Халықаралық қаржы маманы 2021 жылға болжам жасады

4679

Ғалымдар аймақтың тұрақты дамуы мен COVID-19 індетінің сын-қатерлерін талқыға салуда. 

Халықаралық қаржы маманы 2021 жылға болжам жасады

Назарбаев университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде (GSPP)  өтіп жатқан "Орталық Азиядағы тұрақты даму мақсаттары және COVID-19 сын-тегеуіріндері" (GSPPCONF2020) атты конференцияда Орталық Азиядағы климат, қоршаған орта, су қауіпсіздігі, COVID-19 індеті және денсаулық сақтауды басқару, кедейлікті азайту мен экономикалық даму, саясат, мемлекеттік басқару, реформалар және табиғи ресурстарға қатысты мәселелер қозғалды.

Конференцияда негізгі баяндама жасаған Ли Куан Ю атындағы Сингапур Ұлттық университетінің Мемлекеттік саясат мектебінің профессоры, Азия Даму Банкінің тәуелсіз бағалауының бұрынғы бас директоры, доктор Винод Томас COVID-19 індетінің Орталық Азияға тигізген әсеріне тоқталып өтті.

"Еуропа мен Орталық Азиядағы өсім 2019 жылы 2,2% деңгейінде жарияланды, ал 2020 жылы құлдырау күтілді. COVID-19 індеті биылғы жылы қалпына келе бастаған экономиканы ақпан айында тоқтатты. Шикізат бағасы арзандап, денсаулық сақтау жүйесіне зор жүктеме түсті. Пандемия күнделікті іс-әрекетке кері әсер етіп, жеткізілім тізбегін бұзды, саяхат пен туризм азайды, экспортты төмендетті, сондай-ақ, әсіресе, әлеуметтік осал топтарға айтарлықтай зиянын тигізді. Бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесіне қаржы салу қажет, әлеуметтік қауіпсіздік желісін нығайтып, қысқа мерзімді несиелер беру керек. Сонымен қатар азаматтарға салықтық жеңілдіктер немесе субсидиялар ұсынып, пайыздық мөлшерлемені төмендету керек", – деді доктор Винод Томас.

Профессор сөзінде ауылдар мен қалаларды дамыту, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету саласы, жоспарлау мен нарық және мемлекеттік институттар мәселесіне де тоқталып өтті. Доктор Винод Томас сонымен қатар аймақтағы тұрақты дамудың 2021 жылға жасаған болжамымен бөлісті. Оның айтуынша, Орталық Азияда өсім 3,1%-ды құрауы мүмкін.

"2021 жылы өсімнің қалпына келуі пандемияға байланысты болады. Менің ойымша, Орталық Азияда өсім 3,1% болуы мүмкін. Денсаулық сақтау саласы мен пандемия салдарынан туындаған экономикалық дағдарысқа басты басымдық беріледі. Еңбек өнімділігінің соңғы он жыл ішінде күрт төмендеуі мәселесін шешіп, құрылымдық реформаларға назар аудару қажет. Білім беру, денсаулық сақтау және қауіпсіздік желісіне инвестицияларды көбейту керек. Қоршаған ортаға инвестиция салып, климатқа төзімділікті жақсарту жолдарын қарастырған жөн", – деп кеңес берді халықаралық қаржы маманы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу