Халық санына қатысты көңілсіз болжам жарияланды

13923

Жер ғаламшары тұрғындарының саны ешқашан 11 миллиардқа жетпеуі мүмкін.

Халық санына қатысты көңілсіз болжам жарияланды

Біріккен ұлттар ұйымы адамзат тарихындағы маңызды белес таяп келе жатқанын жариялады. Шамалы уақыттан соң планетамыздағы халық саны 8 миллиардқа жетпек. БҰҰ бұл тарихи оқиға 2022 жылғы 15 қарашада болады деп белгіледі.

Әрине жаһандық ұйым бұл датаны шамалап айтып отыр. Әлем 8 миллиардтық межеден бұдан сәл бұрын, не біршама кейін өтуі мүмкін. ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­Өйткені төрткүл дүниенің әр бұрышында халқының нақты санағын жүргізбейтін елдер жетерлік.

Халықаралық демографтардың болжамдары өзара өзгешеленеді, әрқайсысы өз жорамалдарында түрлі әдіс-тәсілдерді басшылыққа алады. Мысалы, БҰҰ сарапшылары өз зерттеуінде әрбір мемлекеттегі азаматтардың, әсіресе әйелдердің білім деңгейін назарға алады. Себебі білімді айымдар баланы аз туады, екі-үш перзентпен шектелуі мүмкін немесе мүлдем сәби сүюден бас тартуы ықтимал. Сондай-ақ болжам құрғанда, әр елдегі әйелдердің денсаулық ахуалы да маңызды көрінеді.

Дегенмен көптеген ғалымдардың ойлары бір арнада тоғысады. Болашақта адамзат демографиялық шыңырауға құлап, планета тұрғындарының өсімі құлдырайды.

Жалпы қазірдің өзінде адамзаттың өсімі баяулай бастағаны байқалады.

The Wall Street Journal сарапшысы Джош Зумбрунның жазуынша, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаһандық демографиялық дүмпу болып, нәтижесінде 1960-шы жылдары Жер тұрғындарының саны алғаш рет 3 миллиардтан асты. Содан кейін халықаралық қауымдастыққа келесі жаңа миллиардтың табалдырығынан аттау үшін он жылдан сәл ғана асатын уақыт қажет болды.

Осыған байланысты адам баласы лезде құжынап шыға келетіндей, 10, тіпті 20 миллиардық асуды асыға алып, жер бетін тез-ақ толтырып тастайтындай пікір қалыптасты.

Әйткенмен енді БҰҰ, сондай-ақ АҚШ Халық санағы бюросы (U.S. Census Bureau) басқаша тұжырым жасап отыр. Егер бұрынғы қарқын сақталғанда биыл планетамызды мекен етуші пенделердің саны 8 емес, 9 миллиардтан асатын еді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш бұл демографиялық өзгерістерді 2030 жылға дейінгі жаһандық Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал ететін мегатренд деп атады.

БҰҰ Халық қоныстандыру саласындағы қорының (ЮНЕПА) экономика және демография жөніндегі аға кеңесшісі Майкл Херрманның мәліметінше, ғасыр соңында, 2092 жылға қарай адамзат саны қазіргі көлемінен 2,5 миллиардқа өсуі мүмкін. Алайда содан кейін төмен құлдырап, азая береді деп болжанып отыр. Себебі жаһанда қарттар үлесі көп болады, олар тумайтыны белгілі.

Ғалымдардың пайымдауынша, Жер шары халқының саны 10 миллиардқа жетсе де, ол межесінде тұрақтап қала алмауы мүмкін.

"1994 жылы халықтардың тез өсуіне алаңдаған әлемдік лидерлер Мысыр астанасы Каирде Халықты қоныстандыру және даму халықаралық конференциясы саммитіне жиналды. Ал бүгінде керісінше әлемнің барлық өңірінде өмір сүру ұзақтығының өсуі және бала туу коэффициентінің құлдырауы үрдісі белең алуда. Барлық дерлік елде халық тез қартаюда. Бұл ретте халықтың өсімі негізінен кедей елдерде шоғырланған. 2019 жылы әлем елдерінің 40%-ында әр әйелге небары 2,1 баладан келсе, 2021 жылы бұл үлес 60%-ға дейін өсіп шыға келді. Бірақ Батыс Еуропа елдері эмиграцияның, босқындардың көмегімен халықтың тез қысқаруынан құтылды", – дейді Майкл Херрманн.

Қазақстан Үкіметі де халық санын арттыруға ден қойды. Өйткені бұл елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін маңызды екен.

Сондай-ақ сарапшылардың түсіндіруінше, халықтың азаюы және қартаюы жұмыс күшінің жаппай тапшылығына соқтырады. Салдарынан экономикалық белсенді тұрғындар саны азаяды, экономиканың өнімділігі кемиді, экономикалық өсім мен даму баяулайды. Мемлекетте мәдени, этникалық өзгерістер жүруі мүмкін.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылғы 1 шілдеде Қазақстан халқының саны 19 млн 246,3 мың адамға жетті. Яғни 20 миллиондық межеге қол созым жер қалғандай. 2021 жылғы 1 шілдемен салыстырғанда халық саны 236,7 мың адамға немесе 1,2 пайызға өсті.

Қазіргі кезде Қазақстан жас халықтардың бірі саналады: халық құрамында жастар үлесі жоғары. Бірақ Ұлттық статбюро мамандарының пайымдауынша, республикада қартаю көрсеткіші артып келеді.

"2021 жылы Қазақстан өңірлерінде халықтың қартаю индексі 26,6 құрады. Бұл 15 жасқа дейінгі әрбір 100 балаға елімізде 65 жастан асқан 26,6 азаматтан келеді деген сөз. Бес жыл бұрын, 2017 жылы бұл көрсеткіш 25,9 деңгейінде ғана болған. Ауылмен салыстырғанда Қазақстанның қалалық жерлеріндегі қартаю көрсеткіштері жоғары – 28,7 адамнан. Әйтсе де оның алдында, 2019-2020 жылдардағы қалалық бұл индекс 29,1 деңгейінде бағаланған болатын. Өңірлер арасында ең жоғары қартаю көрсеткіші СҚО-да – 66,5. Ең жас қала Шымкент болып шықты, онда 100 балаға шаққанда 65 жастан асқан 14,3 адамнан ғана келеді. Елорда халқы да салыстырмалы түрде алғанда жас. Нұр-Сұлтан индексі 17,3 құрады", – деп хабарлады статорган.

Ауыл тұрғындары арасындағы қартаю индексі қалалық көрсеткіштен аз. Әр жүз балаға 23,9 қариядан келеді. Бес жыл ішіндегі көрсеткіш шамалы өзгерген. 2017 жылы 100 балаға 22,4 қарттан келген.

Әдетте, соғыстан, ашаршылықтан не басқа нәубет-зұлматтардан соң демографиялық өрлеу басталады. Осыған орай демографтар дүниежүзінде 6 млн 457 мыңнан астам адамның өмірін жалмаған коронавирус пандемиясынан кейін сәбилердің көп туылуын күткен. Алайда ол болмады.

Қазақстанда да соңғы төрт жыл бойы жүрген демографиялық дүмпу аяқталуға жақын қалғанға ұқсайды. Шынында, биыл бала туу көрсеткіші күрт төмендеп отыр. АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтар-маусымда 198,1 мың нәресте ғана дүние есігін ашқаны анықталды. Бұл 2021 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 8,4% аз, былтырғы жартыжылдықта 216,2 мың бөбек өмірге келген.

2022 жылғы қаңтар-маусымда республикада 1 жасқа дейінгі 1 649 нәресте шетінеп кетті. 2021 жылғы тиісті кезеңнен (1 688 нәресте шетінеген) сәбилердің өлім-жітімі 2,3% кеміді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 8,32 оқиғаны құрады.

Демограф Ғалымжан Оразбеков басты орында халықтың өмір сапасын арттыру тұруға тиіс деген пікірде. Яғни, мемлекет ең алдымен дәл қазір Қазақстанда өмір сүріп жатқан адамдардың қамын ойлауы шарт.

"Әйтпесе денсаулық сақтау саласы ақсап жатса, әлеуметтік ахуал нашар болса, жастарға барлық жағдай жасалмаса, демократия болмаса, алтын құрсақ аналарымыз қанша бала туса да, олар не ерте өмірден өтеді, не шетелге кетеді. Көші-қон қызметінің мәліметінше, биылғы қаңтар-маусымда елімізге тұрғылықты тұруға 7 287 адам келді, ал елден 12 344 адам кеткен, бұл – тіркеуден шығып, түпкілікті кеткендері ғана. Қаншама адам Түркияға, көрші елдерге еш тіркеуден шықпай көшіп кетуде. Соның өзінде келгендер мен кеткендер арасында ресми көші-қон айырымы теріс және 5 мың адамнан асты", – дейді демограф.

Ол Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сілтеме жасап, 2022 жылы жер-жаһанда төтенше қайыршылық жағдайда өмір сүріп жатқан адамдардың ширек миллиардқа күрт көбейетіні болжанып отырғанын жеткізді. Сонда дүниежүзінде аш-жалаңаш, жоқшылықта өмір сүріп жатқан тақыр кедей адамдар саны 860 миллион адамнан асып жығылмақ. Мұндай жандар Қазақстанда да жетерлік. Сақтандыру енгізіліп, денсаулық сақтау жүйесінің ақылы болуы салдарынан бірнеше миллион қазақстандық сапалы медкөмекке қол жеткізе алмауда. Сарапшының айтуынша, мысалы, Қазақстанда тістері шіріп кеткен, тісжегі басқан адамдар саны көбейді. Мемлекет медсақтандырылмағандарға тек тісін тегін жұлып тастау қызметін көрсетеді. Оның орнына имплант салынбайды. Осылайша, Қазақстан тісі жоқ жандар еліне айналып барады.

Миллиондаған қазақстандыққа сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру, лайықты жұмыс қолжетімсіз. Еңбекминінің ресми мәліметінше, жыл сайын кем дегенде 300 мың жас еңбек нарығына жаңадан қосылады. Оның бәріне жұмыс орны қайда? Білімге жауапты шенеуніктердің аймақтардағы шағын университеттерге қырғидай тиіп, жаппай жабуы, ірі университеттердің оқу ақысын көтеруі салдарынан жоғарғы білім де қолжетімсіз болып қалды. Ендеше мемлекет демографиялық өсімге ғана көңіл бөлмей, қазіргі бар халыққа барынша жағдай жасауға, олардың қолын дамыған елдерге тән игіліктерге жеткізуге баса мән бергені абзал.

Ал азшылық болса да сапалы халық алпауыттарға қарсы тұра алатынын 1939-1940 жылдардағы Кеңес одағы мен Финляндия арасындағы соғыс паш етті. 41 миллион ғана халқы бар Украинаның 145,1 млн тұрғыны бар Ресейге тосқауыл бола алуы қазіргі заманда ұрыстың тағдырын бірінші кезекте отаншылдық, жауынгерлік жоғарғы даярлық пен заманауи қару-жарақ шешетінінің бір көрінісіне айналды.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу