2021 жылдың Ұлттық санағын жүргізу жұмыстарына 32 мыңнан аса адам тартылмақ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, оның көпшілігі интервьюер қызметін атқарып, үйлерді аралайды. Бұларды тану қиын емес көрінеді: әрбір қызметкер төл қызметтік куәлігін көрсетеді, онда оның фотосуреті, аты-жөні, куәліктің берілген уақыты мен жарамдылық мерзімі, сондай-ақ аумақтық статистика бөлімшесінің қолы мен мөрі болады. Барлық санақшының көк түсті, халық санағының белгісі бейнеленген мойынорағашы мен портфелі болады.
"Бұл санақта қанша қаражат жымқыру жоспарланған?"
Дәл осы сұхбаттасушылар халықты санаққа қарсы қойып алуы ғажап емес. Билікке хат жазған азаматтар әрбір санақшының мемлекеттік тілді таза білуін талап етуде. Әйтпесе, үйден дүркірете қуып шықпақ.
"Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ! Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетіпті. Статистика бюросы оны "асқан жоғары дәлдікпен" анықтапты. Оған сену-сенбеу әркімнің жеке шаруасы. Мені толғандыратыны мына мәселе: 2009 жылғы санақ науқанында мемлекет бөлген қаржының 70%-ы талан-таражға салынды. Санақ науқанының басшысы, ана тілінен жұрдай мәңгүрт Анар Мешимбаева кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. 2018 жылы бостандыққа шықты", – деп еске салады қоғам белсендісі, кәсіпкер Азат Қонысбек.
Ол осыны айта келе, "қазіргі заманда Қазақстанға санақтың керегі қанша?" деген сұрақты төтесінен қойды.
"Егер Ұлттық статистика бюросы күніне қанша адам туып, қанша адам өмірден өтетінін, қанша адамның елімізге келіп-кететінін "асқан жоғары дәлдікпен" анықтай алса, 2021 жылғы санақ науқанының керегі бар ма? Не үшін бостан-босқа ақша шығарамыз? Тағы бір сауал: 2021 жылғы санақ науқанында қанша қаражат жымқырылуы мүмкін деп болжануда? Келесі мәселе: 2009 жылғы санақ барысында менің үйіме жаратылысы қазақ, жан дүниесі мәңгүрт екі адам келді. Мемлекеттік тілде екі сөздің басын қоса алмады. Қазақ тілінде сөйлеуді талап етіп зекігенімде, екеуі де тұра қашты. Содан ешкім келмеді. Менің отбасым санаққа ілінбеді. Осы жылы да санақшы Ресей тілінде сайраса, қуып шығамын. Санаққа ілінбей қалсам да, мейлі!" – деді Азат Қонысбек.
Ұлтжанды азамат осы сауалдарын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловке жолдаған екен. Бірақ ведомство басшысы тілге қатысты сауалдарға жауап беруден тайсақтағанға ұқсайды. Бәлкім, "санақшылардың бәрі мемлекеттік тілді жетік біледі" деген кепілдігі жоқ.
Сұрақтарға Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы Әсем Алдаңғарқызы жауап қатты. Ол "биылғы санақтың ақшасын да ұрлау керек" деген жоспар жоқ екенін білдірді.
"Қазақстанда ұлттық халық санағы 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазан аралығында жүреді. Соның ішінде 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта – онлайн санақ жүзеге асырылады. Ал 1–30 қазан аралығында үй-үйді аралап, жаппай сауал салу жоспарланған. Бірінші әдіс бойынша қазақстандықтар sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыра алады. Сайт тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді. Бұл ретте eGov.kz электрондық үкімет сайтының басты бетінде sanaq.gov.kz сайтына сілтеме бар, сол арқылы өтуге де болады", – деді меморган өкілі.
Бұдан бөлек, респонденттерге халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептерде және басқа да мемұйымдарда орналасатын, арнайы ұйымдастырылған нұсқаушылық учаскелерде санақтан өтуіне болады.
"Посткеңестік кеңістіктегі ең арзан санақ"
Дегенмен, ең үлкен дау-мәселе екінші, дәстүрлі әдістің айналасында өрбуі мүмкін.
Әсем Алдаңғарқызының хабарлауынша, осы санаққа 2018 жылдан бастап, 2023 жылға дейін ел бюджетінен 9,1 миллиард теңге бөлінбек.
Соның ішінде 27 412 планшет сатып алуға – 1 млрд 85,6 млн теңге, штаттан тыс қызметкерлердің еңбегіне, санақ персоналының қызметіне ақы төлеуге – 4,7 миллиард теңге жұмсалады.
Сондай-ақ халық санағының логотипі бар 30 255 дана шарфтар мен портфельдер сатып алуға – 56,8 миллион теңге, бағдарламалық қамтылымды әзірлеуге, серверлік және коммуникациялық жабдықтарға – 932,6 миллион теңге бағытталмақ.
Сонымен қатар, 139 автокөлікке – 475,4 миллион теңге, компьютерлер мен ұйымдық техникаға – 213,3 миллион теңге, жиһаз және кеңсе тауарларына – 100,6 миллион теңге, шығындалады.
Бұған қоса, картографиялық материалдарды көбейту – 44,1 миллион теңгеге, санақ құралдарын тираждау – 35 миллион теңгеге, іссапар шығыстары – 20 миллион теңгеге, жанар-жағар май – 16,9 миллион теңгеге, байланыс қызметтері – 1,9 млн теңгеге, телефон аппараттарын сатып алу – 946,9 мың теңгеге, үй-жайларды жалдау – 122,7 мың теңгеге, көлікті жалға алу – 3 млн 382,9 мың теңгеге түседі.
Санақты жарнамалауға, роликтерге 7 миллион теңге төленеді.
Ведомствоның баспасөз хатшысы 2021 жылғы халық санағын жүргізу кезінде бір қазақстандыққа жұмсалатын шығын 1,1 долларды құрайтынына назар аудартты. Әйтпесе, 2009 жылғы санақ кезіндегі шығындар 2,9 долларға жетіпті.
"Халық санағы шығындарының төмендеуі цифрлық технологияларды енгізумен және санақ бойынша деректерді жинау процесін автоматтандырумен байланысты. Көрші елдермен салыстырғанда, Қазақстанда 1 адамға шаққандағы халық санағының құны әлдеқайда төмен: Қырғызстанда – 1,2, Әзірбайжанда – 1,44, Ресейде – 3,6 долларды құрайды. Бюджеттен халық санағын өткізу бағдарламасына бөлінген қаражатты Қаржы министрлігі жұмсайды: мемлекеттік сатып алуды сол ұйымдастырады", – деді Әсем Алдаңғарқызы.
Үйреншікті ескі үлгідегі соңғы санақ
Біраз қазақстандықтың санаққа деген көзқарасы теріс екенін байқауға болады. Әлеуметтік желіде пікір білдіргендер оны пайдасыз, мәнсіз, қажетсіз іс-шара, ел қаржысын босқа шашу, барлық ақпарат цифрландырылған заманда ескірген тәсіл үшін ондаған мың адами ресурсты текке рәсуалау деп санайды.
Бұл пікірмен статорган келіспейді.
"Алдағы санақтың құндылығы сол, оның арқасында Қазақстан халқының тек саны бойынша нақты ахуал ғана белгілі болмайды, сонымен бірге демографиялық және әлеуметтік-экономикалық ақпараттың кең ауқымына қол жеткізіледі. Халықтың жыныстық, жас құрылымын, отбасы құрылымын, неке жағдайын және басқасын бағалау үшін бастапқы база қалыптасады. Қазіргі уақытта мекенжай тіркелімі, eGov деректер қоры және басқа қолда бар мемлекеттік тіркелім жүйелері халық туралы толық мәліметті бермейді, алдағы санақ осы ақпараттарды толықтыруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросы.
Қалай болғанда, осы жалпыұлттық сауалнама барысында билік қазақстандықтарға 91 (69 негізгі және 22 нақтылаушы) сұрақ қойып, жағдайын білмек ниетте.
2009 жылғы санақ сауалдарынан айырмашылығы сол, 2021 жылғы санақ парақтарына дәстүрлі көрсеткіштермен қатар жаңа сұрақтар енгізілді. Нақтылай кетсек, сол арқылы билік азаматтың тұрмыс-тіршіліктегі шектеулерін (көру, есту, жүру, есте сақтау, назарды шоғырландыру қиындықтары), пандемияның табысына әсерін, COVID-19 індетімен ауырған-ауырмағанын және оған қарсы вакцинация салғызған-салғызбағанын, Қазақстаннан көшіп кету туралы жоспарын, басы бос болса, некеге тұруға ынталы не ынтасыздығын анықтамақ.
Ұлттық статорган "келесі санақты интервьюерлерді жұмысқа тартпай тіркелім жүйелері арқылы өткізуге" болады деген мәлімет берді.
Демек, биылғы санақ – үйді аралап, сұрау салынатын соңғы санақ болғалы тұрғандай.
Жанат Ардақ