2018 жылы банк секторын не күтеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4002

Үкімет банктердің проблемасын нарықтық жолмен емес, әкімшілік мәжбүрлеумен шешпекші.

2018 жылы банк секторын не күтеді

Үкіметтің таяудағы кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы банк секторындағы дағдарыстың басты себебі ретінде саладағы ұрлықты атаған еді.

Президент өз сөзінде банк акционерлері өздерінің жанама қатысуымен жұмыс істеп жатқан бизнеске банктегі жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің салымын несие ретінде аударып, кейін ол қаражат қайтарылмай қалғанын айтып, БТА мен Дельта банкті мысалға келтірді. Ал Standard & Poor’s агенттігінің соңғы рейтингінде Қазақстандағы екі банк тізімде төмен сырғығаны көрсетілген. "Эксим банкі" мен "Capital банкінің" ұзақмерзімді және қысқамерзімді болашақтағы деңгейі тиісінше B-/B және CCC+/C деңгейлеріне дейін төмендеді.

Айта кетейік, "А", "B", "C" және "D" деген баға бойынша, рейтингте "А" деп көрсетілген қаржы ұйымдары мойнына жүктелген барлық қаржылық міндеттемелерді атқаруға қауқарлы болса, "B" деңгейіндегі банктер экономикалық келеңсіздіктер кезінде қиындықтарға ұшырау мүмкіндігі болғанымен, жалпы алғанда тұрақты жұмы істей алады. Ал "С" деген баға әзер жұмыс істеп жатқан әлсіз банктерге берілсе, дефолт жағдайындағы банктерге "D" деген баға беріледі.

"Эксим" және "Capital" банктерінің тізімде төмен сырғуына жоғарыда айтылған қазақ банктеріне ортақ проблема себеп болған. Нақтырақ айтар болсақ, аталған банктер қаржылық операциялары негізінен акционерлер немесе олардың жанама қатысуындағы бизнеске бағытталған. Мәселен, "Орталықазиялық электрэнергетика корпорациясының" (ЦАЭК) қалта банкі саналатын "Эксим банктің" жағдайы тікелей екі факторға тәуелді екені айтылған. Бірі өзі қатысқан бизнес ортаның ахуалы болса, екіншіден, акционерлердің қиын-қыстау күн туғанда банкке қаншалықты жанашарлық көрсететініне байланысты. Ал жағдай қазіргіше өрбитін болса, банк алдағы 12 айда төлем жасай алмай қалуы да мүмкін екені айтылған.

Банк секторындағы осы олқылықты дер кезінде түзету үшін мемлекет басшысы соңғы жарты жылдан бері екінші деңгейлі банктерге мемлекеттің қолдауын тоқтату керектігін айта бастады. Соңғы рет Ұлттық қордан бөлінген 2 трлн теңге банк секторын әбден сауықтырып жібермесе де, отандық қаржы нарығының драйверлері Халық пен Қазком банктері Standard & Poor’s-тің аталған рейтингіндегі "B" деңгейін ұстап келеді. 2015, 2016 жылдары аталған тізімде қазақстандық банктердің ішінде ең жоғарғы көрсеткішті Қазком көрсетсе, тиісінше BB және CCC+, былтыр Халық банктің шамасы BB деп бағаланды.

Ал 2018 жыл қазақстандық қаржы нарығы қалай болады дегенге жауап қазірден белгілі секілді, банк секторы енді тұрақталуға тиіс. Бірігетін банктер былтыр бірігіп бітті. "Халық банк" қос бірдей ірі банкті сатып алып нарықтың үштен біріне ие болды. Бәсекелестікке шыдамаған "Қазинвест" пен "Дельта" дефолт болып тынды. Саланы ретке келтіру үшін таяудағы үкімет отырысында мемлекет басшысы Данияр Ақышевқа кезекті бір тапсырма берді. Бұдан былай банк секторына бақылауды бас банкир жүргізбек. Президенттің тапсырмасымен Нығматуллин бастаған депутаттар енді Ұлттық банктің құзіретін кеңейтетін заң жобасын дайындай бастайды. Осылайша, үкімет кезекті рет экономикалық проблеманы нарық заңдылығымен емес, әкімшілік мәжбүрлеумен шешуді жөн деп тапты.

Несие беруде жауапкершілікті толық түсінбейтін банктер нашар несиелердің проблемасын шешу үшін тағы да үкіметтен қаржы алатыны анық. Соңғы мәліметтер бойынша, банк секторында уақыты өтіп кеткен несиенің көлемі жалпы берілген несиенің шамамен 13%-ын құраған. Соның ішінде Қазком, АТФ және Сбербанк тұтынушыларының борышкерлері қарыздарын қайтаруға асықпайтын көрінеді.

Банк секторының жаһандық ахуалына сараптама жасайтын Standard & Poor’s кей экономистердің қаржы дағдарысын жорамалдағанына қарамастан әлем бойынша биыл банк секторы тұрақты болатынын болжайды. Соның ішінде Қытай мен АҚШ-тың қаржы ұйымдары өрістерін кеңейтетінін де хабарлап отыр. Ал Ресей мен ТМД елдеріне келер болсақ, бұл аймақтағы банктердің бәріне ортақ екі проблеманы алға тартады. Бірі мемлекеттердің экономикалық өсімдерінің жеткілікті қарқынға іліне алмауы болса, екіншісі нашар кредиттердің басымдығы.

Ал Қазақстандағы банк секторы туралы агенттіктің баяндамасы былай дейді: "Біз үкіметке қатысы бар қаржы институттарына мемлекет тарапынан берілген көмекті саралап шықтық. Бірте-бірте мемлекеттің қолдауы азайып келеді. Дей тұрғанымен, ҚазАгро, Самұрық-Қазына және Бәйтерек маңызды мемлекеттік ұйымдар болып қала бермек және онда тікелей мемлекеттің араласуы бар. Жеке меншік банктерге берілген қаржылық көмек саладағы дағдарыстың алдын алушы фактор ретінде қала бермек".

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу