Халық банк акцияларының сатылуы туралы

21311

 Анығы неде?

Халық банк акцияларының сатылуы туралы

Халық банк акционерлері өз акцияларын сатуға қоймақшы, оны қытайлық компания сатып алуы мүмкін-мыс деген ақпарат мессенджерлер мен әлеуметтік желіде соңғы күндері тараған болатын. Алайда аталған ақпарат шындыққа жанаспайды, бұл сұрақтың төркінін inbusiness.kz анықтап көрді.

Мамыр айының басында инвесторлар қауымдастығының көптеген өтінішінен кейін, "Алмэкс" холдингі Халық банкі акцияларының өтімділігін арттыру жолдарын, оның ішінде оларды бағалы қағаздар нарығында ішінара сату мүмкіндігін қарастыратындығын хабарлады. Бұл ретте кез келген ұсыныс қолайлы нарықтық жағдаятты ескере отырып қарастырылатыны айтылған болатын. Сондай-ақ "Алмэкс" холдингі Халық банк акцияларының бақылау пакетін сақтап қалатынын, ал бұл дегеніңіз акцияның 51%-дан астам екендігі хабарланды. Қазіргі уақытта Халық банк акцияларының 74,5%-ы "Алмэкс"-ке тиесілі. Сарапшылардың айтуынша, холдинг акцияларды 10%-дан 20%-ға дейінгі көлемде сатуы мүмкін, бірақ акциялардың бақылау пакетін сақтап қалады, ал бұл рәсім банк акцияларының өтімділігін арттырады.

Атап айтар болсақ, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сараптамалық орталығының директоры Павел Афанасьев банк басшылығының акционерлер free-float-ты (компанияның еркін айналымда жүрген акциялар үлесі – авт. ескерт.) арттыру үшін акциялардың жартысын ғана сататынын осыған дейін бірнеше рет айтқанын еске салды.

"Сондай-ақ жақында банк Лондонда инвестор күнін өткізгенін еске салып кеткім келеді, бұл да банк акцияларына жағымды әсер етуі мүмкін, әсіресе, free-float-тың негізгі көлемі депозитарлық қолхаттар түрінде сатылып жатқаны. Әңгіме айналымға шығарылған акциялардың сатылу әлеуеті туралы болып отыр, тиісінше қандай да бір қосымша эмиссия және қарызды жою жайы сөз болып отырған жоқ", – деп есептейді сарапшы.

Сонымен қатар, осыған дейін Үміт Шаяхметова республикалық БАҚ-тардың бірінде берген сұхбатында, егер акциялар пакетін сату жайлы ой болатын болса, онда оны нарыққа хабарлау қажет болмайтынын атаған. Ал бұл қор нарығында айналымда жүрген және қазіргі уақытта сатып алуға қолжетімді акциялар үлесіне, яғни free-float-қа қайта әкелетінін, ал қалған акциялар инвесторларда, мәселен, ірі акционерлердің, мемлекеттің, БЖЗҚ-ның қолында екенін айтқан.

Салыстыратын болсақ, Ресейлік Сбербанкте қарапайым акциялар free-float-ы 47%-дан сәл асады. Ал Халық банкте нақты free-float шамамен 17-18%. Яғни, Сбербанк акцияларының 47%-ы еркін айналымда, ал Халық банкте - 17-18%. Нақты бір акция бойынша free-float көрсеткіші қаншалықты жоғары болса, оның өтімділігі мен баға құбылмалығына деген тұрақтылығы да соншалықты жоғары болады. Сондықтан сарапшылар мен трейдерлердің пікірінше, акциялардың бір бөлігін бірнеше тұлғаға сату акция өтімділігіне оң әсерін тигізеді. Мысалы, Қазақстан қор биржасындағы ең өтімді және тартымдылардың бірі  - Халық банк акциялары.

Банк Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия және Тәжікстанда филиалдары бар ірі қаржы институты болып табылады. Таратылған хабарламада Банк ауқымын көрсете отырып, банк үлесінің  60-70% екені айтылған. 2019 жылғы 1 сәуірдегі Ұлттық банктің мәліметі бойынша, Халық банк активтерінің нарықтағы үлесі 35%-дан сәл төмен, ал жеке тұлғалардың салымдары бойынша 35%, заңды тұлғалардың депозиттері бойынша үлесі 38,7%. Банк ең көп капитал салынған қаржы институттарының бірі. Сонымен қатар банк америкалық Forbes-тің "Global 2000" рейтингісінде 73-орынға көтеріліп, әлемнің ірі, беделді және қымбат компаниялардың тізімінде 1522-орынға ие болды. 

2018 жылдың қорытындысы бойынша банк 250 млрд теңге пайда көрген, бұл 2017 жылғы көрсеткішке қарағанда 46%-ға артық.

Анығына келгенде, Банктерге жасалатын ақпараттық шабуылдар нақты қаржылық ұйымдардың немесе еліміздегі жалпы қаржы жүйесінің жұмысын тұрақсыздандыру үшін ұйымдастырылатынын түсінген жөн. Сондай-ақ мұндай жалған ақпаратты тарату қандай да бір оқиғаға назар аударту арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу үшін жасалуы әбден мүмкін.

Еске сала кетсек, елімізде біле тұра жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша айыппұл немесе бас еркінен айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Жантөре Қасым

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу