрделі коалиция құруға дайын екенін мәлімдеді.

Францияда да таяуда ультраоңшыл-нацистер билік шыңына шығуға шақ қалды, Президент Э.Макрон әзер дегенде жеңіске жетті, бірақ Францияда саяси дағдарыс күрт күшейді.

Украинаға көмекті доғару және мигранттарды, босқындарды еліне кері қуу ұрандарын Америкада Дональд Трамп ілгерілетуде. Биылғы 5 қарашадағы президенттік сайлауда АҚШ-тың тағдыры мен болашағы айқындалады.

Америкалықтар, немістер, француздар өмірдің қымбаттағанына, табыстарының өспейтініне, салықтардың артқанына шағымданады. Үлкен бір бөлігін дәстүрлі құндылықтардың қысым көргеніне, кинода, өнерде, жұмыста ЛГБТ+ құндылықтарының белең алғанына наразы. Үшінші бір топқа биліктердің көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді, "жасыл" энергетикаға көшуді жеделдетуі, сол мақсатта арзан, дәстүрлі отын түрлерін тәрк етуі ұнамайды.

Қалай болғанда, әлемде, тіпті Батыс елдерінде демократия, толеранттылық, прагматизм құндылықтарының деградациясы өрши бастағандай. Оның қаншалықты күш алғанын АҚШ-тағы Президент сайлауы, Германия және басқа демократиялық елдердегі парламенттік сайлаулар көрсетпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу