Трамп Ақ үйге келген алғашқы күндерден бастап Цзиньпинмен арасын суытып алды. Билікке келген күннен-ақ дүниежүзілік саудада оқыс қылықтарымен көрінген Трамп саясатта да "сау басына сақина тілеп" алғандай көрінді. Тайвань басшысымен телефон арқылы тікелей сөйлесуін Қытай билігі Тайваньды АҚШ тәуелсіз мемлекет деп таниды деп ұғып, Трампқа ескерту жасаған. Өйткені Қытай Тайваньды өзінің құрамындағы аймақ ретінде санайды. Бұл - "Бірыңғай Қытай" саясатының негізгі тұстарының бірі. Үлкен саясатта салыстырмалы түрде тәжірибесі аз Трамп ол ескертуге қарсы жауап қатып, "Бірыңғай Қытай" саясатын АҚШ тарабы құрметтеуге міндетті емес деп мәлімдеген еді.
Осыдан бастап қос мемлекет арасы суи бастады. Сарапшылар тіпті осының кесірінен 2017 жылы әлемде қаржы дағдарысы болуы мүмкін екенін болжады. Өйткені арадағы дипломатиялық түсініспеушілік халықаралық саудаға кері әсерін тигізіп, АҚШ пен Қытай арасында валюта соғысы басталуы мүмкін дескен. Жасыратыны жоқ, қос мемлекет арасында шынымен де валюталық бәсекелестік пайда болды.
Трамп сайлау басталмай жатып-ақ Қытайдың экономикалық саясатына мін таққан. Бейжіңнің юань құнын жасанды түрде түсіру арқылы халықаралық саудада доллардың мүддесін аяққа таптап отырғанын айтқан болатын. Трамптың айтуынша, юань неғұрлым әлсіреген сайын АҚШ бизнесі соғұрлым шығындалмақ. Осының алдын алу үшін Ақ үй Қытайдан келетін импортқа баж салығын 45 пайызға дейін көтеріп жіберетінін мәлімдеді.
Дипломатиялық мәселеден валюталық соғысқа, ол кейін экономикалық қақтығысқа ұласуға сәл қалған мүдделер қайшылығы Қытайдың Еуроодақ елдерімен арасын жақындатуына түрткі болды. Президенттігінің екінші аптасында Еуроодақ пен АҚШ арасындағы Транс-тынық мұхиты сауда ұйымының шарттарын қатаңдатып, Еуропамен арадағы сауда айналымын азайтуға себеп болған Трамптың протекционистік (ұлттық мүддені сақтау) саясатынан кейін ЕО мен АҚШ арасы алшақтай түсті. Трамппен арадағы түсініспеушіліктен кейін Қытай Ақ үйдің осы қадамын өз мүддесіне пайдаланып, Еуропамен араны жақындатып алуға әрекет етті. Нақтырақ айтар болсақ, Бейжің Қазақстан арқылы Еуразиялық кеңістікті пайдалана отырып, ЕО-мен бірігіп еркін сауда аймағын құруға уәде берді.
АҚШ президенті қытайлық әріптесін Вашингтондағы резиденциясында емес, Флоридада күтіп алды. Америкалық ақпарат құралдарының мәліметінше, ресми кездесуден бұрын Трамп Си Цзиньпинді гольфке шақырған. Қытай коммунистік партиясының жарғысына сай, коммунистерге гольф ойнауға тыйым салынған. Өйткені олардың ойынша, гольф бай-бағландардың ойыны және еріншектердің айналысатын ісі. Дегенмен Қытай басшысы Трамптың шақыруын қабыл алып, гольф клубына барды. Бірақ ойнаған жоқ.
Сонымен қатар, Қытайдан келген 126 делегатқа АҚШ президенті әкімшілігі дайындаған орындардың жетпей қалуы да кездесудің емен-жарқын өтуіне кедергі келтірген болса керек.
Арнайы кешкі асқа журналистер жіберілмеді. Онда да қос елдің басшылары арасында жақсы диалог орнамағанға ұқсайды. БАҚ өкілдері осы орайда Трамптың бірнеше күн бұрын айтқан: "Ешқандай да кешкі ас болмайды. Оларға "Макдональдстан" бургер беріп, дереу іске кірісу керек. Өйткені, юаньның девальвациясын тоқтататын уақыт жетті" деген сөзін еске алды.
Қос ел басшыларының жұбайлары да журналистер назарынан тыс қалмады. Сән басылымдарының бірі Си Цзиньпиннің Азия сән әлемінің тойтұмарына айналған әйелі Пэн Лиюаньның костюмын жазса, енді бірі кәсіби модель Меланья Трамптың көйлегін сөз қылып жатты.
Ресми кездесу кезінде Трамп Қытайдан Солтүстік Кореяға қарсы шара қолдануда әріптестік орнатуды сұрап, Оңтүстік Қытай теңізінде жасап жатқан әскери операцияның заңсыздығын айтып, оны тоқтатуды талап етті.
Өз кезегінде Қытай басшысы АҚШ-тың протекционистік саясатын доғарып, өзара келісім мен пайдаға негізделген еркін нарық құруды сұрады.
Си Цзиньпин сапары екі күнге жоспарланған. Сарапшылардың пікірінше, неше жерден мүдделер қайшылығы болғанымен, АҚШ-Қытай қатынасы шиеленісіп кетуге тиіс емес. Өйткені екі ел арасындағы жылдық сауда айналымының 500 млрд долларға жеткенін ескерсек, қос мемлекет бұл сауданы тәрк ете алмайтыны түсінікті.
Бауыржан Мұқан