Глазгода көмір жайлы компромистен кейін климаттық келісім жасалды

3372

Бұл пәтуаның басты мақсаты – ғасыр соңына дейін жаһандық температураны тиісті мөлшерден жоғарылатпай, адамзатты алапат апаттардан құтқару.

Глазгода көмір жайлы компромистен кейін климаттық келісім жасалды

БҰҰ-ның Шотландиядағы климаттық келіссөздері жаһандық жылынуды Цельсий өлшемі бойынша 1,5 градустан асырмауға бағытталған келісіммен аяқталды. Осылайша, әлемді алапат табиғи апаттардан сақтауға шынайы мүмкіндік беріліп отыр.

Конференция төрағасы Алок Шарма Глазгодағы көмір және газбен жұмыс істейтін алпауыт державалардан бастап, Тынық мұхиттағы суға кетейін деп тұрған аралдарға дейінгі 200-ге жуық мемлекеттің делегациясы бұл пәтуаға вето жарияламағанын толқыныспен мәлімдеді.

Екі аптаға созылған конференцияға тағы біркүндік азабы мол келіссөздер қосылды. Бұл – ғаламдық экологиялық проблеманы қаузаған 26-шы саммит. Дегенмен онда дүниежүзілік экономиканың көп бөлігін қуаттандырып қана қоймай, сонымен бірге негізгі энергия көзіне айналған қазба отындарды (техногендік жаһандық жылынуға негізгі себепші) қысқартуға алғаш рет үндеу жасалып отыр.

Кездесудің соңғы минуттары драмаға ұласты. Қытай және басқа да көмірге тәуелді дамушы елдер Үндістанды қолдап, келісімге қарсылық білдіріп, оның мәтінін қайта жазуды сұрады. Сондықтан құжаттың бір тармағында "көмірден бас тарту" дегеннің орнына, "көмір энергиясынан кезең-кезеңімен бас тартуға бағытталған іс-әрекеттерді жеделдету" сипатындағы сөйлемді қолдануға тура келді. Үндістанның Қоршаған орта және климат министрі Бхупендер Ядав мәлімдегендей, бұл өзгеріс "дамып келе жатқан экономикалардың ұлттық жағдайларын" ескергендіктен енгізіліп отыр.

"Біз дамушы елдердің үніне айналдық. Сол мемлекеттер үшін ақылға қонымды консенсусқа қол жеткізуге күш салдық", – дейді ол Reuters агенттігіне берген сұқбатында бай елдердің тарихта парниктік газдың ең көп бөлігін атомосфераға таратқанына меңзей отырып.

Ғаламдық құжаттағы бір сөйлемнің өзгеруін Еуропа одағы, Швейцария тәрізді бай экономикалар мен теңіз деңгейінің көтерілуінен қауіпке душар болған шағын аралдық мемлекеттер үлкен үреймен қабылдады. Бірақ ақыр-соңында олар да ортақ мәмілеге қол жеткізу үшін бұл өзгерісті күшінде қалдыруға келісім берген.

"Мақұлданған мәтіндер – ымыра. Олар қазіргі әлемдегі мүдделерді, шарттарды, қайшылықтарды және саяси ерік-жігерді көрсетеді", – дейді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

"Терең түңіліс"

Шарманың алдында климаттық өзгерістер қарсаңындағы осал елдердің, ірі өнеркәсіптік державалардың және Үндістан, Қытай тәрізді экономикалық дамуында қазба отындарды тұтыну немесе экспорттау маңызды рөл ойнайтын мемлекеттердің талаптарын теңестіру міндеті тұрды.

Соңғы минуттағы өзгерістерге бірнеше аралдық шағын ел наразылығын білдірді. Олар Үндістанның "көмір эрнергиясынан бас тартпай", оны қолдануды "бірте-бірте" қысқарту жоспарынан "терең түңілгенін" мәлімдеп отыр.

Ғалымдардың айтуынша, температураның индустриалдық дәуірге дейінгі межеден 1,5 градусқа артық жоғарылауы әлемді келешекте теңіздердің күрт көтерілуіне, түрлі апаттарға, соның ішінде, құрғақшылыққа, дауылдарға және қазіргіден де қауіпті орман өрттеріне душар етеді. Айта кетсек, планетаның температурасы бұл деңгейден қазірдің өзінде 1,1 градусқа асып кеткен.

"Көмір дәуірі аяқталып жатыр"

"Гринпис" экологиялық тобының атқарушы директоры Дженнифер Морганның пікірінше, әлемде көмір дәуірі аяқталып жатыр. Ал Дүниежүзілік ресурстар институты талдау орталығының вице-президенті Хелен Маунтфордтың сөзінше, Үндістанның зиянды энергияға мұқтаждығы соншалықты қорқынышты болмауы мүмкін. Өйткені арзан, әрі жаңарып отыратын отын экономикасы көмірді барған сайын ескіртіп жатыр екен.

"Көмір өлді. Көмір біртіндеп жойылып жатыр. Оны енді сұрау – ұят", – дейді Маунтфорд.

Дамушы елдердің мәлімдеуінше, атмосфераға улы газды мол таратып, планетаны жылытуға бай мемлекеттер көп үлес қосты. Сондықтан олар өзгелердің қазіргі жағдайға бейімделуіне көбірек төлеп қана қоймай, ауаны ластауды қысқартулары керек.

Глазго келісімі ең кедей елдерге үлкен уәде беріп отырғанымен, сол мемлекеттердің көптен күткен қаржылық көмекті ақырында алатынына кепілдік бәрібір жоқ.

Тағы бір айта кететін жайт, бұл құжат бай елдерді 2025 жылға қарай климатқа бейімделу мақсатындағы қаржыландыруды 2019 жылғы деңгейден екі есеге арттыруға шақырып отыр. Конференцияға қатысқан кедей мемлекеттердің талабы да осы еді.

Сонымен қатар келесі жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының комитеті бақуатты елдер 2020 жылға дейін уәде етіп, бірақ орындай алмаған климаттық қаржыландыру (жылына 100 млрд доллар бөлу жайлы) барысы туралы есеп береді.

Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, егін жетіспеушілігінен немесе климаттық апаттардан экономикалық шығындарға душар болған кедей елдердің қажеттіліктерін өтеуге жылына 100 миллиард доллар жетпейді. Өйткені 2030 жылға қарай бейімделу шығындарының өзі 300 миллиард доллардан асып кетуі мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу