Херсон несімен стратегиялық олжа еді?

1831

Ресей армиясы бұл қаладан толық кеткенін жариялады. Ал Украина Қырымды тағы да сусыз қалдыратын, тіпті ондағы әскери позицияларға соққы беретін мүмкіндікке ие болуға жақын.

Херсон несімен стратегиялық олжа еді?

Сәрсенбі күні Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу орыс әскеріне Украинаның оңтүстігіндегі Херсон қаласынан Днепр өзенінің батыс жағалауынан кетуді бұйырды.

Соңғы мәліметке қарағанда, бұл көш бүгін толық аяқталды.

Мәскеу жөнелткен армия ақпан айында Украинаға басып кіргеннен кейін көп кешікпей, осы қала мен Херсон облысын басып алды. Бұл аймаққа бақылауды жоғалту Президент Владимир Путин үшін үлкен сәтсіздік пен шегініс.

Қысқасы, Херсон өңірі – Ресей үшін Украинадағы аса стратегиялық олжа еді. Оның бірнеше себебі бар.

ҚЫРЫМҒА ҚАҚПА

Херсон облысы Қырыммен шектеседі. Және де оның жаулануы РФ үшін 2014 жылы аннексияланған қаратеңіздік түбекке құрлықпен баратын жол ашты. Егер Украина Херсон аймағының бір бөлігін қайтарып алса, Мәскеу осы материктік дәлізден айрылады және де Украинаның ұзақ қашықтыққа арналған артиллериясы Мәскеудің мүддесі үшін аса маңызды саналатын Қырымға соққы беретін жағдайға жетеді.

Қырымды Путин өзінің жиырма жылдан астам билігіндегі басты жетістігім деп есептейді.

Сонымен қатар бұл түбекте Ресейдің Жерорта теңізі мен Таяу Шығысқа ықпал ету құралына айналған Қара теңіз флоты орналасқан.

ТҰЩЫ СУ

Украина Херсон облысын қайтарып алса, Қырымды тұщы сумен қамтамасыз етуге де қауіп төнеді.

Мәскеу Қырымды басып алғаннан кейін Киев бұл түбекке Днепрдің суын жіберетін арнаны жауып тастады. Ресей Херсон облысы мен көршілес Запорожье облысының кейбір бөліктерін оккупациялағаннан кейін, бірден сол каналды ашуға кірісті. Ресей Днепрдің суын жергілікті халыққа, түбектің қуаңшылық жайлаған жерлерін ылғалдандыруға және көптеген әскери нысандарға беріп отыр.

ЛОГИСТИКАЛЫҚ МАРШРУТТАР

Херсон облысына Украинаны екіге бөлетін кең Днепр өзені мен оның батыс жағалауында орналасқан Херсон қаласы (облыс орталығы) кіреді. Дәл осы жерде Ресей соңғы айларда әскерін мықтаған еді. Алайда, Украина қарулы күштері Мәскеуді сол әскерді қамтамасыз ету мүмкіндігінен айыру үшін өзен үстіндегі көпірлерді қиратты.

Соңғы мәліметке қарағанда, ресейліктер шығыс жағалауға қайықтармен, кемелермен қашты. Ал украиналықтар оларды оқпен шығарып салған. Мәскеу болса, бұл ақпаратты растамай, шығыс жағалауға эвакуация кезінде бірде бір техникасы мен жауынгерін жоғалтпағанын мәлімдеді.

Егер Ресей Днепрдің батысындағы бекіністерінен шынында да айрылса, Украина оңтүстіктегі оккупацияланған басқа территторияларын, соның ішінде Запорожье АЭС-і орналасқан өңірді қайтару жолында шабуылға кірісуі мүмкін.

"Оң (батыс) жағалау екі жаққа да маңызды Ресей үшін ол Запорожье бағытындағы қорғаныс тұрақтылығын қамтамасыз етуге қажет. Ал Украина бұл бағытты азат ете отырып, Ресейді Қырымға апаратын дәлізден және сол түбекке су беру мүмкіндігінен айырып, АЭС-ті қайтаруға жол ашылады", – дейді әскери сарапшы Олег Жданов "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

СИМВОЛИКАЛЫҚ МӘНІ

Херсон – ақпанның 24-дегі шабуылдан кейін ресейліктер басып алған жалғыз ғана аймақтық орталық. Сондықтан оны жоғалту – Кремль үшін үлкен символикалық соққы әрі Ресейдің Николай пен Одессаны жаулауға ұмтылысы сәтсіздікке ұшырағанын көрсетеді, дейді әскери сарапшы Александр Мусиенко.

"Херсон мен Херсон плацдармынан айрылу Кремльдің имиджіне кері әсер етіп, Ресейдің өз ішінде жағымсыз қабылданатыны анық", – дейді ол.

ҚАРА ТЕҢІЗГЕ БАҚЫЛАУ

Соғысқа дейін 1 миллионнан астам халық тұрған Херсон облысы Қара теңіз жағалауында орналасқан. Оны азат ету Киевке азық-түлікті сыртқы нарықтарға экспорттау жолында маңызды артерия саналатын теңіз жағалауына бақылауды қайта орнатуға көмектеспек.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу