ІІМ-нің бір хаты ірі шенеунікті тағынан ұшыра алады

5743

Еңбек кодексіне ерекше өзгеріс енгелі жатыр. 

ІІМ-нің бір хаты ірі шенеунікті тағынан ұшыра алады Фото: sputniknews.kz

Келесі жылы қазақстандық шенеуніктер қатарын Ресей және шетел азаматтарынан тазарту науқаны басталуы мүмкін. Бұған жоғары деңгейде ерік-жігер бар. "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" деп аталған биылғы жолдауында Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін және жаңа шектеулерді енгізуді жүктегені мәлім.

Оған сәйкес, 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуына, сондай-ақ банк ұяшықтарында қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатаң тыйым салынады. Себебі өзге елдердің барлау органдары соны тәркілейміз деп қоқан-лоққы жасап, Қазақстанның биік лауазымды билік өкіліне дегенін істетуі ғажап емес. 

Бұған қоса, Мемлекет басшысы бұдан былай шендінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылатынын мәлімдеді.

Рас, бұл тапсырманың қалай жүзеге асырылатыны белгісіз болған. Тек енді ғана оның тетігіне қатысты мәлімет белгілі болып отыр.

Атап айтқанда, осы мақсатта жыл соңына дейін қолданыстағы Еңбек кодексіне өзгерістер енгізіледі. Тиісті заң жобасы да дайын. Оның көптеген жаңалығы бар.

Біріншіден, ол қабылданғаннан кейін, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың енді мемлекеттік кәсіпорындарға, сондай-ақ құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ЖШС, АҚ-ыларға, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, сондай-ақ олармен үлестес, еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғаларға жұмысқа орналасуына жол берілмейді.

Бұған дейін ондай талап болмаған. Соттар өз үкімінде қолын коррупциямен былғаған адамның мемлекеттік қызметке тұруына болмайтын мерзімді ғана нақты белгілейтін. Содан кейін жемқордың билікке қайта оралуына рұқсат етіледі немесе ұлттық компаниялардың ЖШС, АҚ мәртебесіндегі қаптаған құрылымдарының бірінен орын таба алатын.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысының екі ауданында – Жәнібек және Ақжайық аудандарының білім беру бөлімдерінде басшылық лауазымдарда бұрын сыбайлас жемқорлықпен ұсталған адамдар жұмыс істеп келгені әшкереленген. Олар жұмысынан аласттатылды, ал білім беру бөлімдеріне 408 мың теңге айыппұл салынған. Мұндай деректер өзге өңірлерде де кездеседі.

Екіншіден, қазіргі Еңбек кодексінің "Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері" деп аталатын 52-бабы жаңа тармақшамен толықтырылмақ. Ол бойынша ұлттық компанияларда, холдингтерде, министрліктерге қарасты кәсіпорындарда адамды жұмыстан қуудың бұрын-соңды болмаған қос бірдей жаңа негізі пайда болады.

"Жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыскермен еңбек шарты мынадай жағдайларда бұзылуға жатады: 1) квазимемлекеттік сектор субъектісі басшысының шет мемлекеттің азаматтығын алуы; 2) Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы", – делінген заң жобасында.

Бұл ретте ішкі істер органдарынан келген хат биік лауазымды тұлғаны жоғары жалақылы лауазымынан айыра алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, егер Ішкі істер министрлігі квазимемлекеттік сектор компаниясының басшысы өзге мемлекеттің азаматтығын алғанын немесе бұрыннан қосарлама азаматтыққа ие екенін анықтаса, одан жоғары тұрған басшыға онымен еңбек шартын бұзу керектігі туралы ұсыныс жолдайтын болады. Мұндай хат түссе, қарсы тарап жауапкершіліктен жалтара алмайды. 

Қазіргі кезде қандай шенеуніктің не квазисектор басшысының қос азаматтығы бары беймәлім. Мысалы, кезінде Ұлттық банк төрағасы болып тұрған тұста Григорий Марченконың орынбасары Константин Колпаковтың Ресей азаматтығын алғаны кейін мәлім болды. Ол қазақстандық қаржылық реттеушідегі ірі қызметінен кете сала, солтүстік көршіге тайып тұрды және сонда бірден жетекші ресейлік банк – "Петрокоммерцтің" вице-президенті болып орналасты. Кейін Марченконың өзі Швейцарияға аттанғаны белгілі.

Бір жарым жылдай бұрын Ішкі істер министрлігі Қазақстанда қос азаматтығын жасырып жүрген 15,2 мың адамның әшкереленгенін хабарлады. Олардың барлығы Ресей азаматы болып шыққан. Олар Қазақстанның көгілдір паспортын тапсырмай, қазақстандықтарға тиесілі игіліктерді пайдаланып келген. Мысалы, елімізде зейнетақы, әлеуметтік төлемдер алды.

Қос азаматтығы барларды анықтауға шекара қызметі, көші-қон қызметі және әлеуметтік мекемелер жұмылдырылуда.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу