IBA бокстың түбіне жетті

1315

Халықаралық Олимпиада комитеті 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін төртжылдық басты додасында бокс спорты болмайтынын мәлімдеді. 

IBA бокстың түбіне жетті Фото: Матч тв

Себебі ХОК пен IBA текетіресі әбден ушығып, әр елдің бокс федерацияларын нақты таңдау жасауға міндеттеп тұр. Осылайша, ғасыр бойы аудиториясынан айырылмаған танымал спорт түрі кейінгі жылдары әбден құлдырап кеткенін көрсетті. Енді боксшылар не істемек?

Жылдағы даудың соңы бола ма

Шындығында бұл жағдай бірінші рет емес. Мысалы, Токио Олимпиадасының да, осы жолғы Париж Олимпидасының да алдында бокс спорты жарысқа енгізілмейтіні жайлы әңгімелер болған. Алайда екі жаһандық бәсекеде боксты көрдік. Енді бұл дау 2028 жылғы Олимпиада алдында қайтадан тұтанып отыр. Әрине, қазір келесі Олимпиадада бокс өтпейді деп нақты топшылай алмаймыз. ХОК Лос-Анжелеске барғысы келетін боксшылар IBA-дан шығуы қажет екенін ескертіп отыр.

– ХОК бокстан олимпиадалық жарыстарды өткізе алмайды. Мәселені шешу үшін жақсы басқарылатын, сенуге лайықты халықаралық ұйым ғана олимпиадалық боксты ұйымдастыруы қажет. Сол себепті ұлттық федерациясы IBA-ға кіретін кез келген боксшы 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайды. Ұлттық комитет ондай ұлттық бокс федерациясын өз қатарынан шығарып жіберуі керек, – делінген комитет мәлімдемесінде.

Яғни, Қазақстан да осы бастан қимылдауы қажет. Келер жылы бұл мәселе тағы да талқыға түсіп, анық-қанығы белгілі болады. Оған дейін еліміздің бокс федерациясы қандай амалдар жасайтыны белгісіз.

Негізі IBA 2019 жылға дейін әуесқой бокстың басқарушы органы болып келді, әлем бойынша жүздеген елдің бокс федерациясы мүше. Ұйымның бастамасымен сан алуан халықаралық жарыстар, соның ішінде Олимпиада ойындары ұйымдастырылды. Осылай беделді болып тұрған ұйымның басына 2016 жылғы Рио Олимпиадасынан кейін бұлт үйірілді. Сол жолы бақандай 9 жекпе-жектің шешіміне байланысты күмән туған. Қазір де нәтижесі күмәнді жекпе-жектерді IBA-ның ықпалынан көрушілер бар. 2019 жылдан бері Олимпиададағы боксты арнайы комиссия ұйымдастырып келеді.    

Сыбайластық пен саяси астар

Риодан кейін, нақтырақ 2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-ны басқару мәселесін қарай бастады. Ақырында ұйымды 11 жыл бойы билеген Чинг-Куо Ву қызметінен кеткен. Содан соң ұйым басшылығына өзбек кәсіпкері Гафур Рахимов келіп, ХОК-пен арадағы қарым-қатынас ушыға түсті. Сөйтсек, Рахимов АҚШ-та ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы ретінде санкциялық тізімде болған. Содан Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-мен ынтымақтастық байланыстарын тоқтататынын және боксты Токио ойындарының бағдарламасынан алып тастайтынын хабарлады.

Рахимов кеткенімен де жағдай ретке келмеді. 2020 жылдың соңында ресейлік Умар Кремлев IBA-ның президенті болды. Жаңа басшы лезде реформаға кірісіп, профессор Маклареннің бастамасымен тәуелсіз тергеу жүргізіліп, нәтижесінде ресми тұлғалар мен төрешілер арасындағы жемқорлық анықталған еді. Жоғарыда айтқан Риодағы 9 жекпе-жек – соның қатырында.

Сөйтіп, ХОК боксты Токио Олимпидасының бағдарламасында қалдырды. Бірақ Халықаралық бокс қауымдастығын Токио мен Париж ойындарына қатыстырған жоқ. Тіпті, IBA әлі күнге дейін қажетті шарттарды орындамай, толық есеп-қисапты ұсынбаған. IBA болса Спорттық арбитраж сотына арыз түсіріп, өздері жеңілді. Осыдан кейін Швейцарияның жоғарғы сотына шағымданды. Бұл жерде саяси мәселелер де бар секілді көрінеді. IBA қазір басқыншы Ресейдің және Беларусь боксшыларының мүддесін қорғап отыр.

Қазақстанның бет алысы өзгере ме

Олимпиада аяқталғалы Геннадий Головкиннің елге келе салмай бірқатар кездесулерде жүргенін сырттай байқадық. Біздің болжам бойынша, бұл тектен тек емес. Біріншіден, Олимпиада ойындарында боксты сақтап қалуға, екіншіден, Қазақстанның бокс федерациясын IBA мүшелігінен шеттетуге ықпал етуге тырысып жүргендей. Бұл көзқарасын Париж Олимпиадасының алдында-ақ аңғартқан. Ұлттық олимпиадалық комитеттің президенті Головкин ұлттық бокс федерациясының IBA-дан шығуына қарсы емес, ұйым басшылығын соған көндіруге мүдделі.

– Өз тарапымыздан федерация World Boxing-ке қосылу қажеттігін айтып, көндіруге күш салудамыз. Осы шешімге бағыттай береміз. Бірақ Қазақстанның бокс федерациясы шешімді өзі қабылдайды, бұл – олардың еркін таңдауы, солардың шешімі, – деген Головкин.

Оның айтуынша, Олимпиада ойындарында бокс сақталмаса, үлкен трагедия болмақ. World Boxing ұйымы былтыр АҚШ пен Ұлыбританияның бастамасымен құрылған болатын. Бүгінде ұлттық бокс федерацияларының бір бөлігі соған ауысып кетті. Ал басқалары IBA қатарынан шығуға асықпай отыр. Ішінде Қазақстан да бар. Жалпы, IBA-дан шығу жөніндегі мәселе бірнеше жыл бұрын да көтерілгені есте. Алайда бейресми дереккөздер кейбір ықпалды күштер оған жол бермейтінін алға тартты.

Спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдың айтуынша, Қазақстан енді Халықаралық олимпиада комитетінің бастамасынан тыс қалмауға тиіс.

– Бокс қазір негізі спорт тізімінде жоқ. Алайда 2025 жылдың екінші жартысына дейін түбегейлі шешімін тапқаны жөн. Қазірдің өзінде ХОК IBA өкілдерін жолатпайтынын мәлімдеп жатыр. Демек, жаңа ұйым көріп қалуымыз мүмкін. 2020 және 2024 ойындарды Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының қауымдастығы (IAAF) өткізіп келгенін білеміз. Бірақ бұлай жалғаса беруге де болмайды. Тек бокстың Олимпиада ойындарындағы бай тарихы үшін осындай артықшылықтар берілді. Әйтпесе, IBA ХОК алдында беделі қалмаған ұйым, өзінің қаржылық ашықтығын дәлелдей алмай отыр. Жаңа ұйым құрылып қойған, тек оған ХОК келесі Олимпиада ойындарын сеніп тапсырса, әлемдегі бүкіл бокс федерациялары сонда ауысатыны сөзсіз. Осы орайда Қазақстанға да кеш қалуға болмайды. Сол ұйымға кіріп, өзімізді белді мүшесі ретінде танытуымыз арқылы келер ойындар алдындағы жұмыстарды біраз жеңілдете алар едік, – дейді ол.

Бұған дейін Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Болат Манкенов те Геннадий Головкиннің IBA құрамынан шығу жөніндегі бастамасын құптайтынын ашық жариялаған болатын. Менкеновтің ойынша, қазір аталған ұйым ғасырлық тарихына қарамастан ережелерге әртүрлі өзгертулер енгізіп, сыбайластыққа салып, бокстың тартымдылығы мен танымалдығын бұзған.

Әзірге бір ғана күміс медаль еншілеп қайтқан сәтсіз Париж Олимпиадасынан соң Қазақстанның бокс федерациясы бапкерлерді жұмысынан шеттетіп, әуреге түсіп жатыр. Бірақ IBA тақырыбына қатысты әлі үнсіз. Егер федерация боксты шын дамытқысы келсе, IBA-ны ұмытатын уақыты келгендей.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу