Гранттық жобалар неге орыстілді ортаға арналған?

11618

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлауға қосымша гранттар бөлінуі мүмкін.

Гранттық жобалар неге орыстілді ортаға арналған?

Биыл Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы қаржыландырылатын гранттық жобалардың саны айтарлықтай аз болатын түрі бар. Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет соның себебін түсіндірді. Оның айтуынша биылғы бюджетте аталмыш мақсатқа 680 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа 28 бағыт бойынша гранттық жобалар іске асырылуы керек. 

"Үкіметтік емес ұйымдарға арналған жобалар 28 тақырыпты қамтуы керек. Конкурс ақпан айында өтеді. Тақырыптар үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарынан және мемлекеттік саясаттың басым бағыттарынан құралған. Соның ішінде денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғау, жастар саясаты, отбасылық-демографиялық жағдай, халықты жұмыспен қамту, азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне қатысты тақырыптар қаралған. Сонымен қатар, қазіргі күні өзекті деп танылған ауылдық елдімекен тұрғындарына құқықтық көмек көрсету, халықтың инфекциялық емес аурулармен күресте сауаттылығын арттыру, қиын жағдайға түскен отбасыларға көмек көрсету, қоғамдық бақылау жүйесін арттыру және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту сияқты тақырыптар қамтылды", – дейді ол.

Мадияр Қожахметтің айтуынша, биыл гранттық жобаларды қаржыландыру тәртібі өзгермек. Соның арқасында енді саннан гөрі сапаға басымдық берілуі керек.

"Өткен жылдардан сабақ алдық. Гранттар саны көп болғанда мәселелер де көп болатын. Әділет министрлігі мақұлдаса, гранттық қаржыландырудың жаңа тәртібін бекітеміз. Ол тәртіп келісімшарт жасау процесін, бағдарламаны іске асыру барысын, қайталап конкурс жариялыу ісін оңайлатады. Мемлекет басшысының волентерліктің рөлін арттыру бойынша және тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлау бойынша қосымша шаралар қабылдау туралы тапсырмасы бар. Соның аясында гранттық жобалар болады деп ойлаймын. Яғни, жекелеген шараларға да, жүйелік дүниелерге де қосымша гранттар бөлінуі мүмкін. Қазір біз жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп жатырмыз. Әкімдіктерді азаматтық бастамалар орталығын гранттық жобаларды іске асырушы құрал ретінде пайдалануға үгіттейміз", – деді комитет басшысы.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының Facebook-тегі парақшасында өткен онлайн-талқылауда гранттық жобалар тек орыстілді ортаны жетілдіруге бағытталады деген сын айтылды. Желі қолданушылары әсіресе жергілікті өзін-өзі басқару тақырыбын қамтитын жобалар тек солтүстік өңірлерді қамтығанына наразы көрінеді. Осы тақырыпты қамтыған соңғы 5 жобаның бәрі солтүстік өңірлерде іске асқан екен. Мұны комитет төрағасы қаражаттың аздығымен және аталмыш өңірлердің белсенділігмен байланыстырды. 

"Биылғы талап бойынша өзін-өзі басқару тақырыбындағы жобалар Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Атырау, Ақмола, Ақтөбе Жамбыл сияқты 8 өңірді қамтиды. Ақырындап батыс пен оңтүстікке ойысу бар. Ақша аз болғандықтан тек қоғамдық кеңестері белсенді өңірлер басымдыққа ие болып келген еді. Бірақ бұл өзге өңірлерге назар аудармау керек деген сөз емес. Жобаларды іске асыру кезінде өңірлерді қайта қарауымыз да мүмкін", – дейді Мадияр Қожахмет. 

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында гранттық жобаларды үйлестіру кезінде қазақ тілде өтінім бергендердің құжаты қараусыз қалады деген сын көптен бері айтылып жүр. Комитет басшысы оған да жауап берді. Сөзінен ұққанымыз, өтінімдерді іріктейтін комиссияны мемлекеттік тілді еркін меңгергендердің ішінен жасақтап әуре болғанша, аударма сапасын көтеру жөн деп тауыпты. 

"Біздегі статистика бойынша, бір жылда гранттық жобаларға қазақ тілінде өтінім берушілер саны 30-дан 35 пайызға көбейген. Жобалар тек орыс тілділерге арналған деу қате ұғым деп ойлаймын. Гранттық жобалар, қатысушыларға қойылатын талаптардың бәрі екі тілде жазылған. Сондықтан өз жобаңызды екі тілдің бірінде бере аласыз. Оған ешқандай шектеу жоқ. Жобаны міндетті түрде екі тілде беру керек деген талап жоқ. Керісінше мемлекеттік тілдегі нұсқасы болсын деген талап бар. Бұл талап жобаларды қазақ тілді аудиторияға жеткізу үшін енгізілген. Мемлекеттік тілді білмегендіктен қазақ тілінде жазылған өтінімді дұрыс қарамайды деген қате түсінік қалыптасуы мүмкін. Біз ол мәселені қарастырып жатырмыз. Ондай түсінбеушілік болмау үшін бір тілде ғана берілген өтінімдердің аудармасын сол деңгейде ұсынуға күш салып жатырмыз", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу