Халық азық-түлік себетінің толыға түсуін қалайды

3764

Министр Тамара Дүйсенова ең төменгі тұтыну себеті адамның тіршілік қызметін қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Қоғам белсенділері бұған келісе қоймайды. 

Халық азық-түлік себетінің толыға түсуін қалайды Фото: inbusiness.kz

400 грамдық 26 бөлке нан, 366 грамм макарон, 708 грамм күріш, 416 грамм қызанақ және осынша қияр, 8,3 келі картоп, 1,6 келі сәбіз бен осынша пияз, 2 келі алма, 1,9 келі қант, 4,8 келі ет, 24 литр сүт, 366 грамм сары май, 55 грамм шай, 11 дана жұмыртқа ересек бір адамның бір ай бойы тойып тамақтануына жете ме? Мұнда нан мен сүт көп көрінеді, бірақ олармен ғана тамақтанса, адам ағзасы дәрумендерді қайдан алады? Жалпы, бұл себет қаншалықты теңгерімді?

Бұл сұрақтар қоғамды біраздан мазалап келеді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұның жететініне табандаумен жүр. Тамара Дүйсенова бұл тізімді академик Төрегелді Шарманов басқаратын Қазақ тағамтану академиясы әзірлегенін алға тартады.

Қазақстандағы ең төменгі тұтынушылық себеттің ішінде не болатыны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктерінің бірліскен бұйрығымен бекітілген. Ол бұйрықтар "Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын есептеу қағидаларын бекіту туралы және азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге шығыстардың тіркелген үлесін белгілеу туралы" және "Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын есептеу ережесін бекіту туралы" деп аталады.

Оған сәйкес, жаңа азық-түлік себеті келесідей: 1 ересек адамға жылына 126,5 (балаға 77,6) келі нан, 100,4 келі (88,1) картоп, 114,6 келі (112,5) көкөніс, 60 келі (118) жеміс, 23,8 келі (21,8) қант, 58,6 келі (44) ет, 290 литр (балаға 360,7) сүт. Мұның айға шаққанда қаншадан келетінін жоғарыда айттық.

Негізі, осы көрсеткіш жөнінен Қазақстан әлемдегі дамыған елдерден біршама қалып келеді. Осыған орай кәсіпкер Алмат Мұсатаев мәселе көтеріп, осы түйткілдің мәнісін түсіндіріп беруді сұрап, министр Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады.

"Мынаны түсіндіріп беріңізші: неге азық-түлік себетінің көлемі Еуразиялық одаққа мүше елдер арасында Қазақстанда ең аз? Тіпті Қырғызстан да бізден биік тұр. Ал Ресей, Беларусь, Арменияның шаңына да ілесе алмадық. Осының салдарынан, ең төменгі күнкөріс шегі де бізде өте төмен", – деп сұрады А.Мұсатаев.

Қоғам белсенділерінің сынымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келіспейді. Оның түсіндіруінше, "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" заңына сәйкес, ең төменгі күнкөрiс деңгейi бекітілген, оның шамасы ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең.

"Ең төмен тұтыну себетi адамның тіршілік қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік өнімдерінің, тауарлар мен қызметтердің ең төменгі жиынтығынан тұрады. Қазіргі уақытта оның ішіндегі азық-түлік себеті азық-түліктің 43 аталымынан құралған. Бұл адамға күніне орта есеппен 2 175 ккал деңгейінде энергетикалық құндылықты қамтамасыз ете алады. Халықаралық және отандық сарапшыларды тарта отырып, зерттеу жүргізілді, қорытындысында Қазақстанда пайдаланылатын ең төменгі күнкөріс шегін анықтау әдістемесі халықаралық талаптарға сай деп танылды. Бұған қоса, азық-түлік себеті Қазақ тағамтану академиясының ұсынымдарына сәйкес, лайықты түрде құрылды. Ол БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тағамға қатысты талаптарына сәйкес келеді", – деп жауап қатты Еңбек министрі.

Әрине, ең бастысы, шектеліп қалмай, алға ілгерілеу қажет. Себебі, Қазақстанның алар асулары әлі алда. Мысалы, Францияда "тұтыну себеті" 250, АҚШ-та – 300, Германияда – 475, Ұлыбританияда – 699 азық-түлік, тауар мен ұсынылатын қызмет түрлерін қамтиды.

Салыстырсақ, француз тұтыну себетіне тіпті сапалы шарап сатып алу және бір рет мейрамханаға бару шығыстары кіреді. Бұған қоса, шаштаразға бару, шашқа арналған лак, суға түсуге арналған гель, басқа да қаптаған косметикалық заттар, 14 түрлі гүлді сатып алу да қосылған.

Жалпы, ешбір елде себеттегі азық, тауар мен қызметті мемлекет сатып әпермейді: мемлекет тек жәрдемақы төлеу арқылы аз қамтылғандарға соны сатып алу шығынын өтейді.

Яғни, тұтыну себетiнiң ең төменгі көлемі қандай болса, жәрдемақы да сонымен шамалас болады. Дегенмен, жағдай түзелетін түрі бар сияқты. Министр Тамара Дүйсенова әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептегенде ең төменгі күнкөріс шегінің пайдаланылатынын растады. Алда бұл тәжірибе өзгермек.

"Бүгінде Әлеуметтік кодекс жобасы әзірленуде. Соның аясында атаулы әлеуметтік көмекті (АСП) тағайындау кезінде елдегі медиандық орташа табысқа көшу қарастырылып отыр. Ал базалық зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін есептеу үшін ең төменгі жалақыға сүйенетін боламыз", – деді министр.

Былтырдан бері республикада тұтыну себетіндегі өнімдердің бағасын көрсететін күнкөріс шегі 17,1%-ға өскен. Нәтижесінде, 2022 жылғы қазан қорытындысында Қазақстан бойынша күнкөріс шегі 48,1 мың теңгені құрады. 2021 жылғы қазанда 41,1 мың теңге болған.

Өңірлер арасында күнкөріс шегінің ең жоғарғы көлемі дәстүрлі түрде Маңғыстауда тіркелді: 60,8 мың теңге немесе бір жылда 26,7%  ұлғайған. Бұл сондай-ақ осы өңірде баға көп көтерілгенін де білдірсе керек. Екінші тұғырға Астана (52,6 мың теңге) және Алматы (51,5 мың) орналасты.

Ал күнкөріс шегі тым төмен өңірлер арасына Қызылорда (43,1), Түркістан (43,9), Батыс Қазақстан (44,5) облыстары алдына қара салмай келеді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу