Грузия сарапшысы: Пропагандамен улаған халық мәңгүрт әрі тасжүрекке айналады

2685

Қоғам қайраткері, грузиялық GoGroupMedia қоғамдық ұйымының басшысы, JamNews жобасының редакторы Маргарита Ахвледиани Грузиядағы ауыр саяси дағдарыс және Кремльдің осы елге өз ықпалын күшейтуге талпынысы туралы айтып берді.

Грузия сарапшысы: Пропагандамен улаған халық мәңгүрт әрі тасжүрекке айналады

Биыл посткеңестік кеңістіктегі көптеген елді әскери жанжалдардың жалыны шарпыды. Армения мен Әзербайжан, Тәжікстан мен Қырғызстан, Ресей мен Украина өзара қақтығысты. Таяуда Молдова мен мойындалмаған Приднестровье молдавиялық республикасы арасында қарулы шиеленіс қайта өрши жаздады. Қазір Өзбекстан да жағдай тұрақсызданды.

Халықаралық сарапшылар 2008 жылғы соғысы кезінде жерінің 20%-дайынан айырылған Грузия қазіргі ахуалды пайдаланып, территориялық тұтастығын қалпына келтіруге талаптанып көруі мүмкін деп топшылап, тон пішкен. Алайда Тбилиси тыныш отыруды жөн көрді. Грузия билігі биылғы 3 наурызда өтініш бергенімен, Украина және Молдова қатарлы Еуропалық одаққа мүшелікке кандидат атағын шын мәнінде алуға іңкәрлік танытпады. Бұған ашынған грузиялықтар шеруге шығып, қалың нөпір халық – 120 мыңдай адам көшелерді толтырды. Бүгінде жағдай біршама тұрақтанғанымен, күрделі саяси дағдарыс сақталған.

– Жақында ғана Грузия реформалар мен демократиялық жаңғырулар қарқыны жөнінен посткеңестік кеңістіктегі лидердің бірі болды. Енді Еуроодақ та, сарапшылар да демократиялық дамудың шешуші мәселелерінде Грузияның кері кеткенін бетке басып, сынауда. Бұл өзгерістердің мәнісі неде?    

– Грузиядағы қазіргі саяси жағдайдың бірегейлігі сол, бүгінде Грузияның ресми билігі мен Грузия халқы деген ұғымдарды жеке-дара қарастырған жөн. Дегенмен грузиндерді де бірауызды, яғни 100 пайызы Грузияның еуропалық отбасыға қосылуын жан-тәнімен қалайды деп айту қиын. Бірақ халқымыздың басым бөлігі, ең маңыздысы – оның белсенді бөлігі Грузияның Еуропамен бірге болуын қалайды деген ойдамын. Мұны 120 мыңдық акция аңғартты. Оның үстіне олардың сапы күн сайын өсіп келеді. Олар Еуроодаққа мүшелікке кандидат болу үшін қойылып отырған талаптарды еш шектеусіз, тегіс орындауды талап етеді.

ЕО қойып отырған талаптар бұқара мен бизнеске мейлінше жақын:бірінші талап – деолигархизация, яғни олигархтар мен олардың топтарының билікке ықпалын жою. Сондай-ақ жемқорлықпен пәрменді күрес.

Қынжылтатыны сол, халықтың талабы мен қалауы және биліктің таңдауы мен талпынысы – әрбасқа, әртүрлі бағытқа бағдарланған. Біздің билік еуропалық болашақ пен перспектива туралы мәлімдемелер жасайды. Алайда оның шешімдері мен қимылдары бұған кереғар.

– Сонда саяси дағдарыстың себебі неде?

– Грузияда саяси күйзелістің туындағанына бір жылдай уақыт болды. Былтырғы күзде саяси дағдарыс ушықты. Еурокомиссияның төрағасы тікелей араласып, Үкімет пен оппозицияның келісімге келуіне араағайын болды. Осыдан соң демократиялық жаңғырулар алға жылжиды деген үміт болған. Бірақ артынша билеуші партия келісімнен біржақты түрде шығып кетті. Қазір белсенді азаматтар арасында биліктің ісінен түңілушілік байқалады. Үміт ақталмады, халық содан ашынады. Ашу оларды көшеге шығуға итермеледі. Бұл жерде билік пен бұқараның диалогы қажет. Оны байқамай отырмыз.

Еуропалық лауазымды тұлғалар мен институттар Грузияның кемшін тұстарын нұқып көрсетіп, сын айтса болды, грузиялық биік лауазымды шенеуніктер мінді түзеу орнына оларды қатаң сынауға әуестеніп алды. Биліктің қарекеттері Грузияның еуропалық бағдармен қозғалысын қатты тежеп тұр.

– Еуропалық тұлғалар мен ұйымдар сонда қандай мін мен сын айтып отыр?

– Жалпы алғанда 12 шарт қойды. Оның бәрі кандидаттарға талаптарда егжей-тегжейлі жазылған. Бірінші шарт – жаңа айтқанымдай, деолигархизация. Екіншісі – қоғамның саяси поляризациялануын тоқтату бағытында жұмыс істеу. Өйткені Еуроодақ халқы екіге жарылған, қоғамы бірауызды емес, алауыз мемлекетті өз құрамына алуды қаламайды. Ондай ел одақтың ішіне іріткі салатын бүлдіргіге айналып кетуі мүмкін.

Үшіншіден, плюрализм шектелмеуге тиісті. Қазір біздің билік оппозицияға қысым көрсетеді, онымен белсенді күреседі, биік мінберлерден қатты сөгеді, балағаттайды, айыптайды. Билік өкілдерінің, шенеуніктердің оппозиционерлерді, өзімен келіспейтіндерді қудалауын, ар-намысына тиюін сөз бостандығына жатқызуға болмайды. Себебі егер қолында нақты билігі бар адам билікке қарсы сөз айтқаны үшін қарсыласын елге сатқындық жасаған опасыз деп айыптаса, мұның демократияға еш қатысы жоқ. Бұл – оппозицияға қарсы агрессия, репрессия. Сөз бостандығы мен оппозицияға қарсы агрессияның арасында шек-меже бар. Грузиндік шенеуніктер сол алажіптен баяғыда аттап кетті.

Мысалы, биылғы мамырда еліміздегі ең көп аудиториясы бар оппозициялық телекомпанияның – "Мтавари архидің" қожайынын ойдан шығарылған айып бойынша 3,5 жылға түрмеге отырғызып қойды. Николоз (Ника) Гварамияны сот "Рустави 2" жекеменшік телеарнаның бас директоры болып тұрған тұста қымбат автокөлікті заңсыз сатып алған деп айыптады. Transparency International да Гварамияға қатысты үкімнің саяси астары бар деп таныды. Ол аз болса, тіпті биліктің басты қарсыласы Михаил Саакашвили темір торда қамаулы отыр. Оған тағылған айып та 6 жылға бас бостандығынан айыруға тартпайтын еді.

Бұл ретте сот реформасын жүргізу, сайлау жүйесін жаңғырту шарттары орындалмады.

– Сонда Грузия билігі Еуропамен емес, Ресеймен бірге болғысы келе ме, әлде мұның ар жағында басқа астарлар жатыр ма?

– Бұл жерде бірінші орында ақша тұрғанға ұқсайды. Біздің сарапшылардың болжамынша, Грузияның көлеңкелі билігі –  еліміздегі ең бай адам, Forbes әлемдік миллиардерлер тізіміндегі Грузияның жалғыз өкілі Бидзина Иванишвили. Қазіргі билеуші партияның құрылтайшысы да сол. Ол грузиялық саясатты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Премьер-министрді тағайындау, кез келген ірі шешімдерді қабылдау сонымен келісіледі. Ресми түрде ол қатардағы азамат. Жеке сарайында тып-тыныш отырған сияқты. Шынында Үкімет те, Парламент те оның батасын алмай ірі шешім қабылдамайды. Ол сондай-ақ Францияның азаматтығына ие. Алайда өз елін Еуропаға енгізуге құлықты емес көрінеді.

Бірақ бұл жерде Грузия Ресейдің мүддесімен де санасуға мәжбүр. Мысалы, сөз жүзінде еуропалық бағдарды жариялағанымен, Грузия Украинаға басқыншылық жасаған Мәскеуді айыптамады, оған қарсы Еуропа салған санкцияларды қолдамады. Грузияның олигархтары да, билігі де Ресейге сонша тәуелді емес. Бірақ Кремль алдында ығатын болса керек. Алпауытпен арпалысқа түссем, қарсы келсем, қатты жазалайды деген қорқыныш бар сияқты.

– Ал халық, грузиндер не ойлайды? Олар да көршіден қорқа ма?

– Мұны анықтау күрделі. Өйткені қоғам екіге жарылған шақта, кез келген әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар қандай да бір тараптың қалауына қарай құрылатын болады.

Бір белгілісі, ел арасында Еуропалық одаққа және НАТО-ға мүше болуды құптайтындар саны өсуде. Грузиндер Еуропа елдері сияқты дамыған, бай мемлекетте тұруға ынтық. Сондай-ақ 2008 жылғы соғыс грузиндердің біразының жанына жара салды.

Алайда Ресейді қолдайтын грузиндердің қарасы да қалың. Халықтың бір бөлігі кеңес кезінен бері Батыс әлемімен емес, Ресеймен рухани жақындықты сезінеді. Мысалы, дәстүршіл грузиндерге Ресейдің дінге ден қойғаны, тек дәстүрлі отбасы институтын ғана мойындайтыны ұнайды (күні кеше Тбилисиде ЛГБТИ-қоғамдастығының фестивалі радикалдар шабуылынан қорғау үшін қауіпсіздіктің теңдессіз шараларын қабылдауды талап еткен: гей-прайд қатысушыларын полиция қоршауға алып, қала бойынша еркін қозғалуына мүмкіндік бермеді).  Бұған қоса, кейінгі жылда Ресей пропагандасы Грузияда жойқын, ғаламат қарқынмен тарала бастады. Тау басынан құлаған алапат көшкінге ұқсайды. Ауқымы күн санап артып барады. Мәскеудің бұл іске орасан зор қаражат құйғаны байқалады. Үгіт-насихат грузин тілінде жүргізіледі, жергілікті қоғамдық пікір лидерлерін жұмылдырады. Барлық өңірлерді тегіс қамтыған.  

Transparency International-дың соңғы зерттеуінде көрсетілгендей, тек биылғы жыл басынан бері ресейлік бағытты ұстанатын шамамен 40 үкіметтік емес ұйым жаңадан құрылған. Былтырғы желтоқсанда кремлдік Alt-Info атты ірі топ құрылды. Елестетіп көріңізші, небәрі 3 ай ішінде ол бүкіл Грузияда 80 өкілдігін ашып үлгерген (кеше Alt-Info тұғырнамасының жақтаушылары Тбилиси ортасында, ЕО өкілдігінің ғимараты алдында Еуроодақтық туын өртеп, "Да здравствует Грузия!" және Еуроодаққа қарсы "Уходи! Уходи!" деп ұрандатты).

Осыдан-ақ мұндай ұйымдарды қолдауға қаншалықты алапат ауқымда ақша құйылып жатқанын аңғаруға болады. Олардың қазір тәулік бойы ақпарат тарататын төл телеарнасы да бар. Олар сол телеарнасының өнімдерін өңірлеріміздегі аймақтық телекомпаниялардың ретрансляциялауына да қыруар қаражат төгуде. Мұндай күштер бір жағынан тұрғындардың санасын улайды, екінші жағынан үркітіп, тырп еткізбей тастауы мүмкін. Ел Еуропаға мүше болса, барлығыңыз қызтеке болып кетесіздер деген сияқты қарабайыр пропаганда. Білімі терең емес, сындарлы ойлауды білмейтін қарапайым адамдар соған сенеді.

Бір жақтан Мәскеу пропагандасы: грузиндер, сіздер тамашасыздар, бұрынғы қалпыңызда қала беріңіздер, ілгері тырмысудың қажеті жоқ дейді. Екінші жақтан Еуроодақ үнемі сынайды, жетілу үшін тағы да талпына түсуді талап етеді. Содан қатаң талапшылдықтан, биікке өрмелеуден қажыған грузиндер Еуропаға қолды бір сілтеп, өзін қазіргі кемел емес, кемшін күйінде қабылдайтын Ресейге түпкілікті ден қоюы да ықтимал.

Бұл тұрғыдан алғанда, Грузияға еш тараптың жетегінде кетпей, төл ұлттық мүддесін қорғау мәселесін ойластырған маңызды.

– Пропаганда жеңіске жетуі мүмкін дейсіз ғой?

– Пропаганданың қауіптілігі сол, ол сананы қатты улайды. Пропаганданың күш-қуаты қарудан еш кем емес. Онымен әбден уланған адамды сауықтыру қиын. Егер ондай жан пропаганданың фейктерінің жалған екеніне көз жеткізсе, одан көңілі қалса, содан соң өмірде ештеңеге де сенбейтін болады. Олар циникке, тіпті қатігез, тасжүрек адамға айналып кетуі мүмкін. Мықты психологтар осылай дейді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу