Шығыс Иерусалимде аптатлап толастамаған қызу қақтығыстар Израиль мен палестиналық содырлар (Газа секторындағы) арасында соңғы жылдардағы ең ауыр шайқастарға ұласып отыр, деп жазады inbusiness.kz.
Жүздеген адамның өмірін қиған зорлық-зомбылыққа израильдіктер мен палестиналықтардың иудаизм, ислам және христиан діндері үшін қасиетті саналатын Шығыс Иерусалим төңірегіндегі дау-дамайлары себепші.
Қазір екі жақ та ұзақ ұрысқа дайындалып жатқан сияқты. Аймақтағы жағдайды ушықтыра түскен негізгі факторлар келесідегідей:
Рамазандағы шерулер және Иерусалимдегі күшпен көшіру әрекеттері
Сәуір айының ортасына таман мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Бірақ соған қарамастан, Израиль Дамаск қақпасының маңындағы алаңға полицейлерін жүздеп шоғырландырып, палестиналықтардың күнде кешкісін жиналып Тарауық намазын оқуына кедергі жасады. Ашынған мұсылмандардың наразылығы Израиль қауіпсіздік күштерімен қақтығыстарға ұласып отырды.
Палестиналықтардың сөзінше, бұл кедергілер олардың жиналу бостандығын шектеді. Полицейлер болса, қақпа жанына тәртіпті қадағалау мақсатында барғандарын айтып отыр.
Бұған қоса, Израиль сотының шешіміне сүйене отырып, еврей қоныстанушылары бірнеше палестиналық отбасыны үйлерінен күшпен шығаруға және олардың жерлерін иемденуге әрекеттенді. Бұл зорлық - зомбылық исламда маңыздылығы жағынан үшінші орында тұрған және талай тайталасқа себеп болған "әл-Ақса" мешіті маңындағы аудандарға тез тарады. Соңғы күндері осы мешіт пен Көне қалада полицейлермен болған қақтығыстардан жүздеген палестиналық жараланды.
"Қызыл линия"
Газа секторын басқарып, бақылауда ұстап отырған "Хамас" исламшыл қозғалысы мен осы анклавтағы басқа да қарулы топтар Израильге Иерусалимдегі жанжалдың "қызыл линияға" жетіп қалғанын бірнеше рет ескертіп, егер Израиль полициясы "әл-Ақса" кешеніне шабуылын тоқтатпаса, еврей мемлекетіне зымыран жаудыруға уәде берді.
Израиль 1967 жылғы соғыста Шығыс Иерусалимді басып алуын өткен дүйсенбіде маршпен атап өтіп жатқанда, "Хамас" және "Ислам жиһады" әскерилендірілген топтары Иерусалимге және оның айналасындағы аудандарға зымыранмен соққы бере бастады.
"Израиль Иерусалим мен "әл-Ақсада" от тұтатып, оның жалыны Газаны да шарпыды. Сондықтан бұл үшін ол жауап беруге тиіс", - деді "Хамастың" жетекшісі Исмаил Хания.
Арада бірнеше сағат өткенде, Израильдің әскери ұшақтары Газадағы содырлардың нысандарын бомбалауға кірісіп, теңіз жағасында орналасқан әрі халық тығыз шоғырланған сектор халқының арасында құрбандар болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Содан бері ұрыс тіпті күшейіп, палестиналық содырлар Тель-Авивке мыңдаған ракета жіберсе, Израиль Газаға әуеден жүздеген соққы берді.
Израиль халқының 21 пайызын құрайтын араб азшылығы да Иерусалимнен палестиналықтардың күшпен көшірілуіне және Газадағы зорлық-зомбылыққа наразылық білдіріп, Израильдің өз ішіндегі қалаларда еврейлермен қақтығысып жатыр.
Бұл соғыс "Хамасқа" да, Нетаньяхуға да тиімді ме?
Израиль мен "Хамас" арасында 2014 жылы Газада болған соғыстан бері ең қарқынды жүріп жатқан авиациялық және зымырандық соққыларға байланысты әлемде Таяу Шығыстағы жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық туындап отыр.
Бірақ кейбір болжамдарға қарағанда, "Хамас" лидері жаңа шиеленісті Палестина президенті Махмуд Аббасты саясаттан шеттетіп, өзін Иерусалимдегі палестиналықтардың қамқоршысы ретінде көрсетуге мүмкіндік ретінде қарастырып отыр.
"Хамас" 2014 жылғы соғыстан бері шамамен 7000 зымыран, сонымен бірге, танкіге қарсы 300 және 100 зениталық зымыран жинады, деп мәлімдеді ақпанда өткен бір брифингте Израильдің әскери қолбасшысы. Оның есебінше, "Ислам жиһады" 6000 зымыран жинаған. Алайда екі қарулы қозғалыс Израильдің бұл болжамдарын не растамады, не теріске шығарған жоқ.
Кейбір израильдік комментаторлардың айтуынша, наурыздың 23-інде өткен парламенттік сайлауда басымдық байқата алмай, биліктен кетуге шақ қалған премьер-министр Биньямин Нетаньяху енді осы соғыстың арқасында әсіре оңшылдарды өз маңына топтастырып, ұлттық бірлік үкіметін құратын мүмкіндікке ие болуы мүмкін.
Өзге бір бақылаушылардың пікірінше, Нетаньяху сыбайлас жемқорлық үшін сотталмау мақсатында да Иерусалимдегі шиеленістің ушығуына және оның соғысқа ұласып кетуіне әдейі жол берсе керек.
Даудың басы – Иерусалим
Саясат та, тарих та, дін де Иерусалимді Израиль-Палестина қақтығыстарының ортасына қойып келеді.
Иерусалимдегі Көне қаланың қақ ортасында әлем еврейлері үшін ең қасиетті жер - Храмдық тау орналасқан. Бұл жерде ежелгі дәуірдегі еврей храмдары тұр. Сонымен қатар, мұнда мұсылмандар үшін екі қасиетті орын бар.Олар – Тас Күмбез бен "әл-Ақса" мешіті. Ал, христиандар бұл қаланы Исаның уағыз айтқан, өлген және қайта тірілген жері деп құрметтейді.
Тағы бір айта кететін жайт, Израиль бүкіл Иерусалимді өзінің мәңгілік және бөлінбейтін астанасы деп санаса, палестиналықтар қаланың шығыс бөлігін болашақ мемлекетінің астанасы етуді көздеп отыр. Халықаралық қауымдастық болса, Израильдің Шығыс Иерусалимді өзіне қосып алуын мойындамай келеді.
Арыс Әділбекұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !