Грузия Мәскеудің ықпал ету аймағына оралды

1820

Төрт жылғы ұзақ үзілістен кейін Ресей мен Грузия арасын қайта жалғаған тұңғыш тікелей рейс Тбилисиге қонды.

Грузия Мәскеудің ықпал ету аймағына оралды Фото: wallpaper.mob.org

Мәскеуден Тбилисиге ресейлік "Азимут" авиакомпаниясының ұшағы аттанды. 2019 жылдан бергі алғашқы A4 851 рейсін жасаған Sukhoi SuperJet 100 әуе көлігі мәскеулік "Внуково" әуежайынан ұшып шығып, грузиялық Шота Руставели әуежайына бауырын төседі. 

Ресейлік журналист Фёдор Ершов бұл оқиға РФ ақпарат құралдары үшін үлкен оқиға болғанын баяндады. Себебі кремлшіл пропаганда мұны Грузияның Мәскеудің ықпалы аймағына оралуы, екі елдің ынтымақтастығының жаңа белесі, Ресейді әлемнен оқшаулауға тырысқан Батыстың жеңілісі ретінде дәріптеді.

Бұл оқиғаны Еуропалық Одақ тіксіне қабылдады. Өйткені Грузия біраз жылдан бері еуроинтеграцияға ден қойып, Еуроодаққа кіруге үміт білдіріп келеді. Грузиндер түрлі шерулерге өз елінің байрағы сыртында үнемі ЕО-ның жұлдызды туын алып шығады.

"2023 жылғы 19 мамырда соңғы 4 жылдағы бірінші тікелей рейс Мәскеуден Тбилисиге жол тартты. Владимир Путин Грузия астанасындағы антиресейлік наразылықтарға жауабы ретінде 2019 жылғы шілдеде екі елдің авиақатынасына өз жарлығымен тыйым салған болатын. Енді нағыз соғыстың қызған шағында Путин тыйымды жойды және рейстерді шұғыл түрде жаңғыртты. Бұл оқиға ЕО, АҚШ және ішінара Грузияның өзінде қарсылық туғызды. Внуковода Мәскеу–Тбилиси бағытындағы А4851 рейсіне отырғызуды күткендер арасында жолаушыларға қарағанда журналистер қарасы қалың болды. Онда барлық мемлекеттік БАҚ, Россия 1, Российская газета, Москва 24, Звезда, РИА Новости, РБК және блогерлер болды", – дейді Е.Ершов.

Ал грузиялық Paper Kartuli корреспондентінің хабарлауынша, Шота Руставели әуежайын полиция қоршауға алған. Грузия билігі наразы халық ресейліктерге тап бере ме деп қорықса керек.

"Әуежайдың ішін де ондаған полицей күзетті. Ұшақты отандық және жергілікті журналистер, сонымен қатар екі ел арасындағы авиақатынастың қалпына келуін қаламайтын наразы жұрт қарсы алды", – деп жазады Paper Kartuli.

Бұған қоса, тбилисилік әуе қақпасының жолаушыларға арналған күту залы жабылды. Ақпарат құралдары өкілдерінің күту залының жабылу себептеріне қатысты сұрағына күш құрылымдарының қызметкерлері: "Ешқандай себеп жоқ!" деп жекіген.

Қалай болғанда, Саакашвилиден кейін ел тізгінін иеленген Грузияның кремлшіл билігі Мәскеуге жағамын деп, өз халқының кіжінісін туғызатын, қоғамдағы әлеуметтік кернеуді арттыратын тағы бір қайнар-көзді ашты.

Тіпті осы жолда өз халқын жазалауға дайын сияқты. Өйткені Paper Kartuli хабарлағандай, артынша құқық қорғау органдары наразылардың бірнеше белсендісін қолын қайырып, күштеп алып кеткен. Оның төртеуі – белгілі оппозиционер.

"Полиция Мәскеуден ұшақ жеткен Тбилиси әуежайында бірнеше адамды ұстады. Наразылық білдірушілер оларға: "Құлдар!" деп айғайлады. Тілшіміздің баяндауынша, полиция тағы бір ер адамды дөрекі түрде тұтқындады. Оған бірнеше полицей жан-жақтан жабылып, қолдарынан және аяқтарынан көтеріп, алып кетті. Осыдан кейін наразы топ чемоданын көтеріп, ұшып келген ресейліктерді боқтады, сондай-ақ оларға: "Монебо!" деп айғайлады. Бұл грузин тілінен "Құлдар!" деп аударылады", – деп мәлім етті Paper Kartuli.

Мұны әлеуметтік желілердегі видеоайғақтардан көруге болады. Наразылық білдірушілер Грузия, Украина және Еуроодақтың әнұранын шырқады. Ақпарат құралдары шерушілер көтерген "Русский воздушный корабль, иди...", "You Are Not Welcome" ұрандарын көрсетті.

Грузиндердің Ресейге кектенуінің себебі бар. 2008 жылғы 8 тамызда Грузия және РФ арасындағы 5 күндік соғыста бұл ел өз территориясының үлкен бөлігінен (20%) айрылды. Ол жерде Мәскеу әлем мойындамаған Оңтүстік Осетия, Абхазия квазиреспубликаларын құрды. Қантөгіс пен қудалауға ұшыраған жүздеген мың грузин оккупацияланған сол аумақтардан бас сауғалап қашып, өз елінде босқынға айналды.

Биылғы 10 мамырда Кремль қожайыны Владимир Путин тосыннан біріншіден, Грузия азаматтарына арналған визалық режимді жойды. Екіншіден, ресейлік авиакомпаниялардың Грузияға ұшуына тыйымды алып тастады. Путин бұл қадамға не үшін барғанын түсіндірмеді. Бірақ бұрыннан дайындалса керек, Батыс санкцияларына ілікпеген ресейлік "Азимут" авиакомпаниясына бірден Грузияға сапарларды қалпына келтіру миссиясы жүктелді. Бұдан бөлек, грузиялық Georgian Airways әуе тасымалдаушысына да, ресейлік Red Wings-ге де осы бағытта авиарейстер жасауға рұқсат берілді.

Еуроинтеграцияның жақтаушысы саналатын Грузия Президенті Саломе Зурабишвили Кремльдің бұл қадамын "кезекті провокация" деп бағалап, қарсы болды. Бірақ бұл елде Президенттің құзыры аз, формальды ғана. Ақырғы шешімді Үкімет қабылдайды.

Үкіметті қалыптастырған "Грузия арманы" билік партиясы бұл қадамды қуаттады және оның экономикаға пайда келтіретінін, әрі "миллиондаған грузиннің" Ресеймен байланысын жеңілдететінін мәлімдеді. Сарапшылар "миллиондаған грузин" деген сөзді жоққа шығарды. Грузия тұрғындары Ресейге көп сапарламайды. Грузиялық мигранттар мен туристер арасында бүгінде Польша, Германия, Италия мен Америка кең сұранысқа ие. Сонымен қатар РФ азаматы саналатын грузиндер саны да 2010 жылғы 551 674 адамнан 2020 жылы 257 725 адамға кеміген. Соғыс басталғалы оны құптамаған ресейлік грузиндер шетелге ауды. Қолдайтындары тарихи отанына бармайды.

Грузия экономика министрінің орынбасары Мариам Квривишвили санкциялық қара тізімге кірмеген барлық ресейлік авиакомпанияларға Грузияның құшағы ашық екенін білдірді.

Қос көрші арасындағы құрлықтық және әуе қатынасы 1993 жылдан бері кем дегенде 5 рет бұғатталыпты. 2006 жылдың күзінде бұған тыңшылық жанжал ықпал етті: Тбилиси мен Батумиде шпионаж жасады деген айыппен ресейлік Бас барлау басқармасының 4 офицері тұтқындалды. Бірнеше күнгі келіссөздер нәтижесінде олар босатылып, еліне қайтарылды. Соған қарамастан, өркөкірек Кремль намыстанып, Грузияға санкциялар енгізді: бұл елмен кез келген көлік қатынасын доғарды, "Боржоми" суының, грузин шараптарының және тамақ өнімдерінің экспортына тосқауыл қойды.

Екі ел арасындағы авиарейстер тек 2008 жылдың наурызында қайта жанданды. Бірақ бұл ұзаққа созылмады: сол жылғы тамыздағы соғысқа байланысты екі ел өзара әуе қатынасынан бас тартты. Еуропаның қысымымен Мәскеумен татуласқан Тбилиси 2010 жылы тек чартерлік байланысты жолға қойды. Бұл орыс туристерін тарту үшін де жасалған. 2014 жылы тұрақты рейстер қалпына келтірілді.

2019 жылы тосын оқиға болды: телеарналар МемДума депутаты Сергей Гавриловтың Грузия Парламентінің спикері креслосына қонжиып, грузин қалаулыларына сол биіктен сөйлеп отырғанын көрсетті. Бұған ашуланған халық шеруге шықты, Парламентті шабуылдады. Гаврилов мінген көлікке жұмыртқа лақтырды. Мұны "русофобия" деп таныған В.Путин 2019 жылғы 8 шілдеде екі ел арасындағы әуе тасымалына тыйым салды.

Визаның жағдайы басқаша: Кеңес одағы күйреген соң, Балтық елдерін қоспағанда, Грузия – Ресей тарапынан визалық режим енгізілген жалғыз республика болды. Екі елдің қатынастары тоқсаныншы жылдары, РФ басшысы Борис Ельцин Шешенстанда соғыс жүргізіп жатқан кезде қатты бұзылды. Сол кезде Грузияны Эдуард Шеварднадзе басқаратын. Бомбалаған әскери ұшақтар мен зымырандардан басын қорғалар пана таппаған Шешенстанның жүздеген тұрғыны – балалар, әйелдер және Мәскеуге қарсы шыққан ерлер тау жоталарындағы құпия соқпақтармен қашып, Грузиядағы Панкиси шатқалында жасырынды. Панкисиде XIX ғасырдан бері шешендер тұрып жатқан еді. РФ Панкисиді "терроризм ошағы" деп жариялап, оны да авиациясымен бомбалады.

Грузин журналисті Ия Барателидің жазуынша, сонда Мәскеу Грузия аумағын бөлшектеуге кірісті. Тбилиси бүкіл дерлік Абхазиядан айрылып қалды. Абхазияда басталған этникалық тазалаудан бас сауғалаған 300 мыңнан астам грузин туған жерін тастап қашуға мәжбүр болған. 1998 жылы Грузия Мәскеуден ресейлік әскери базаларды өз аумағынан шығаруды және абхаз сепаратистерін қолдауды доғаруды талап етті. Әрине, мұны Кремль құлағына ілмеді.

Мәскеу Грузияны төл интеграциялық жобасы саналатын және сателлиттерін жинаған ТМД ұйымына ақыры қуып тыға алды. Алайда екі ел арасы ары қарай қарқынды түрде нашарлай берді.

"1999 жылғы күзде РФ премьер-министрі Владимир Путиннің Грузия азаматтары үшін виза енгізу жобасын әзірлеуге тапсырма бергені мәлім болды. Мәскеудің Тбилисиге қойған шарттарын Грузия Сыртқы істер министрі Ираклий Менагаришвили Парламентте жариялады: ресейлік әскери базалар Грузияда қалады. Ресей Шешенстандағы операциясы үшін Грузияда плацдарм түзіп, оның аэродромдарын пайдаланады. Грузия Ресейді айналып өтіп, Батысқа мұнай айдайтын Баку—Тбилиси—Джейхан мұнай құбыры жобасына қатысудан бас тартады. Грузия Кеден одағына (қазіргі Еуразиялық одаққа) кіреді. Осының бәріне айырбас ретінде РФ Грузияға қатысты виза енгізбейді. Тбилисиді мұндай келешек қызықтырмады және ресми деңгейде НАТО-ға мүше болу туралы әңгіме қозғай бастады", – дейді Ия Баратели.

Бұған Кремль қатты өшікті. 2000 жылғы желтоқсанда В.Путин енді РФ президенті мәртебесінде Грузия үшін виза енгізген жарлыққа қол қойды.

Визалық режим қатаң болды: Ресейге баруға виза алу үшін грузиндерден РФ-тағы туыстарынан немесе жұмыс берушіден шақыру алу талап етілді, онсыз виза берілмейді. Тіпті шақыру болғанның өзінде жарты жылға дейін күтуге тура келетін.

22 жыл 6 айға созылған осы қатал қысымнан бүгінде Мәскеудің қандай ниетпен бас тартқаны белгісіз. Грузияның батысшыл оппозициясы мұны қақпан және еуроинтеграция жолындағы тосқауыл санайды. Сондай-ақ олар іс басындағы ресейшіл Үкіметтің Путин сыйлығына нені айырбастағанын біле алмай дал. Сауалнамалар көрсеткендей, онсыз да көршідегі мобилизациядан қашқандардың қаптағанына ренжулі қарапайым грузиндер тікелей рейстердің ашылуы нәтижесінде орыстардың қатары тіпті қалыңдайды деп қорқады.

Грузин сарапшыларының пайымдауынша, Грузия билігінің Мәскеудің тартуын қабылдауы, өзара ұшуларға, соның ішінде РФ пен Грузия арасындағы жүктердің тікелей авиатасымалына тыйымның жойылуы, Ресейдің кез келген азаматының, соның ішінде әскерилерінің еркін сапарлауына рұқсат берілуі Грузияда Кремль ықпалының күшейгенін көрсетеді. Саясаттанушы Хатуна Лагазидзенің пікірінше, Украинада оңбай жеңіліп жатқан Ресей Грузияны оңай бағындырды және бұл аумақтан Батысты ығыстыруға қауқарлы екенін паш етті.

2022 жылы Грузияға құрлықпен 1,5 миллион РФ азаматы кірді. Бірақ олардың арасында релоканттар да, мобилизанттар да, сонымен бірге қарапайым туристер де бар. 62 304 ресейлік Грузияда тұрақты тұруға бел буған. Өзгелері бұл елде 1 жыл еркін жүре алады. Не болса да, авиақатынас қақпасы айқара ашылды. Төрт авиакомпания Тбилисиге аптасына 49 рейс жасауды жоспарлап отыр. Олар үшін оның әуежайында қосымша тіркеу орындарын жасақтауға тура келмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу