Қазақстан такси қызметі саласында ресейлік өнімдерге тәуелді болып қалды. Мысалы, Астана тұрғындары, жалпы орталық және солтүстік Қазақстан жұртшылығы жолаушылар мен жүк тасымалында inDriver интернет-агрегаторының қызметіне жүгінсе, еліміздің ең ірі мегаполисінде "Яндекс.Такси" алпауытқа айналып, өз шарттарын жаппай таңды.
Ресми дерекке сәйкес, Алматы қаласының нарығындағы "Яндекс.Таксидің" үлесі 2020 жылы – 83,78%, 2021 жылы – 84,34% болыпты. Артып барады. Астана қаласында да үлесі қомақты: 2020 жылы – 60,7%, 2021 жылы 67,3%. Бұл туралы Inbusiness.kz хабарлаған болатын.
Қоғам мен бизнес өкілдері әділет пен араша іздеп, билік органдарына жүгінеді. Бірақ ресейлік "Яндекс" тобына тіпті қазақстандық Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тісі бататын емес. Себебі, алпауыт қадағалаушы органның аяқ-қолын сот шешімі арқылы байлап, матап тастайды. Бұдан бұрын антимонополиялық агенттік "Яндекс.Такси" таксомоторлы агрегаторына қатысты антимонополиялық тергеуді бастаған болатын. Алайда енді сот процестеріне байланысты ол тергеуін тоқтатуға мәжбүр екенін жариялады.
Бұл ретте агенттік ресейлік компанияның қазақстандық құзырлы органға тиісті ақпарат беруден бас тартқанына шағымданды.
"Айта кету керек, "Яндекс.Такси" сервистің қызметі туралы ақпарат беруден жалтарып, талдау жүргізуге кедергі келтірді, бұл сот талқылауларының нәтижелері бойынша расталды. Қазіргі уақытта монополияға қарсы орган 2022 жылға арналған тауар нарығына тағы талдау жүргізуде, алайда "Яндекс.Такси" қайтадан уәкілетті органның заңды талаптарын орындаудан жалтарып, қажетті ақпаратты бермей келеді. Бұл агрегатордың монополияға қарсы іс жүргізуді қасақана кешіктіріп жатқанын көрсетеді", – деп мәлім етті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Қазақстанның антимонополиялық агенттігінің айыптауларына "Яндекс Go" баспасөз қызметі жауап берді.
"Тергеуді созбалаңға салу туралы айыпты негізсіз деп санаймыз. Біздің компания сотқа талап-арыз берді: ақпарат сұратудың өзін заңсыз деп білеміз. Өйткені ол компанияға қатысты доғарылған алдыңғы тергеуді қайталайды. Бұған қоса, Алматы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті тарапынан бірқатар бұзушылықтарға жол берілген", – деп мәлімдеді компания.
"Яндекс Go" алдыңғы тергеуді даярлау және жүргізу аясында агенттіктен де, оның департаменттерінен де қаптаған ресми сұраулар алғанын растады.
"Сұратылған деректердің үлкен көлеміне және берілген мерзімнің тығыздығына қарамастан, біз бүкіл қажетті ақпаратты бағыттағанбыз. Тергеудің басталуын заңсыз деп есептейтінімізді атап өтеміз. Таяуда ғана сот біздің ұстанымымызды қолдап шықты және тексерілетін кезеңнің үлкен бір бөлігіне тексеру жүргізуді заңға қайшы деп таныды. Сондықтан өз ұстанымымызды жоғарғы инстанцияларда табанды қорғауды жалғастыратын боламыз", – деп нықтады "Яндекс Go" өз мәлімдемесінде.
"Яндекс Go" компанияның тарифтерді жасанды көтеруіне қатысты күдік негізінде тергеу жүргізуге соттың тыйым салып тастағанын еске салды.
Бірақ қазақстандықтар "Яндекс.Такси" бағасының шарықтап кеткеніне шағымдануын жалғастыруда.
Осының кесірінен көлік иелері мен жолаушылар бағаға келіспей, шәлкем-шалыс келіп қалған кездер болған. Өз кезегінде таксишілер қызмет ақысының қымбаттағанына өздерінің кінәсі жоқтығын алға тартып, азар да безер болады.
"Біз "Яндекс.Такси" басшылығына қатысты шара қолдануыңызды сұраймыз! Былтыр бағаларын күрт өсіргені үшін оған айыппұл салынды деген сөз шыққан. Алайда қыс келгелі оның бағалары тағы да ғарышқа шығандап кетті! IKomek109 арқылы шағым қалдырдым, бірақ әкімдік шара қабылдамақ түгіл, шағымымды қабылдаудан бас тартты. Не масқара? Халықты емес, шетелдік сервисті құрмет тұтқаны ма? Халыққа қолжетімді тасымалды қамтамасыз ете алмаса, биліктің не болғаны?!", – деп ашынады астаналық Бақытгүл Ысқақова Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігің төрағасы М.Омаровқа арызында.
Агенттік дерегінше, "Яндекс.Такси" комиссиясының мөлшері нарықтағы ең жоғарғысы саналады: қосылған құн салығын есептегенде, 17%-дан басталады. Оның сыртында жүргізушілерден серіктес такси парктері де 4%-дан басталатын өз комиссиясын жинайды.
"Көптеген қазақстандықтар такси қызметін көрсету арқылы нәпақасын айырып, отбасын асырап отыр. Бұл тұрғыда біз амалсыз, ресейлік агрегаторға тәуелдіміз, өйткені клиенттер такси керек бола қалса, бірден соның қосымшасын ашады. Біздің клиентті сұраған жеріне апарудан тапқан табысымыздың бүкіл сомасының 22,5%-ын "Яндекс.Такси" ұстап қалады. Тағы 5% соманы "Алға", "Астана такси" және басқа әлдебір делдал таксопарктер алады. Бұларға түк бітірмей, осынша комиссия ұстауға кім рұқсат беріп қойған? Қызметі қайда? Олар бізді гаражбен, көлік жуумен, жанар-жағармаймен, жөндеумен қамтамасыз етпейді. Еш қолдауын көріп отырған жоқпыз. Тіпті жол апатына тап болсақ да, көмек болмайды. Бұқара халықты қанап, арсыз түрде ақы жинап жатыр! Шара қабылдайтын, шектен шыққанның табанына тас қоятын мемлекет, құзырлы органдар қайда?", – дейді алматылық такси жүргізушісі Мақсат.
Ол сервистің Қазақстаннан кетуін тілемейді. Бірақ ең құрыса, байытып отырған Қазақстан халқын сыйлап, тарифін төмендетуін сұрайды. Антимонополиялық органның өзіне азуын көрсеткен алпауыттың қарапайым халықтың тілегіне құлақ аса қоюы неғайбыл.