II Елизавета патшайымның Қазақстанға көзі түзу еді

2609

Енді жаңа король заманында қазақ-британ қарым-қатынасы не болмақ?

II Елизавета патшайымның Қазақстанға көзі түзу еді

Кеше Ұлыбритания патшайымы II Елизавета дүние салды. Осыған орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия королі ІІІ Карлға анасының қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы мен жеке өз атынан ІІІ Карлдың, корольдік отбасы мен барлық британдықтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. 

Президент елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.

"Оның даналыққа, мейірімге және жігерге толы басшылығы Біріккен Корольдіктің одан да тұрақты, алуан түрлі және өркендеген қоғам құру жолында қарқынды дамуына өз септігін тигізді. Ол халықаралық қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайтуға бағытталған күш-жігерді ілгерілетуде көшбасшы болды. Оның тектілігі, қадір-қасиеті мен орасан зор жетістігі әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре түсетініне, ал мол мұрасы өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатынына сенімдімін", – деп жазылған Қазақстан Президентінің жеделхатында.

Шынында, дүниежүзі тарихындағы тұтас дәуір аяқталып отыр. Кейінгі кезде ауырған патшайым 8 қыркүйекте, кешкі елең-алаң шақта, Шотландиядағы Балморал қамалында қайтыс болды. Ұлыбританияның тағы оның ұлы Чарльз ханзадаға көшті. Ол король ретінде III Карл деген есімге ие болды. Бүгін Сент-Джеймс сарайында, Үкімет мүшелерінің қатысуымен ұлықтау салтанаты өтіп, ол ресми түрде Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия королі болып жарияланды.

Букингем сарайының хабарлауынша, II Елизавета 96 жасында өмірден өтті. Ол өзінің жұбайы көз жұмған соң 1,5 жылдай ғана өмір сүрді. Филипп ханзада 2021 жылғы 9 сәуірде о дүниелік болды. Британ басылымдары патшайымның қатты шөгіп кеткеніне назар аудартты.

Елизаветаның өлімі Британия тарихындағы ең ұзақ дәуірді аяқтады. Қазіргі британдықтардың басым көпшілігі одан басқа монархты білмейтін, оның тұсында ұрпақтардың бірнеше буыны өсіп жетілді. Патшайым британ билеушілерінің барлығынан көп (70 жылдан астам уақыт) ел басқарды және 90 жасқа жеткен тұңғыш монархқа айналды.

II Елизавета патшалықтың байырғы дәстүрлерін қалтқысыз сақтады, салтқа берік болды. Британ журналистері оның сана-сезімі де ескіше деп сынайтын. Мысалы, патшайым ата-балалары сияқты Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берді.

Екінің бірі біле бермес, Кеңес одағына дейінгі заманда Ұлыбритания қазақ елінің №1 инвесторы болған. Қарағандыдағы ең ірі кеніштер, шахталар, Қазақстандағы бірінші саяси ереуіл болған жер ретінде тарих оқулығына кірген атақты Успен-Нілді кеніші британдық инвесторлардың иелігінде болатын. Оларды "Орыс-қырғыз (қазақ) одағы" сияқты қызылдардың қозғалысы, кейін большевиктер өкіметі Қазақстаннан түре қуып шықты. ХХ ғасырдың басында британ патшалығы бұл иеліктерін қайтарып алу үшін Қазақстанға басып кіріп, коммунистермен соғысқан. Бұл оқиға Қазақстан тарихында "Азамат соғысының басталуы және Антанта елдерінің Ресейге басқыншылығы" деген атаумен белгілі. Ақыры большевиктер жеңіл, артынша Қазақстанда "қызыл террор", бірнеше дүркін қуғын-сүргін, ашаршылықтар жүрді. Тарихшылар мен сарапшылар сонда Антанта елдері жеңгенде Қазақстанның даму деңгейі мүлдем басқаша болатын еді, тіпті қазақтың саны 50 миллионнан асуы мүмкін еді деген тұжырым айтып жүр.

Қандықол Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялағанда Батыс елдері жас мемлекетімізді көзге іле қоймады. Қазақстанмен ынтымақтастыққа мән берген алғашқы еуропалық мемлекет Ұлыбритания болды. Бауырлас Түркия сыртында, АҚШ пен Британия тәуелсіз қазақ елінің еңсе тіктеуіне өлшеусіз үлес қосты. Патшалық бұл іске баса көңіл аударғаны сонша, қазақ елімен қарым-қатынастың кураторы ретінде қарапайым біреу емес, Эндрю ханзаданың өзі бекітілген. Ол Қазақстанға Ұлыбританияның сауда және инвестиция жөніндегі арнайы өкілі ретінде бірнеше рет келді.

Қазақстанға корольдік отбасының мүшелері көп рет сапарлады. Нақтыласақ, 1993 жылы ханшайым Анна, 1996 жылы британ тағының мұрагері Уэльс ханзадасы Чарльз, 2000 және 2017 жылдары Глостер герцогы, 2003, 2006, 2007 және 2010 жылдары Ұлыбританияның сауда және инвестициялар жөніндегі арнайы өкілі болған ханзада Эндрю, 2009 жылы Кент ханзадасы Майкл сапармен келді.

Н.Назарбаев Ұлыбританияға 9 рет барды (1991, 1992, 1994, 1997, 2000, 2006, 2012, 2013 және 2015 жылдары).

Алда Тоқаевтың сапары күтілуде.

2006 жылдың қарашасында Ұлыбританияға екінші рет сапар жасаған Қазақстан Президентін ІІ Елизавета патшайымның өзі қабылдады. Бұл оқиға батыс сарапшыларының таңданысын туғызды.

"Еуропа Қазақстанмен стратегиялық әріптес ретінде жаңа сапалық қатынастарды бастайды. Ұлыбритания Қазақстанның алдыңғы қатардағы серіктесі болғанын қалаймыз", – деді британ Премьері Тони Блэр.

Осылайша, екі елдің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді.

2015 жылғы 4 қарашада Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия патшайымы II Елизавета Букингем сарайында Қазақстанның сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты оның қызы Дариға Назарбаевамен бірге екінші рет қабылдады. Н.Назарбаев кездесу барысында патшайымға Біріккен корольдікке сапарының қорытындыларын баяндай келе, екі жақтың арасында көптеген келісімдердің жасалғанын ризашылықпен атап өтті. Қазақстан Президенті еліміздің сыртқы саясатында британдық вектордың маңызы жоғары деп мәлімдеді.

"ІІ Елизавета патшайым өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондонға ресми сапарының қорытындыларына жоғары баға беріп, оның нәтижелері екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Біріккен корольдік халықтарының өркендеуіне қызмет ететініне сенім білдірді", – деп мәлім етті Ақорда.

Патшайымның төл аудиенциясымен азиялық автократқа құрмет көрсеткенін батыстық басылымдар жақтырмады, қатты сынға алды.

"Ұлы мәртебелі Елизавета Назарбаевты өз сарайына былтырғы қарашада шақырды. Қазақстан Президенті патшайыммен және Филипп, Эндрю ханзадалармен бірге түскі ас ішті. Назарбаев Қазақстанды 27 жылдан бері басқарып келеді. Өткен жылғы сәуірде 97,7% дауыспен қайта сайланды. Бұл лидер Қазақстанда авторитарлық режим құрды. Ол өзгеше ойлайтындарды қудалап, сөз бостандығын басып-жаншуда. Сарапшылар ол бұзған адам құқықтарының ұзын тізімін келтіріп, айыптайды", – деп жазды Independent газеті. Шетелдік журналистер соның алдында ғана Жаңаөзен оқиғасы болғанын еске салды.

Сондай-ақ батыстық ақпарат құралдары Елизавета патшайымның Сирия президенті Башар әл-Ассадты, Конго президенті Мобуту Сесе Секоны, Зимбабве президенті Роберто Мугабені, Кувейт шейхы Насер әл-Сабахты, Уганда президенті Йогеви Мусевениді, Бруней сұлтаны Хассанал Болкианы қабылдағанын бетке басып, бұларды диктатор және авторитарлық билеушілер деп атаған.  

Бір қарағанда, патшайымның өзі де, кеңесшілері де оның аудиенциясына кіруге кімнің лайықты екенін айқындай алмайтындай әсер қалыптасады. Шынында, королдік биографы Роберт Джобсонның айтуынша, патшайым Ұлыбритания "үшінші әлем" деп бөле-жармай, өзектен теппей, азиялық, африкалық дамушы елдерді қолдап, оларға жоғарыға тартылуға мүмкіндік беру қажет деп есептеген.

Жалпы Қазақстанның дамуында Ұлыбритания үлкен рөл атқарды. Мысалы, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр мен оның Tony Blair Associates (TBA) консалтингтік фирмасы сол кезде ел басшылығының кеңесшісі болды, реформаларды жүзеге асыруға үлес қосты. Т.Блэрдің қандай кеңес бергені және ол ұсынымдардың қаншалықты орындалғаны құпия. Мысалы, оның компаниясы 2014 жылы мемлекеттен Маңғыстау облысына инвестиция тартуды ынталандыру бойынша майшелпек контрактіге қол жеткізгені айтылып қалды. Алайда 2022 жылы қаңтар оқиғалары Маңғыстау облысынан басталғанын ескерсек, оның жарытымды жетістікке жетпегені аңғарылады.

Британдық басылымдар Ұлыбритания өкілдері Н.Назарбаевқа биліктен ертерек кетуге кеңес берген деп жазды. Оның рас-өтірігі белгісіз. Бірақ 2016 жылғы 2 сәуірде Дариға Назарбаева ұйымдастырған Еуразиялық медиафорумға қатысып, сөз сөйлеген Ұлыбритания бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро билікте көп отыруға болмайтынын нықтады.

"Джек Стро лидер билікті ұзақ ұстаса, "жарамдылық мерзімі" түгесіліп, үзеңгілестерін де, электоратты да өзіне қарсы қойып алатынын ескертті. "Мұндай жағдайда сайлаушылардың болашаққа қатысты көптеген арманы орындалмайды" деді Стро", – деп жазды Euronews.

Жалпы Жаңа Қазақстан да бұл патшалықпен ынтымақтастығын арттыра бермек. Қазақстан мен Ұлыбритания алда стратегиялық серіктестік туралы жаңа келісім бекітетін болады. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің хабарлауынша, жаңа құжатты пысықтау аяқталды.

Қазақстан мен Ұлыбританияның қорғаныс министрліктері де қорғану саласында ынтымақтасуға уағдаласты. Биылғы 27 сәуірде екі елдің Қорғаныс министрліктері 2022-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды. Оның аясында британдық білікті сардарлар қазақстандық жауынгерлерді ұрысқа дайындайды деп күтілуді. Себебі, жоспарда әскери білім беру, ұрысқа даярлық, қазақстандық мамандарды киберқауіпсіздік саласында оқыту көзделген.

Қос мемлекеттің сауда-саттығы да жыл санап артуда. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан мен корольдік арасындағы екі жақты тауар айналымы 2021 жылы 1,2 миллиард долларды құрады. 2020 жылы 1,04 млрд доллар болған. Бұл ретте былтыр Қазақстаннан Ұлыбританияға экспорт 24,3%-ға, 855,1 млн долларға өсті (2020 жылы 668 млн). 2021 жылы Ұлыбританиядан Қазақстанға импорт 13,9%-ға төмендеп, 308,1 млн долларды құрады (2020 жылы 358 млн).

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауарайналым биылғы 2022 жылдың қаңтар-маусым айларында 961,6 млн долларды құрады. Сөйтіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен (627 млн) салыстырғанда бірден 34%-ға ұлғайды. 2022 жылғы қаңтар-маусымда экспортымыз 43,1%-ға күрт артып, 843 млн доллар болды (2021 жылдың қаңтар-маусымында 478,9 млн). Биылғы қаңтар-маусымда импорт 19%-ға төмендеп, 118,6 млн долларды құрады (2021 жылдың қаңтар-маусымында 148,1 млн).

Қазақстан патшалыққа негізінен, шикі мұнай, күміс, мыс және мыс катодтарын, хром оксидтері мен гидроксидтерін, ферроқорытпаларды, мұнай өнімдерін, аралас минералды тыңайтқыштарды, бидай және тас көмірді экспорттайды. Ал Ұлыбританиядан дәрілік заттар, күшті спирттік ішімдіктер, қағаз, картон, акрил полимерлері, құбырларға арналған арматура, зергерлік бұйымдар, қара металдардан жасалған өзге де бұйымдар, жол және құрылыс техникасы тасылады.

Ұлыбритания сауда айналымының көлемі бойынша Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Корольдік сондай-ақ Қазақстанның 6 ірі инвесторларының қатарында.

2005 жылдан 2022 жылдың 1-тоқсанға дейінгі кезеңде Қазақстанға Ұлыбританиядан тікелей инвестиция ағыны 16,1 млрд доллардан асты. Қазақстандық олигархтар мен биліктегі тұлғалар Лондондағы жылжымайтын мүлікке қаржы салатыны жасырын емес. 2005 жылдан 2022 жылдың 1-тоқсанға дейінгі кезеңде Қазақстаннан Ұлыбританияға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 6 млрд долларға жетті.

Қазақстанда 608-ден астам британдық компания, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген. Ең ірілері – Royal Dutch Shell, Ernst&Young.

Сонымен ағылшын патшалығында билік тұтас ауысты. Бүгін жаңа король ІІІ Карл таққа отырса, осыдан 3 күн бұрын Ұлыбритания Үкіметінің жаңа басшысы – Премьер болып, Лиз Трасс тағайындалды. Бірақ қазақтармен өткен ғасырлардан бері бірге болуға тырысқан Ұлыбритания патшалығы әрі қарай Қазақстанмен ынтымақтастығын тек арттыра береді деген сенім бар. Мысалы, Жаңа Қазақстан бұл елге қазақстандық олигархтар жасырын әкеткен активтерді кері қайтаруға күш салуға ниетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу