Хакерлер Орталық Азияға миллиардтаған шабуыл жасаған

5360

Киберқылмыс көбейгендіктен, ОА аймағында киберқауіпсіздікке жіті назар аударыла бастады.

Хакерлер Орталық Азияға миллиардтаған шабуыл жасаған

Орталық Азияда киберқылмыс деңгейі артып келе жатқандықтан, Түркіменстан да өзінің киберқауіпсіздік заңын қатаңдатты.

Бұл туралы ережеге президент Гурбангулы Бердімұхамедов осы айда қол қойды. Жаңа құжаттың мақсаты – ұлттық инфрақұрылымды, кәсіпорындар мен зауыт-фабрикаларды, жеке тұлғаларды компьютерлік шабуылдардан қорғау. Және де бұл заңға халықаралық ынтымақтастық, жергілікті қауіпсіздік фирмаларымен серіктестік орнату тәрізді жоспарлар да енгізілді.

"Үкімет отырысында президент бұл ережені ел егемендігі мен ұлт мүддесін қорғайтын, желідегі қауіптің алдын алатын, қоғамдық тәртіпті, адамдар мен ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ететін өзекті заң деп атап өтті", - деп хабарлайды Altyn Asyr телеарнасы.

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан өздерінің ұлттық киберқауіпсіздік стратегияларын жүзеге асыру үшін құқықтық және нормативтік актілерді,  нұсқауларды бұрынырақ әзірлеп, қабылдады. Түркіменстан олардың қатарына ұзақ кешігіп барып енді ғана қосылып отыр.

Мәселен, Қазақстанда 2017 жылы Cyber Shield Kazakhstan (Қазақстанның Кибер Қалқаны) деген бағдарлама іске қосылды. Сонымен қатар, елімізде осы мәселе бойынша тұрғындарды ақпараттандыруға және кибербілімге қаржы бөлініп, киберқауіпсіздік орталығы ашылды. Содан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқауіпсіздік жөніндегі ғаламдық индексінде Қазақстан 82-ші орыннан 40-шы орынға көтерілді немесе ТМД кеңістігінде ол Ресейден (ғаламдық индекс бойынша РФ – 26-шы орында) кейінгі екінші орынды иеленді.  Салыстырып көрсек, дүниежүзілік индекс бойынша Өзбекстан киберқауіпсіздік бойынша 52-ші, Тәжікстан 107-ші, Қырғызстан 111-ші, Түркіменстан 143-ші позициядан көрінген.

20 млрд шабуыл

Дегенмен, кейінгі жылдары қазақстандық банктер қылмыстық пиғылдағы кибершабуылдардан қатты зардап шекті. Солардың қатарында интернеттегі банктік есепшоттарға бағытталған фишингтік (жеке есепшоттардан құпия деректерді ұрлауға арналған "спам" хабарламалар ) шабуылдар бар.

Касперскийдің сөзінше, Қазақстан мобильдік троян-бопсалаушылар мен майнерлердің шабуылына ұшыраған қолданушылар  саны жағынан әлемде бірінші ондыққа кіреді.

"Кибершабуылдар әр секундта тіркеледі. Олардың саны өсіп келеді. 2016 жылы біз мұндай шабуылдардың бір миллиардын тіркедік. Ал, былтыр Қазақстанға және оның мемлекеттік ақпараттық құрылымдарына 20 миллиард шабуыл жасалды. Бизнестің қаншалықты шабуылға ұшырап жатқанын ешкім білмейді", - дейді еліміздің қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіхалықов.

Жібек жолымен әрі қарай жүрсек

Жібек жолымен әрі қарай жүрсек, Касперскийдің айтуынша, Өзбекстан әлем бойынша бопсалаушылардың межесіне айналған екінші елге айналды. Мұнда үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында қолданушылардың 6 пайызын хакерлер нысанаға алған. Бұл – таңқаларлық көрсеткіш.

Ел үкіметі жағдайды реттеуге күш салып жатыр. Жақында Өзбекстан аса маңызды инфрақұрылымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған резолюция жобасын жариялады және де осы бағытта аймақ елдерімен ынтымақтастық орнатып, мемлекет пен жекеменшік арасында және шетелдік компаниялармен серіктестікті нығайтуға кірісіп отыр.

Мамандардың пікірінше, жалпы алғанда, бүкіл Орталық Азияда шабуылдар жиілеп барады. Биыл жазда Қырғызстан фишингтік электрондық хаттар арқылы ауқымды соққыға ұшырады. Ал, Silence хакерлік тобы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан банкоматтарын нысанаға алды деген мәлімет бар.

Банкоматтық серверлер мен карталарды өңдеу жүйелерін бұзуға маманданған Cobalt хакерлік тобы кірген компьютерлер саны көбейіп келеді. 2017 жылы Қазақстанда желідегі алаяқтардың шабуылына алты несиелік ұйым ұшыраған.

Кибершпионаж

Касперский өкілінің сөзінше, Орталық Азиядағы китбершабуылдардың көбі Ресейден немесе Қытайдан келеді және олардың "күн тәртібінде саясат" тұр.

Мысалы, "ТәжМахал" хакерлік тобының көздегені – аймақтағы "дипломатиялық мекемелер". Болжамдарға қарағанда, олардың әрекеті мұнымен шектеліп қалмауы мүмкін.

Аталған өкілдің өзге бір сөзінше, LuckyMouse деген тағы бір топ бар. Ол Орталық Азиядағы үкіметтік құрылымдар мен жоғары деңгейдегі кездесулерді көздеуге арналған. Касперскийдің ескертуінше, мұндай шабуылдар әрі қарай да жалғасыруы мүмкін.

P.S. Global Cybersecurity Index 2018 баяндамасында айтылғандай, былтырғы жылдың соңында планета тұрғындарының 51.2 пайызы немесе 3.9  миллиард адам  интернет қолданған. Ал, 2023 жылы олардың қатары 70 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, ғаламдық ақпараттық қоғам бұдан былай тіпті кеңейіп, киберқауіпсіздіктің маңызы артпаса, кемімек емес.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу