"Түрмелер толып қалды ма?"
Республиканың көптеген өңірін қамтыған тәртіпсіздіктер және радикалды топтардың шабуылдары қоғамға, мемлекетке, бизнеске көп залал, нұқсан келтірді. Ішкі істер министрлігінің жедел штабының мәліметінше, полицейлер Ұлттық ұлан және арнайы мақсаттағы жасақтармен тізе қосып, террорлық шабуылдарға, тонау-мародерлыққа және өзге де топпен жасалған қылмыстарға қатысушыларды жаппай ұстау шараларын жалғастырып жатыр. Ұсталғандардың саны 10 мыңнан асқан.
Осыған орай бірқатар қазақстандық "түрме толып қалған шығар" деп тұспалдауда. Бірақ "қасіретті қаңтар" оқиғаларына қатысып, қолдары кісенделгендер әзірге ішкі істер органдарының әртүрлі қалалар мен өңірлердегі изоляторларына, уақытша ұстау үй-жайларына тасымалданып жатқан көрінеді. Олардың үстінен сот болады. Тек сот қана айыпты деп танып, бас бостандығынан айырып, түрмеге аттандыра алады.
Кейбір дерек бойынша он мыңдай ұсталғанның бір бөлігі босап та шыққан. Тағы бір үлкен бөлігі ай соңына дейін еркіндікке шығуы мүмкін, себебі он-он бес тәулікке қамалыпты.
Бүгіннен бастап, СИЗО-да отырғандарға табысталатын сәлемдеме-саухаттарды қабылдай бастапты. Сондай-ақ алдын ала жазылу бойынша оларға адвокаттарын жібере бастаған екен.
Қалай болғанда, әзірше түрмелер контингенті күрт көбеймеген. Ол кейін болуы ықтимал.
Құзырлы органдар жекелеген өңірде бүлікшілердің абақтыда отырған қылмыскерлерді босатып алуға қарекет жасағаны туралы хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәлімдеуінше, ҚАЖ мекемелерінде "ерекше жағдайлар режимі" енгізілді.
Бұл режим Президенті жариялаған төтенше жағдай аяқталғанша, 2022 жылғы 19 қаңтар күнгі 00 сағат 00 минутқа дейін қолданылады. Жазасын өтеушілер қашып кетіп, толқуларға қатыспауы үшін колониялардан тыс жерлердегі кәсіпорындарда жұмыс істеп келген сотталғандар кері қайтарып алынған. Уақытша жұмыссыз отырады.
ҚАЖ комитеті аталған режим күшінде болатын күндері түзеу мекемелерінің ішкі тәртіптемесі уақытша өзгертілетінін жеткізді.
"Елімізде орын алған жағдайды ескере отырып, Қылмыстық-атқару кодексінің 105-113-баптарында көзделгендей, сотталғандардың құқықтарын уақытша шектеу шаралары қабылданды. Бұл ретте сотталғандарға сәлемдемелер мен саухаттар заңнамада белгіленген тәртіппен қабылданады. Сондай-ақ қауіпсіздігі барынша төмен мекемелердегі сотталғандар жұмысқа орналасқан ұйымдардан шақыртылып, мекеме аумағына қайтарылды және сонда болады", – деп түсініктеме берді комитет.
Ведомство жазасын өтеушілердің туған-туыстарын және былайғы жұртты шектеу шараларына түсіністікпен қарауды, сабырлық сақтауды сұрайды. Түрмелерге қатысты әлеуметтік желі немесе мессенджерлер арқылы тарауы мүмкін фейктерге сенбеу керектігін, тек ресми түсініктемелерге сүйенуді және жалған ақпарат таратпауды ескертеді.
Мекемелерде ерекше жағдайлар режимі енгізілуі себепті бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатындар тустарымен кездесе алмауы мүмкін. Ондай жағдайда, пайдаланылмаған күндер сақталып, неғұрлым кеш мерзімде кездесуге мүмкіндік берілетіні нақтыланды.
Өмір бойы сотталғандар және рецидивистер өзге түрмеге көшірілуі мүмкін
Осы орайда Ішкі істер министрлігі "Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласында адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңының жобасын талқылауға шығарды. Құжатта алғаш сотталған адамдарды темір торға бірнеше рет оралған кәнігі қылмыскерлерден бөлек ұстау және Қостанай облысында, Жітіқара қаласының жанында орналасқан "Қара Бүркіт" секілді ҚАЖ-дың төтенше қауіпсіз мекемелерін жабу ұсынылған.
"Бұл түзетулер бірінші рет бас бостандығынан айырылғандарды жасаған қылмысының түріне және ауырлығына қарамастан, бұған дейін нақты жазасын өтегендерден бөлек ұстауға бағытталған. Осыған байланысты төтенше қауіпсіз мекемелерді жою ұсынылып отыр", – деп түсініктеме берді ІІМ.
Айта кету керек, бұған дейінгі жылдары Қазақстанда жыл сайын 1-ден 4-ке дейін түрме жабылумен болды. Қазіргі кезде, ресми мәліметке сәйкес, республикада ҚАЖ-дың 66 мекемесі жұмыс істейді.
Оның ішінде 18-і – "қауіпсіздігі барынша жоғары" (максималды) мекемелер болып табылады, оларда баскесерлер, кісі өлтірушілер, адам зорлаушылар, рецидивистер және басқасы отырады.
Ал өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар, өлім жазасына кесілгендер және аса қауіпті рецидивистер отыратын "төтенше қауіпсіз" мекемелер саны – 5-еу.
ІІМ ақпараты бойынша осы төтенше қауіпсіз мекемелерді жою 3 100 сотталушыға "тұрғылықты жеріне жақын түрмеге ауысуға және әлеуметтік пайдалы байланыстарын сақтау құқығын жүзеге асыруға", қарапайым тілмен айтқанда ағайындарымен, жақын-жуықтарымен араласуға мүмкіндік бермек.
Бұл – Қазақстанда темір торда отырған сотталушылардың тура 10%-ы.
"Халықаралық түрме реформасы" (PRI) сарапшыларының бағалауынша, Қазақстанда бас бостандығынан айыру – кеңес кезіндегідей, қылмыстық жазалаудың негізгі түрі болып қалуда. Бұл туралы Құқықтық саясат тұжырымдамасында да айтылған.
"Республикада бас бостандығынан айырудың жазалау компоненті басым, енді оның тәрбиелеу, түзеу компонентін арттыру шараларын қабылдау қажет. Атап айтқанда, жазаны орындауды индивидуализациялау қағидаты негізінде сотталғандарға түзеу-тәрбиелеу мақсатында ықпал етудің формаларын, әдістерін, контентін дамыту керек. Бұл ретте сотталғандарды түзеудің негізгі құралдарына – жазаны өтеу режимі; тәрбиелік ықпал ету; қоғамға пайдалы еңбек; бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуы; қоғамдық ықпал ету және "жағымды әлеуметтік байланыстарды сақтап тұру" жатады", – деп түсіндірді ІІМ.
Жаңа заң қабылданған жағдайда 14 шекарашыны және бір қорықшыны өлтіргені үшін сотталған Владислав Челах, 2016 жылғы 18 шілдеде Алматыда полицейлерге және ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірген Руслан Күлекбаев және басқа да өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар толық қауіпсіз мекемелерге көшірілуі мүмкін.
Жанат Ардақ