"Грантқа түссем болды": Талапкер мамандық таңдарда нені ескеруі тиіс?

2690

Мамандық таңдауда жіберілетін басты қателіктер анықталды.

"Грантқа түссем болды": Талапкер мамандық таңдарда нені ескеруі тиіс? Фото: inbusiness.kz

ҰБТ қорытындысы бойынша грант конкурсына құжат қабылдау 13-20 шілде аралығында жүргізіледі. Талапкерлер конкурсқа қатыспас бұрын білім алатын мамандық пен университет мәселесін шешкені абзал. Себебі "грантта оқысам болды" деген таптаурын түсініктен арылар кез келді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2024-2025 оқу жылында бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлінді. Магистратураға – 13 мыңға жуық, докторантураға 1 900-ден астам грант тиесілі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Профориентолог Динара Төлеуқызының сөзінше, түлектер мамандық таңдауда бірқатар жайтқа назар аударуы тиіс.

"Талапкерлер "Менің қабілетім осы мамандыққа сай ма?", "Арман-мақсатыма жетелей ала ма?", "Қоғамда маман ретінде сұранысқа ие бола алам ба?", "Бұл мамандыққа түсу үшін не істеуім керек?", "Қазір оқуға түсуге дайынмын ба?" деген сұрақтарға барынша ашық жауап беруі тиіс. Олар өз қалауындағы мамандығын жоғары деңгейде оқытатын университет таңдауы қажет. Бұл мақсатта ЖОО-лардың рейтингін салыстырып, педагогикалық-профессорлық құраммен танысып, материалдық базасын зерттеп, осы уақытқа дейін сол университті аяқтаған түлектердің жұмыспен қамтылу дәрежесін біліп, қазір оқып жатқан білім алушы студенттермен жүздесіп, оқу орны туралы ақпарат жинап, саралағаны абзал", - деді маман.

Сарапшыдан талапкерлердің қандай түрлері болады деп анықтап білдік.

"Жеке зерттеуім бойынша оқуға түсіп жатқан талапкерлер 3 түрге бөлінеді. Біріншісі – мамандығын қабілетіне қарай дұрыс анықтап, кәсібін жүрегінің қалауымен таңдағандар. Олар сол оқуға түсерде нақты дайындалып, мақсатына жетеді. Оларға маңыздысы – сол мамандығына грант болсын, ақылы болсын, түсіп, арманына жету. Мұндай оқушылар көп жағдайда грантқа түсіп жатады. Олар әрі қарай шабыттана оқып, өзін-өзі дамытады, мықты тұлға болып қалыптасады. Екінші топтағы түлектердің өз қалауы болғанына қарамастан, орта жолда ата-анасы мен таныстарының таңдауы және нұсқауымен кез келген мамандыққа грантқа түсе салып, "отбасыма қаржы жағынан ауыртпашылық түсірмесем екен" деп тұжырымдайтындар. Әрине, олардың ойын бұрыс деп айтпаймын, дегенмен болашақта ондай студенттер оқу барысында "мамандығымнан шатастым" деп, оқудан шығып жатады, ал университет аяқтаған маман иелері мамандықтары бойынша жұмыс істемейді немесе орта жолда жұмыстан шығып жатады", - деп атап өтті спикер.

Үшіншісі – сыртқы факторлардың әсерінен кез келген мамандыққа бара салып, өмірдің ағымымен жүретіндер.

"Жоғарыда атаған екінші және үшінші топтағы түлектер қазіргі таңда қоғамымыздың дерті деп айтсам артық етпес. Бұл – ащы шындық. Сондықтан да арнайы мамандар-профориентаторлар осындай оқушылар мен ата-аналармен терең жұмыс жасап, бағыт бергені дұрыс", - деді Динара Төлеуқызы.

Мамандық таңдар кезде жауапкершілік кімде болады?

"Оқушы мамандық таңдау кезінде басты жауапкершілікті өзі алуы қажет. Себебі ертең университетте оқу кезінде, болашақ жұмыс орнында жұмыс істегенде, баланың өзіне үлкен күш түседі. Мамандығы мен университеті ұнамай оқуды тастап кететіндер бар немесе жұмысқа тұрып, оны да ұнатпай, не істей алмай, одан да айрылып, қоғамда өз орнын таба алмай, әлеуметтік-психологиялық проблемаларға ұшырауы әбден мүмкін. Бұл оларға болашақ мансабын құруға, отбасылы болып, жағдайын жасауға, әрі қарай бала-шағасын бағуға кедергі жасап, өмірінің мәні де кетеді. Ашық айтатын болсақ, жұмыссыздық, ажырасу, теріс діни ағымдарға қосылу, маскүнемдік сияқты қоғамдық проблемалар осыдан басталады", - деп жалғастырады профориентолог.

Сарапшы мамандық таңдау кезінде кездесетін басты қателіктерді атады. Біріншісі –  беделді  мамандықтар туралы ғана  пікірлерге құлақ асып, өзіңе ұнайтын мамандықты бұл санатқа жатқызбау. Екіншіден, мамандықты достардың ықпалымен таңдау.

"Бұдан басқа болашақ мамандықты еңбекақы үшін ғана таңдау, ата-ана ықпалында қалып қою, грант санына қызығу, өзінің тұлғалық қасиеттерін түсінбеу және ештеңеге қызықпау деген де бар", - деді профориентолог Динара Төлеуқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу