Халықаралық келісім кепілінің қауқары қандай?

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3723

Ресейдің қазіргі саясаты БҰҰ мақсатымен үйлеспейді.

Халықаралық келісім кепілінің қауқары қандай?

Ресей президенті Владимир Путиннің Украина құрамындағы Қырым автономиялық республикасын Ресей Федерациясына қосу туралы заңға қол қойып, Қырымды аннексиялау құжатының бір-ақ күнде бекітілуі халықаралық келісімнен абырой мен күш тая бастағанын көрсеткендей болды.

Өткен жылы 13-ші наурызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде Украина премьер-министрі Арсений Яценюк Ресейдің әскери басқыншылығына тап болғанын атап көрсетті.

"Бұл басқыншылықтың  ешқандай себебі мен алғышарты жоқ. ХХІ ғасырда кез келген шиеленісті танкімен, зеңбірекпен және армиямен шешу мүмкін емес. Біз БҰҰ Жарлығының 2-ші бабына ешкім, ешуақытта шүбә келтірмейтіне сенімді едік. Онда "БҰҰ мүшелерсінің барлығы халықаралық қарым-қатынас кезінде кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығына қол сұғудан және  сая­си тәуелсіздігіне нұқсан келтіруден бас тартуы керек" делінген. Ресейдің қазіргі саясаты Біріккен ұлттар ұйымының мақсатымен үйлеспейді", – деді Украина премьер-министрі Арсений Яценюк.

Бұдан кейін ол Қырымдағы әскерді шығару бастамасын көтеріп, Ресей басшысын келіссөзге шақырды. Украина премьер-министрінің ұсынысын әлем қауымдастығы, оның ішінде АҚШ, Германия қолдады. Алайда орыс басшысы мәселені "ақылға" салуға көнбеді.

Кепілдік Украинаға да берілген

1994 жылы Будапештте қол қойылған келісімге сәйкес, АҚШ, Англия және Ресей Қазақстанның ядролық қарусыз ел болуына орай оның саяси дербестігіне, меншіктік құқына, сонымен қатар шегенделген шекарасына құрмет көрсететінін, қарулы күшпен аумақтың  тұтастығына  қауіп төндірмейтінін растаған. Келісімге 1995 жылы Қытай мен Франция да қол қойған. Осылайша Қазақстан саяси тұтастығына кепіл болатын халықаралық құжатты бекітіп алған.

Аталмыш құжат қазіргі бейбіт өмірімізге кепіл бола ала ма? Бұл үлкен сұрақ. Себебі мұндай құжат пен келісім кезінде Украинаға да берілген болатын.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың сөзінше, Қырымға қатысты мәселе туған кезде Ресей сертінен тайып, уәдесін ұмытқан. Осылайша орыстар БҰҰ жарғысын, ЕҚЫҰ Кеңесінің  жарғысын, 1975 жылғы Хельсинки келісімін, 1997 жылғы Украина-Ресей екіжақты келісімшартын және Қара теңіз флотын жалға алу келісімін бұзған. 

"Аталған халықаралық келісімдер мен құжаттардың барлығы Ресейдің алдына көлденең тартылды. Алайда Ресей билігі барлық уәжді теріске шығарып: "Украинаның ол кездегі үкіметі басқа болды, біз бүгінгі үкіметімен келісім жасаған жоқпыз", – деді. Ал бізде 1991 жылдан бері бір үкімет...", – дейді Досым Сәтпаев.

Экономикалық және әскери тұрғыдан алғанда Қазақстан әлемдік саясатқа ықпал ететін елдердің қатарында емес. Досым Сәтпаевтың айтуынша, АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропа елдері біздің мықты ел болғанымызды қаламайды. Олардың  бірі Қазақстанды бай қазынаның қарауылы деп білсе, екіншісі мол байлықтың көзі деп таниды.

"Біз әскери немесе басқа мүмкіндігімізге емес, ШЫҰ, АӨСШК сынды аймақтық ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы уағдаластыққа және Будапешт келісімі тәрізді келісімге үміт артуымыз керек", – дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының сөзінше, Таяу Шығыстағы ғана емес, ТМД елдеріндегі  жағдайға қарап халықаралық келісімнің кепілі мәңгі деп айта алмаймыз. "Кепілдік мерзімін бірер жыл деп қарастыру керек. Мәселе оның ғұмыры 1 немесе 10 жылға созылатынында емес, сыртқы саясаттағы басым бағыттардың қайта қаралуында. Біз көпбағытты саясаттан бас тартсақ, теңгермелі бағытымыздан адасып қаламыз", – дейді саясаттанушы.

Осыдан соң ол саясаттанушылардың талқысына ұсыныс тастады. "Мен саясаттанушы ретінде халықаралық келісімшарт  кепілдігін қайта қараумен шектелмей, жергілікті немесе жаһандық қақтығыс кезінде бейтарап саясат ұстанатын, сонымен қатар басқа елдермен, тіпті соғыс жағдайында тұрған елмен байланысқа шыға алатын тарапқа мүмкіндік беру қажеттігін ұсынамын және осы арқылы арағайындық жасауды қолдаймын",  –  деді Досым Сәтпаев.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, кез келген мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты солқылдақ болса, елді сырттан басқару оңай болады. Осының алдын алу үшін билік тұрақты демократиялық мемлекет құру жолында жанталасуы керек. "Бұлай болмаса еліміз геосаяси ойындардың алаңына айналып кетуі мүмкін", – дейді Әзімбай Ғали.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу