Халық өзіне тиесілі байлыққа қол жеткізе алмай тұр

2569

Қазақстанда жыртқыш балықтарды аулау басталды. Алайда азаматтар өзен-көлдерді әлдекімдер үлестіріп алып, қоршап қойғанына наразы. 

Халық өзіне тиесілі байлыққа қол жеткізе алмай тұр

Елімізде "Жануарлар дүниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы" бұйрығымен бекітілген тыйымдардың көбі уақытша жойылды.

Яғни ақсаха балық, нәлім, шаян, гамарус сияқты бірқатар су жануарларын қоспағанда, басқасын аулауға жол ашылыпты. Бұл халыққа қосымша табыс табудың көзі болып табылады. Осы жеңсік астың бағасы тек қымбаттап барады.

YouТube, әлеуметтік желілерде тәжірибе алмасқан, пікір бөліскен балықшылар жайын-сом, алабұға, шортан, көсерке-судак сияқты жыртқыш балықтар қазан айында жемді жақсы қабатынын айтады.

Содан ауы мен қармағын арқалап, балығы тайдай тулаған өзен-көлдерге аттанған балықшылар бұрынғы біраз дәстүрлі жолдың жабылып, су жағалауы темір қоршаумен айнала қоршалып тастағанын біліпті.

Қазіргі кезде Үкімет өзендер мен көлдерді аукционға салып, жекенің қолына белсенді түрде таратып жатқаны жасырын емес.

Негізі, заң бойынша өнеркәсіптік ауқымда емес, бір шелек балықпен шектелетін әуесқой аулаушыларды су қоймасын жалға алушылар тегін кіргізуге міндетті. Бірақ түз далада қандай заң жүрсін деп, олар ақша дәметеді. Бермесе, әрнені сылтауратып, әуреге салады екен.

Ақтөбе тұрғыны Аслан Есбек "АқтөбеЭнерго" жылу-электр орталығы ауданының артында, бұрынғы қайықтар станциясы болған жерде жылда балық аулаумен әуестенеді екен. Жылдағы дәстүрмен, құрал-сайманын жиып, үйреншікті орнына жетсе, жол жабылып қалыпты. Бұрын бұл жағалау тегін болатын.

"Жағалап жүрдік. Бүкіл жағалау аумағы қоршалыпты. Онда бұл енді жекеменшік иелігіндегі жер екені жазылып қойылған. Сұрастырдым, мені Елек өзенінен балық аулауға жібермеді. Дамыған елдердің бәрінде жағалау халықтың ортақ игілігі саналады. Ал бізде бұларға ел игілігін қоршап алуға құқықты кім берген? Неге қарапайым халықты жібермейді? Біздің референдумда қабылданған жаңа Ата заңымызға сәйкес, "Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі" деп жазылған ғой", – деп қапаланды Аслан.

Жергілікті халық бұрын ол жерде тегін шомылатын. Жаздан бастап әлдекімдер ақы жинай бастаған. Тұрғындардың айтуынша, ересек адам кіруі үшін 1 мың теңгеден төлеуі керек. Тапчандар 7 мың теңгеден. Бұл басқа пляждардан қымбат, "оның үстіне мында құм жоқ, батпақтап жүргенің".

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Елек өзенінде әуесқой балық аулауға шектеу қойылып жатқанына қатысты шағымдарды қарады.

Жалпы Су Кодексінің 16-бабы бойынша барлық су объектiлерi ортақ пайдаланудағы объектiлер болып табылады. Сондай-ақ оның 65-бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршауларды, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне тыйым салынады.

Кодекске сәйкес, экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ғана ортақ су пайдалануды шектеуге немесе оған тыйым салуға рұқсат етілген.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол: халықтың су қоймасына шомылуына, өзі үшін балық аулауына тосқауыл қоюға да, бөгесін жасауға да тыйым салынған.

Сондықтан тұрғындардың шағымына орай Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік инспекциясының мемлекеттік инспекторлары, Ақтөбе облысы бойынша Полиция департаментінің қызметкерлерін ертіп, Елек өзенінің бойын аралап қайтыпты.

"Сапар барысында аумақ метал қоршаумен қоршалып тасталғаны анықталды, яғни халықтың шағымы расталды. Бірақ Ақтөбе қаласының Жер қатынастары бөлімінің ақпаратынша, Елек өзенінің жағалауындағы сөз болып отырған жерде 1,5 гектар телімді жергілікті атқарушы орган "Болашақ" мектеп-балабақша жеке компаниясына 2023 жылғы 27 тамызға дейін пляж-жағажай ұйымдастыруға берген. Ал Балық аулау қағидаларының 20-бөліміне сәйкес, су айдындарының және учаскелерінің резервтік қорында әуесқойлық, спорттық балық аулау мақсатында бір балықшы бір шыққанда 5 килограммға дейін қандай да бір рұқсатсыз, ақысыз балық аулай алады. Ақтөбе қаласының сыртындағы Елек өзенінің аталған тұсы ешкімге бекітілмеген, яғни резервтік саналады", – деп түсіндірді экология министрлігі.

Ендеше балықшыларды жібермесе, онда уақытша қожайындардың асыра сілтегені.

Өкінішке қарай, бұл үшін салмақты жаза көзделмеген. Министрліктің дерегінше, Әкімшілік кодексінің 364-бабы бойынша егер жеке немесе заңды тұлға ортақ пайдаланудағы су объектілеріне халықтың кіруін шектеп, қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілерді орнатса, онда оған... ескерту жасалады. Егер оған пысқырмай, шектеуін ары қарай жалғастырса, жеке тұлғаларға – 2, шағын кәсiпкерлiкке – 7, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 17, iрi кәсiпкерлiк нысандарына небары 42 АЕК айыппұл салынады. Салыстырсақ, қалалық автобуста жол билетінің құнын төлемеген жолаушыларға 2 АЕК айыппұл салынады. Ал мында халықтың конституциялық құқығы аяқасты болса, ескертумен қоя береді.

Тиісінше, Ақтөбеде Балық шаруашылығы инспекциясы мен полицейлер ескерту жасаумен тыныпты. Инспекцияның хабарлауынша, "Болашақ" жеке мекемесінің басшысы заңды сақтау қажеттігі туралы талаппен танысты. Балық аулағысы келетін адамдарды кедергісіз кіргізу жайында түсініктеме жұмыстары жүргізілген көрінеді.

Ал қоршау жойылмайды.

"Арендатормен арада бекітілген жер учаскесін жалға алу келісімі аясында халықтан суға түскені үшін ақы алу қарастырылмаған. Кәсіпкер арендаға алған жер учаскесінің шекарасына қоршау орнатты. Бұл сол аумақты тазалықта сақтау, демалыс пен рекреация аймағын абаттандыру, жайлылықты арттыру, көлікке арналған тұрақ орнын ұйымдастыру үшін қажет. Ақтөбе қаласының Жер қатынастары бөлімі сөз болып отырған аумақта қоршаулар жер актісіне сәйкес орнатылғаны туралы хабардар етті. Жерді өз бетінше басып алу дерегі жоқ. Келісім аясында арендатор балық аулау үшін де ақы ала алмайды. Тұрғындарды өзенге жібермеуге арендатордың құқығы жоқ", – деп сендірді қала әкімдігі мамандары.

Әкімдік тұрғындарға егер осындай кедергіге кездессе 102 нөміріне қоңырау шалып, құқық қорғау органдарына шағымдануға кеңес береді.

Жалғыз су қоймалары ғана емес, қазір әлдекімдер тұтас орманды қоршап алатынды шығарды.

"Шенеуніктер Президенттің тапсырмаларын да, жаңғыруларын да дискредитациялап, нұқсан келтіріп жатқан сияқты. Соны дәлелдейтін фактілерге күн сайын куә боламыз. Жергілікті жерлерде шенділер жергілікті құрылыс олигархтарын қолпаштап, тіпті олардың орман ішіндегі заңсыз құрылыстарын да қызғыш құстай қорғайды. Қазір қарпып қалуға асығады. Кейін орманда тұрғын үй салуға тыйым салынғанын кім еске алады? Келер ұрпақтың қамын ойлап отырған жоқ. Біздің Ақмола облысында, Щучинскіде мұндай деректерден аяқ басып жүре алмайсыз. Әкімдікке жүгінеміз, олар не жалтарады, не ақталады. Алайда жазаланған ешкім жоқ", – деді ақмолалық Расул Ғылман.

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев бұған өз блогында жауап берді.

"Заңсыз құрылысқа келсек, Щучинск қаласының Бас жоспарын Бурабай ауданының мәслихаты 2013 жылы бекіткен. Ал Қанай Би көшесіндегі "аққайың тоғайындағы" жер телімдерін қала әкімдігі одан бұрын, сонау 2006 жылы жеке тұлғаларға ұсыныпты. Яғни әкімдік жеке тұрғын үй салу үшін ол жерлерді аукцион арқылы сатып жіберген. Бұл жер учаскелері "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің де, "Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының" да шекараларынан тыс жатыр", – деп мәлім етті облыс әкімі.

Ол Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаментіне Бурабай ауданы әкімдігінің аталған жер учаскелерін ұсынуының заңдылығына тексеру жүргізуге тапсырма бергенін жеткізді.

Қалай болғанда, ауыл-аймақтағы мұндай тірліктер билікке еш бедел-ажар қоспайды. Мұның бәрі биыл референдумда халық құптаған "жер байлығы – халыққа тиесілі" деген маңызды қағиданы деградацияға ұшыратуы, мән-маңызын жоғалтып, көзбояушылыққа айналдыруы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу