"Тышқанның үстінен бас та 50 мың алмаз тасын ал! Сосын оны телеграмм арқылы ақшаға айналдыр да тез арада миллионер атан!" деп жарнамаланып жатқан Hamster Kombat ойыны біздің елге де қауіп төндіре бастады.
Әсіресе, жазғы демалыста жасөспірімдердің көптеп ойнап жатқаны сонша, дүниежүзі бойынша бұл ойынның құрсауына 150 миллионнан астам адам түскен. Атақты ойынға психологтар адамарды лудоманияға жеткізетін "тышқан ауруы" деген атау берді.
Бұл вирус ойынға бір рет шалдыққан адам осы өмір мен ойын ішіндегі жасанды өмірді шатастырып, криптовалютаны ақшаға айналдырамыз деп өмірден баз кешіп кететін көрінеді. Тіпті, TikTok, Instagram арқылы жарнамаланып жатқан ойынды ютуб желісінде қазақша түсіндіріп беретін контенттер де көптеп салынған. Қарапайым тышқаннан Лорд тышқанға айналу үшін оның үстінен миллион мәрте баса беретін тек жасөспірімдер ғана емес, әйелдер мен зейнеткерлер де бар болып шықты.
Осыған дабыл қаққан Өзбекстан елі Hamster Kombat-ты ойнағандарды түрмеге тоғытайын деп жатыр. Ал Ресейде осы ойынды ойнаған балалар ауруханаға түсіп жатыр.
Ал лудоманияға шалдыққан жандармен үнемі жұмыс жүргізетін психолог Лимана Құттыбекқызының айтуынша бұл елге төнген психологиялық қауіп. Оған заң жүзінде тиым салмаса, ұрпақты аздыруы мүмкін дейді ол.
"Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы "Hamster Kombat" деген ойыны кең тарап жатыр. Ол Ресей, Өзбекстан арқылы Қазақстанға да келіп жетті. Ойл Х-ті ашып қалсам, өздерінің парақшасында өздері монета жинаған ойындарын 100 мың теңгеден сатып жатыр. Бағасы тіпті 350 мың 450 мың деп қымбаттай береді екен.Бұл ойынды ересек ер азаматтар ғана емес, балалар да әйелдер де ойнап кетіпті. Тышқанның үстін басып отыру арқылы 150 млн теңгеге дейін ақша табуға болады. Ойнаған сайын осы тапқан алмаз монеталарыңды ақшаға айырбастай аласыңдар деп сендіреді. Ойынды танымал блогерлер жарнамалап жатқандықтан, бұл да бір пирамидаға ұқсап барады. Ойынның басындағылар табыс тапқанымен, соңындағылары ұтылатыны белгілі", – дейді Лимана Құттыбекқызы.
Психолог Лимана Құттыбекқызы ойынның психологиялық әсерін былай деп түсіндірді.
"Бұл нағыз ойынқұмарлыққа алып келеді. Тышқанның үстін баса беру арқылы үнемі бір сарынды ойын ойнай берсе адамның миы бір ғана тунельді көреді. Ол бір ғана қара сызық. "Тунельное мышление" дейміз психологияда. Ол психиканың ауытқуына әкеледі. Адам өзінің шынайы өмірде не жасап отырғанын білмей өмір сүру деңгейінен ауытқып қалады. Менің тәжірибемде Ақтөбе мен Оралдың жасөспірім балалары "тез байып кету идеясын" миларына құйып алғаны сонша, ата-аналары балаларын жоғалтып алып жатыр. Бала бір орында отырып қалады. Бірнеше телефон сатып алып, бірнеше нүктеден басу арқылы ойын құмарлыққа түсіп кететіні сонша, уақытында тамақ ішпей денсаулықтары сыр беріп жатыр. Орал мен Ақтөбе Ресейге жақын болғандықтан, сол жақтың ата-аналары маған балаларымызды ойынқұмарлықтан құтқаруға көмектесіңіз деп хабарласып жатыр. "Балам басқа әлемде жүрген сияқты" деп нәзік жандар дабыл қағып отыр", - дейді маман.
Психолог бұл ойыннан балалар мен әйелдерді, зейнеткерлерді арашалаудың бірнеше жолын ұсынды.
"Соңғы уақытта әйелдер мен зейнеткер апаларды да осы криптовалюта ойыны желілік сауда арқылы кіргізіп алыпты. "Жұмыс істемей-ақ тезірек байып кету" идеясына алданған жандар лудоманияға шалдығып барады. Былайша айтқанда ойынқұмарлыққа салынып, психикалары ауытқып жатыр. Әзерге кеш емес. Оларға айтарым тезірек Hamster Kombat сияқты ойындарды жауып, сілтемелерге өтпей, жылтырағанның бәріне қызыға бермеңіздер дегім келеді. Ол тұзаққа түсудің келесі әдісі. Қазір ең бірінші осы ойыннан балаларды арашалау үшін қолындағы телефондарды алып, жазда бассейінге жіберу керек. Спорт түрлеріне жаздыру керек. Курстарға көптеп жіберіп, бейімділіктерін арттыруға күш салу керек", – деп кеңес берді Лимана Құттыбекқызы .
"Тышқанды әр түрткен сайын ақша түседі" деген сөздерге ең кедей елдердің адамдары ғана сенеді. Осылай деген экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов бұл Hamster Kombat ойыны экономикамызға төнген тағы бір қауіп дейді. Себебі баитындар аферистер. Жарнама жасап елді тығырыққа тығатын блогерлер баиды. Ал кедей ел одан сайын кедейлене береді. Өйткені "жұмыс істемей-ақ ақша табамыз" деген тағы бір қауым ел бар ақшаларынан айырылады.
Бүкіл жалақы карталарының санын чаттарға, телеграмдарға жазып, салдарынан аферистердің олардың атынан несие рәсімдеп жатқанын аңғармай қалады. Ал несиеге батқан адам түрлі әрекеттерге барып, қоғамға қауіп төндіреді.
Ел пирамидаға алданып аузы күйсе де, Hamster Kombat сияқты онлайн ойындардан тағы да зардап шегейін деп тұр.
Сондықтан құқық қорғау органдары тез әрекет етіп, дер кезінде шетелден келетін ойындарды ауыздықтамаса, қаншама адам ақшасынан айырылуы мүмкін дейді экономист.