Грузияда көшеге шыққан халық шулаудан әріге аспады

2527

Оппозицияның басты бір лидері, Грузия Президенті Саломе Зурабишвили Орбелиани сарайында өткен билікке қарсы күштердің консультациясынан кейін Парламенттік сайлаудың қорытындысына қатысты наразылық акциясын жариялаған болатын.

Грузияда көшеге шыққан халық шулаудан әріге аспады Фото: vedomosti.ru

Парламент алдындағы шеруге шынымен де жұртшылық өте көп жиналды. Әлемдік ақпарат құралдарын аралап кеткен видеолар Парламент алдындағы алаңда ине шаншар бос жер қалмағанын паш етті. Алайда дауыс беру нәтижелеріне қарсы шерудің ресми бөлігі аяқталған соң қарсылық білдірушілердің басым көпшілігі үйлеріне тарасты.

Митингте оппозиция көшбасшылары халыққа ары қарайғы іс-қимыл жоспарын ұсынды. Онда оппозициялық партиялар қайтадан сайлау өткізуді және оны ұйымдастыруды "халықаралық сайлау әкімшілігіне" тапсыруды талап етті. Бұрынғы шерулерден бір ерекшелігі, бұл жолғы наразылық шарасына қатысушыларды күш құрылымдары таяқ-дубинкамен, қарқынды су шашумен, газбен, жарық-шулы гранаталарды жарып, күшпен қуып таратуға тырыспады.

Билік оппозициялық партиялардың тулап-тулап, бәрібір қатарға қосылатынына сенімді. Іс басындағы Парламент төрағасы Шалва Папуашвилидің айтуынша, қандай жағдай болмасын, жаңа Парламент бірінші сессиясына жиналады және барлық 150 депутаттың өкілеттігін 76 дауыспен-ақ мойындайды.

"Парламент жиналады және 150 депутаттың өкілеттігін 76 дауыспен таниды. Оппозиция 2020 жылдағы сияқты ерте ме, кеш пе, Парламентке оралады, креслосына пуфик сияқты жұмсақ қонжияды және жалақысын да толығымен алады! Олар грузин сайлаушыларын ақымақ дей ме?! Олардың сайлаған Парламенті легитимді емес деп қалай айта алады? 2020 жылғы сияқты Грузия Парламенті сессиясына жиналады, жаңа депутаттық корпустің өкілеттігін растайды және жұмысын жалғастырады. Грузиндер бұл киноны бір рет көрген", – деді Шалва Папуашвили.

Заң шығарушы биліктің вице-спикері Нино Цилосани болса, оппозицияның алаңды толтырғанымен, қала көшелеріне сонша көп жақтаушысын алып шыға алмағанын бетіне басты.

"Біз кешегі акцияларын көрдік. Сонша көп халық келді деуге жарамайды. Олар төл сайлаушыларын мобилизациялауға қауқарсыз екенін танытты. Жұртшылықтың басым бөлігі "оппозиция бұл сайлауда әділ жеңілді" деп санайды. Саясат болсын, спорттық жарыс болсын, жеңбеген адам жеңілгенін мойындауға тиіс. Депутаттар мандаттарынан бас тартса, партиялар партиялық тізімдерін жойса, бұл Парламент легитимділігінен айрылады деген бос сөз. "Символдық Президент" болып табылатын Саломе Зурабишвилидің сайланған Парламенттің бірінші отырысын шақырмай қоюға құқығы бар деген де – дезинформация", – деді іс басындағы вице-спикер, депутат Нино Цилосани.

Украиналық журналист Роман Цимбалюк сайлау нәтижесі халықтың ықтиярын білдіретінін айтты. Ол Грузияда қайта сайлау өтетініне сенбейтінін жеткізді.

"Сайлау халықтың нені қолдайтынын көрсетті. "Грузиндер арманы" партиясы адамгершіліктен ада, парасаттылыққа жат қарау қарекетке барды. Қарулы шиеленістен жүрегі шайлығып қалған грузиндерді соғыспен қорқытты. Көшелер соғыс пен бейбітшілік арасында таңдау жасауды ұсынған билбордқа толды. Оның бір бөлігіндегі "соғыс" деген жазу астында Украинаның қираған қалалары, "бейбітшілік" жазуының астында тиісінше, Грузия қалалары бейнеленді. Сайлаушылар "мықты соғыстан жаман бейбітшілікті" таңдады. Біз Грузияға бейбіт өмірді тілейміз. Олар да Еуропамен бірге болады деген үміт болды", – деді журналист.

Мәскеу "Грузиндер арманы" билеуші партиясының жеңісін бірден мойындады. Билеуші күш өзге лидерлерден де құттықтау қабылдауда. Венгрия басшысы Виктор Орбан қолдауы ретінде кеше сапармен келді.

Түрік лидері Режеп Тайып Ердоған "Грузиндер арманы" партиясын және Премьер-министрі Ираклий Кобахидзені 2024 жылғы 26 қазанда өткен парламенттік сайлаудағы жеңісімен – "бірінші орын алуымен" ресми құттықтады. Ердоған мырза грузин жұртшылығының тыныш, бейбіт, қауіпсіз ахуалда өз таңдауын жасағанын атап өтті және ол грузин халқы мен Кавказ өңіріне табыс әкелетінінен үміт білдірді.  

Оппозиция болса, бұл сайлаудың қорытындылары билеуші партияға табыс пен тыныштық әкелгенін қаламайды. "Өзгеріске арналған коалиция" лидерлерінің бірі Ника Гварамия сайлау нәтижелерін фальсификациялаудың барлық схемалары әшкереленгенін жариялады.

"Біздің қолымызда тиісті дәлелдер бар. Біз оларды таяуда жұрт назарына ұсынамыз. Қоғам ондай схемалардың жүзеге асырылғанынан мүлдем бейхабар болды. Билік бұл схемалардың ашылмауын қалады. Онысынан түк шықпады. Біз оларды таяу арада, барынша тез қорытып, жария етеміз", – деді Ника Гварамия.

Керісінше оппозицияның қарсылығынан түк шықпағаны айқындала бастағандай. Ngnewsgeorgia хабарлауынша, оппозиция халықты шеруге көтеріп әлек болып жатқанда, Грузияның Орталық сайлау комиссиясы кеше жаңа Парламенттегі орындарды бөліп қойды. Оған сәйкес, билеуші партия 76 емес, одан көп мандатты қалтасына басты.

"5 сайлау субъектісі 5%-дық кедергіден өте алды. Бес пайыздық тосқауылдан өте алмаған партиялардың жинаған дауысы 2 депутаттық мандатқа тең. Олар бірінші орын алған "Грузиндер арманы" мен екінші орынға көтерілген "Өзгерістерге арналған коалиция" арасында бөліске салынады", – деп хабарлады Ортсайлауком.

Сонымен, өткен сенбіде ұйымдастырылған парламенттік сайлаудың ақырғы нәтижелері келесідей:

  • "Грузиндер арманы" – 89 мандат (1 120 140 дауыс, 53,936%)
  • "Өзгерістерге арналған коалиция" – 19 мандат (229 161 дауыс, 11,034%);
  • "Бірлік – Ұлттық қозғалыс" – 16 мандат (211 120 дауыс; 10,166%);
  • "Күшті Грузия" – 14 мандат (182 949 дауыс; 8,809%);
  • "Гахария Грузия үшін" – 12 мандат (161 336 дауыс; 7,769%).

Елдегі және шетелдегі 3 111 сайлау учаскесінің 3 110-ы бойынша дауыс беру қорытындысы осындай. Марнеуль округіндегі бір учаске бойынша қорытындының күші жойылды.

Оппозиция әзірге сайлау нәтижелерін мойындамады. "Грузиндер арманы" партиясынан басқа, жаңа депутаттық корпуске өткен төрт партия-коалиция жаңа Парламентке кіруден бас тартып отыр. Дегенмен, билік партиясы енді конституциялық басымдыққа ие. Өзге төртеуі қанша жерден қарсы болса да, "Грузиндер арманының" депутаттары кез келген заңды өздері-ақ қабылдай сала алады.

"Бірлік – Ұлттық қозғалыс" лидерлерінің бірі Георгий Вашадзе қайта сайлау өткізу болмаса, одан басқа кез келген тақырыпта ешкіммен де келіссөз, диалог жүргізбейтінін мәлімдеді.

"Біздің командамыздың шешімі туралы нақты айтқым келеді. Өзгелер сияқты біз де бұл сайлауды легитимді емес деп танимыз! Бұл Парламентке енуден бас тартамыз. Барлық мандаттарымызды алмаймыз және партиялық тізімді жойдық! Жеңіске жеткенше күресуге ниеттіміз және бірге міндетті түрде жеңетінімізді уәде етеміз. Талабымыз өте нақты: сайлауды қайта өткізу. Бұл жолы оны халықаралық сайлау әкімшілігі өткізуге тиіс. Сайлау комиссиясының еш абыройы қалмады. Бұл бізге дауыс берген тұрғындардың да талабы және ол орындалуға тиіс", – деген Вашадзенің сөзін келтірді жергілікті "Ambebi" агенттігі.

Би-Би-Си жеңілгенін мойындамаған оппозиция үшін 4 сценарий қалғанын мәлім етті. Британдық ақпарат құралы 2 экзитпол қорытындылары жалпы жиынтығында оппозициялық партиялардың басым дауыс иеленгенін көрсетіп тұрғанын қаперге салды. Содан оппозиция тойлай бастады, мінберден жеңімпаз ретінде сөйлеп жатты. Алайда Ортсайлаукомның мәлімдемесі оларға төбеден жай түскендей әсер етті.

"Бірінші сценарий – халықтық толқулар. Оппозициялық лидерлер өз жеңісін және елдің еуропалық бағдарын "Грузиндер арманының" негізін қалаушы олигарх Бидзина Иванишвилидің "ұрлап алғанын" айтуда. Олар заң аясында рұқсат етілген барлық демократиялық тәсілмен күресетінін мәлімдеді. Наразылық шерулері заң аясында рұқсат етілген. Президент Зурабишвили наразылық шараларының тек қана бейбіт болатынын атап өтті", – деп жазады ВВС.

Ол Грузиядағы ірі шерулер осының алдында "Шетелдік агенттер туралы" заңына қарсы жүргенін еске салды. Сонда көшелерді толтырған мыңдаған адам дегеніне жете алмады, заң қабылданды. Сондықтан Би-Би-Си сарапшыларға сілтеме жасап, бұл жолғы наразылық акциялары да жағдайды өзгертеді деп сену қиын екенін нұсқады.

Би-Би-Си мәліметінше, халық жаппай қарсылығы арқылы соңғы рет 2003 жылы ғана билікті ауыстыруға қол жеткізді. Сонда "Раушандар революциясы" аталған шеру арқылы жұртшылық парламенттік сайлаудың қорытындысына келіспеушілігін білдірді. Алайда ол кезде кәрі Президент Эдуард Шеварднадзе мен оның билігі әлсіз еді. Қазіргі кезде олигарх Иванишвили грузин саяси элитасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр.  

Екінші заңды сценарий – сотқа жүгіну. Илья мемлекеттік университетінің профессоры Вахушти Менабденің түсіндіруінше, заң бойынша оппозицияның сайлау қорытындыларына қарсы сотқа шағым түсіру құқығы бар. Тәуелсіз байқаушылар сайлау барысында 200-ден астам заң бұзушылықты тіркеген. Бірақ Ортсайлауком оның ешқайсысы сайлаудың жалпы нәтижелеріне ешқандай ықпал етпеді деп санайды. Соттар да осы ұстанымды үкіміне жазуы ғажап емес.

Тек бума-бума бюллетеньді сайлау жәшігіне арсыз түрде тығып жатқаны видеоға түсірілген Марнеуль муниципалитетіндегі бір учаскенің қорытындысын ОСК жедел түрде жойды. Ішкі істер министрлігі жедел іс қозғады. Яғни, билік дереу ден қойғанын байқатты.

Transparency International Georgia байқаушыларының байламынша, Грузияда сайлау учаскелерінің басым көпшілігінде электронды дауыс беру жүйелері орнатылды, бұл "махинациялар жасауды қиындатты". Сайлаушылар дауысының саналғанын электронды таблодан байқай алды. Дегенмен, басқа айла-шарғылар қолданылған.

"Мысалы, мас күйде көлік айдап, жүргізуші куәлігінен айрылғандарға бюллетеньде дұрыс жерге белгі соққаны үшін машина жүргізу құқығын қайтарған", – дейді осы ұйым директорының орынбасары Георгий Ониани.

Мұндай деректерді тауып, сотта дәлелдеу күрделі: жүргізуші куәлігін заңсыз қайтарып алғандар онысын мойындамасы сөзсіз.

Үшінші сценарий – Парламенттің отырысына бойкот жариялау. Заң бойынша ОСК сайлау қорытындысын ресми бекіткен соң ел Президенті жаңа Парламенттің бірінші отырысы өтетін күнді тағайындауға тиіс.

Профессор Вахушти Менабденің айтуынша, отырысты тағайындаудан бас тартуға Президенттің құқығы жоқ. Ресми қорытынды жарияланған соң 10 күн ішінде жаңа депутаттық корпустың бірінші отырысы өтуі шарт. Егер сессияны шақырмаса, Президент Конституция талабын бұзады.

Кезінде "Грузиндер арманының" қолдауымен билік басына келген Саломе Зурабишвили бұл партияның елді Еуропадан оқшаулануға апара жатқанын мәлімдеп, оппозицияға ауысқан болатын. Ол өзін "әділетсіз сайлаудан кейін елде қалған жалғыз тәуелсіз институт" деп атайды. Бірақ Ата заңынан тәуелсіз бола алмайды.

"Президент шақырмай қойғанның өзінде, Парламент бірінші отырысына өзі жинала алады", – деді грузин Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе.

Жаңа Парламенттің өкілеттігін тану үшін 76 депутат жиналып, қолдаса да жетеді. "Грузиндер арманы" билік партиясы 89 мандат жинады.

Төртінші сценарий – Парламент ғимаратын бұғаттап тастау.

"Профессор Вахушти Менабденің айтуынша, оппозиция үшін өз талабының орындалуына қол жеткізудің жалғыз мүмкіндігі – саяси қысым. Бұл жерде әңгіме Грузияда бұған дейін қолданылған құрал туралы: билеуші партияның сайланған депутаттарын Парламент ғимаратына өткізбей қою. Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, отырыс күні наразылық танытушылар Парламентті айнала "тірі тізбек" құрады және ғимаратқа ешкімді өткізбеуге тырысады. Алайда мұнда да оппозицияның жұлдызы оңынан тумады", – деп ескертеді Би-Би-Си.

Дүйсенбі күні Парламент алдына жиналған қарақұрым халық кешке негізінен тарап кетті. Бұлай бола берсе, депутаттар отырысын түнде өткізеді. Оның үстіне Парламент ғимаратында енді бірнеше кіреберіс бар. Құпияларын айтпағанда, ашығының кем дегенде екеуі Грузияның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен арнайы мақсаттағы жасақ казармасы орналасқан тар көшеге шығады. Қажет болған жағдайда жасақ лезде қимылдап, топ арасынан қауіпсіз дәліз жасап бере алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу