"Халықтың мобильдік аударымдарын аңдығанша, офшордағы шоттарды қайтарыңыздар"

7968

Мәжіліс депутаты Қаржы министрлігінің бастамасын сынады.

 "Халықтың мобильдік аударымдарын аңдығанша, офшордағы шоттарды қайтарыңыздар"

Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Қаржы министрлігіне онлайн аударымдардан салық ұстау идеясы бойынша сауал жолдады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Депутаттық сауалым Қаржы министріне бағытталған. Үкімет пен сіздің министрліктің ресми тұлғаларының аузымен азаматтар арасындағы мобильдік аударымдарға салық енгізу туралы мәлімдемелер айтылып жүр. Бұл шара табыс салығынан жалтарушы кәсіпкерлерді әшкерелеу ретінде сипатталады. Біз кәсіпкерлер салық төлеу керектігін жоққа шығармаймыз. Бірақ бұл жолы да шенеуніктер бір бастың сақинасын сау басқа аудармақшы. Алаяқтарды бір-бірлеп аулаудың орнына жалпақ жұртты міндеттеу арқылы жол тауып кеткісі келеді. Адал кәсіпкерлерді де, алаяқтарын да бір тезге салмақшы. Халық та, алып-сатушылар да шенеуніктердің сөзіне сеніп отырған жоқ. Аударымның қайсысы бизнес-төлем, қайсысы ағайындар арасындағы ақша алмасу екенін қалай анықтайтыны шенеуніктердің өздеріне ғана түсінікті. Соңғы 30 жылда салық саласындағы тәуекелдерді бағалау қалай іске асқанын бәріміз көріп жүрміз. Иелігінде жоқ көлік пен жылжымайтын мүлік үшін салық пен айыппұл арқалаған азаматтардың мысалы осыған дәлел. Баяғыда төлеп тастаған салық қарызы үшін шетелге шыға алмай жүрген азаматтар бар. Қарапайым халық салық өкілдерінің қателіктерін түзетіп, адал екендерін дәлелдеу үшін жүйкесі мен уақытын шығындап жүр. 
2019 жылы Мәжіліс салық өкілдері жеке тұлғаларға 700 млн теңге негізсіз салық қарызын есептегенін анықтады. Оған 7 млрд теңге айыппұлдар мен өсімпұлдар қосылған. Пандемия біздегі цифрландыру қандай деңгейде екенін көрсетті. Бізге сеніңіз, сіздің ведомствода да жағдай кісі қызығатындай деңгейде емес. Банк карталары мен электронды әмияндарды бұғаттау арқылы тұтас бақылау жүргізу қаржы секторының цифрлануын шектейді. Кесірінен бөлшек сауда өкілдері электронды төлемнен бас тартып, қолма-қол ақшаға ауысады. Қазір шағын және орта бизнестің қаржы айналымы апаттық жағдайда тұр. Сіздер ұсынған шара сол жағдайды одан әрі ушықтырады. Әсіресе халыққа қызмет көрсету саласы зардап шегеді", - деді депутат.

Мақсат Раманқұлов Қаржы министріне шетелдегі офшорларға неге осылай шүйлікпейсіздер деген сауал тастады.

"Егер салық органдары шынымен алаяқтарды ауыздықтап, бюджетті толтырғысы келсе, адал еңбегімен ақша тауып жүргендердің арасынан іздемей-ақ қойсын. Одан да жемқорларды ұстап, офшорлық шоттарда жатқан, халықтан ұрланған қаражатты қайтарсын. Осы идеяның авторларының қисынына таңымыз бар. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті салықтардан босатады. Ал бұлар пандемиядан әрең шыққан кәсіпкерлерді алқымнан алмақшы. Бұл тәсіл қарапайым адамдар үшін де әділетсіз. Салық табысқа салынуы керек. Ал азаматтардың картасында не айлығы немесе кредиті жатады. Еңбекақыдан онсыз да салық ұсталады. Ал кредитті банкке төлеу керек. Осыдан екі жыл бұрын осы идеяларыңыз қалай сәтсіздікке ұшырағанын есіңізге салайын. Жаңа салықтың пайда болуы кәсіпкерді тауар мен қызметтің бағасын көтеруге итермелейді. Яғни, салық өкілдерінің бұл шара қарапайым халықтың тұрмысына әсер етпейді деген сөзі өтірік. Кез келген салық экономикалық тұрғыда негізделген болуы керек. Төлем картасынан жасалатын онлайн аударымдарға салық салу туралы жоспарларыңызды ресми түрде түсіндіріп, ұғынықты тілмен есеп-болжамдарыңызды жариялауды сұраймыз", - деп түйіндеді Мәжіліс өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу